Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамада халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің алғышарттары белгіленген. Бұл орайда жүктің көбі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүктеліп отыр. Басқарма басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асыруға мемлекеттік және жергілікті бюджеттен 10,5 млрд. теңге бөлінген.
«Қаржы қалай игерілуде? Жұмыспен қамтуды үйлестіру барысында қандай шаралар атқарылуда?» деген сауалдардың төңірегінде зерттеу мақала дайындау үшін құзырлы органдардың мәліметімен таныстық. Сонда жұмыспен қамту бағытында аса өзекті бірқатар мәселе туындайтыны байқалды. Атап айтқанда, ең алдымен екі қолға бір күрек табу үшін мамандық керек. Соған сай мамандыққа бейімдеу үшін алдымен жұмыс орындарына қандай мамандар қажет екендігі анықталып, сұранысқа ие мамандық иелері даярлаудан өтеді. Осы мақсатпен кәсіпорындар мен мекемелердің сұранысы бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы оқу мерзімі 1 айдан 6 айға дейінгі аралықта орта жастағы 800 адамды оқытқан.
Одан бөлек, халықты әлеуметтік қорғауға кәсіпкерлік саласы елеулі үлес қосуда. Онда да шағын және орта кәсіпкерлікті бастап, өз ісін жүргізгісі келетін жандардың жеке бизнеспен шұғылдануына басқарма қолдау көрсетуде. Сол мақсатқа «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1845 адамды оқуға жіберу үшін 204 грант және жастарға арналған 260 микронесие беру жоспарланып, жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, кейбір жұмыс орындары субсидия арқылы ашылады. Яғни қолдауды қажет ететін адамдар арнайы бөлінген субсидия арқылы жұмыспен қамтылады. Осыған орай облыстық басқарма субсидия арқылы еңбекақы төленетін жұмыс орындарына 8172 адамды алуды жоспарлауда. Олардың ішінде «Жастар тәжірибесі» жобасына 998 түлек, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 557 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 30 адам, «Күміс жас» жобасына 905 адам, «Қоғамдық жұмыстар» жобасына 5180 адам, «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасына 492 адам алынуы тиіс. Сонымен қатар, www.enbek.kz порталы арқылы 2005 адамды онлайн-оқыту жоспарланған. Осындай шаралардың нәтижесінде биылғы 1 шілдеге дейін 14 448 адам жұмыспен қамтылған. Енді олар жұмыс іздеп сергелдеңге түспей, кәсібінен нәсіп тауып, тұрақты еңбекақы алып отырады. Одан бөлек, «Жастар тәжірибесі» жобасымен 275, «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасымен 480, «Қоғамдық жұмыстар» жобасымен 5286, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 264, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен 11, «Күміс жас» жобасымен 831, қысқамерзімді кәсіптік оқытумен 633, www.enbek.kz порталында онлайн-оқуға 1581, «Бастау Бизнес» жобасымен оқуға 897 адам жолданып, 101 адам грант иеленген. Мақала жазу барысында белсенді жұмыспен қамту шараларына бөлінген қаражаттың 3,2 млрд. теңгесі игерілгендігін білдік.
Басқарма басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, 1 шілдеге дейін облыстағы 43,1 мыңнан астам аз қамтылған азамат 2,1 млрд. теңге көлемінде түрлі әлеуметтік көмек алған. Оның ішінде 271 отбасының баспана алуына 16,8 млн. теңге жұмсалған. Үйде тәрбиеленетін және оқитын 614 мүгедек балаға 28,6 млн. теңге әлеуметтік көмек төленсе, Ауғанстандағы соғыс қимылдарына, Чернобыль атом электр стансысындағы апаттың салдарын жоюға қатысушыларға 370,5 млн. теңге қаржылай біржолғы көмек берілген.
Жетісу облысында 19101 мүгедек тіркелген. Оның ішінде I топтағы 1711, II топтағы 7154, III топтағы 6983 адам болса, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар 3253. Облыста жұмыс істейтін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 13 орталықты ұстауға биыл 6 579,062 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде стационарлық жағдайда қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі 350 орындық 1 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қызмет көрсетуде. «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы Текелі қаласында орналасқан. Сондай-ақ, стационарлық жағдайда 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедектерге қызмет көрсететін «Мейірім» Жаркент арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Қоғалы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Нұр» Сарқан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Шуақ» Алакөл арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Одан бөлек, стационарлық жағдайда 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балаларға емдеу шараларын жүргізетін «Қамқор» Талдықорған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы биыл екінші жартыжылдықтан бастап 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар 40 адамға қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болды. Мұның сыртында мүгедектігі бар балаларға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 24 бөлімше жұмыс істейтінін де айта кеткеніміз жөн. Олардың көпшілігі үкіметтік емес ұйымдар қатарына кіреді. Жыл басынан 85 адам стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен Аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарына сәйкес биыл Талдықорған қаласында аға буын үшін 270 орынды «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – қарт азаматтардың әлеуетін барынша толық және тиімді іске асыру, салауатты қартаю, қариялардың өмір сүру сапасын арттыру және белсенді ұзақ өмір сүруі үшін жағдай жасау екендігі белгілі.
Жетісу облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының міндетіне қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қызметі жататынын айта кеткім келеді. Бұл бағыт бойынша мемлекеттік қызмет «Құтты мекен» мобильдік қосымшасы немесе Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемесі арқылы беріледі. Мамандардың айтуынша, биыл 30 маусымға дейін 997 этникалық қазаққа (459 отбасы) «қандас» мәртебесі берілген немесе ұзартылған.
Мақалада көтерілген тақырыптар тұрғындардың тұрмыс тіршілігін жақсарту, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында ойластырылған шараларды толық қамти алмасы белгілі. Осыған орай зерттеу жұмыстары алдағы уақытта да жүргізіле бермекші.
Гүлжан ТҰРСЫН