Жамбыл ауданы, оның соңғы жылдары аталып өткен мерейтойлары дегенде менің ойыма осынау қасиетті өңірдің өткен тарихы, оны құруға атсалысқан азаматтар жайлы естеліктер оралады. Ондай азаматтардың қатарында менің әкем Тұрысжан Ақшалұлының да болғанын еске алғанда бойымды мақтаныш сезімі кернейді.
Әкем Тұрысжан Ақшалов сол кездегі Қастек, қазіргі Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылында 1897 жылы дүниеге келіпті. Жас кезінде әкесімен бірге байларда жалшылықта болғанымен өсе келе етінің тірілігінің арқасында ел қатарына қосылады. 4-6 жасында молдадан сабақ алып, кеңестік кезеңде екі айлық курсты латын әліпбиімен оқып бітіріпті. Орысша өз бетімен үйренген.
Жігерлі жас 1917-1920 жылдары батрак комсомол одағына қабылданып, Кеңес өкіметінің ісіне кеңінен араласады. Басшылар оның сауаттылығы мен өткірлігін байқап, айтарлықтай тәжірибесі болмаса да байларды кәмпескелеу комиссиясының құрамына қосады. Сол жылдары атқарған жұмысының нәтижесінде белсенді жасқа бір жылқы сыйлыққа беріледі.
Ол кездері партияға мүшелікке өту үлкен абырой саналған. Әкем де сол кезде партия қатарына өтіп, аудандық деңгейіндегі қызметке тағайындалады. Сол кезден бастап ауданда, облыста әртүрлі лауазымды қызметтер атқарыпты.
Арада көп уақыт өтпей облыстық атқару комитетінің төрағасы Ораз Жандосов Тұрысжанды көршілес Қордай аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындайды. Алдыңғы тәжірибесі ескеріліп байларды кәмпескелеу комиссиясының төрағасы болып бекітіледі. Бұл жұмысты қарқынды атқарып жатқан кезінде байлар бірігіп жала жауып, аудандық халық сотына арыз беріп, қызметінен босатқызады. Партияны тазалау кезінде ісі сотта деп партия қатарынан да шығартады.
Тағдырдың мұндай талқысына жасымаған жас жігіт ауылына келіп, 1920 жылдан бері бірігіп, тіршілік етіп жатқан «Болай» артелінің жұмысын жалғастырып, оны үлкен артельге айналдырады. Кейін бұл кеңшарға туыстардан басқа да жұрт кіре бастағанда аты «Октябрь» болып өзгереді.
Еңбек ете жүріп өзін ақтау туралы республика Жоғарғы Сотына арыз жазып, 1931 жылы ақпан айының 26 жұлдызында толық ақталады. Келесі жылы әкем Алматы облысындағы Шу аудандық су-жер бөлімінің басшысы қызметіне, одан кейін сол кездегі «Ақтөбе», кейін «Балуан Шолақ» аталған шаруашылық төрағасы қызметіне тағайындайды. Тараудың алдында тұрған кеңшарды екі жылдан астам уақыттың ішінде алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналдырып, Мәскеудегі көрмеге оншақты адамды жібереді. Осы орайдағы табыстары ескеріліп Шу аудандық атқару комитетінің төрағалығына, содан кейінгі жерде көрсеткіштері төмендеп бара жатқан Сарқан ауданына осындай қызметке тағайындалады.
Жалындап өсіп келе жатқан жігерлі жас Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы партия мектебінде оқып жүрген кезінде, 1937 жылдың 15 қыркүйегінде лекция үстінде тұтқынға алынып, ату жазасына кесіледі. Әділетсіз үкім келесі жылғы наурыз айының 3 жұлдызында орындалған.
Отағасынан айырылып, үйсіз-күйсіз қалған отбасы жасырын түрде Қарақыстаққа көшіп келдік. Әкем салған үш бөлмелі ағаш үй кәмпескеленіп кеткен екен, алуға шамамыз келмегендіктен алғашында көрінгеннің босағасында күн кештік. Ес жиған соң Ақшал атам Дошан шешем екеуі «Октябрь» кеңшарына мүше болып кіріп, қазіргі Тұрысжан Ақшал көшесінен екі бөлмелі тоқал там салды. Сол тамда 1958 жылға дейін тұрдық. Сол жылы әкем ақталды.
– Әкең батрактар қатарында жұмыс істеп, 1917 жылы ауылдарды жайлаған ашаршылықта қазан ұйымдастырып, базардан, байлардан азық жинап, аш-жалаңаш жүрген адамдарды ажалдан алып қалуға үлкен күш жұмсады. Келесі жылы артель ұйымдастырып, орыстардан көріп кірпіш күйдіріп үй салғызды. Зор денелі, ұзын бойлы азамат еді. Мұрты өзіне жарасып тұратын, шашын тақырлап алып тастайтын. Ол кезде жиында айтарыңды біреу қазіргідей жазып бермейді ғой, сөйлегенде сөздің майын тамызатын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің дәл өзі еді, – деп әкемнің көзін көрген Мұстапа атамыз еске алатын еді.
«Халық жауының» отбасы ретінде сол кезге дейін көрмеген зорлық-зомбылығымыз қалмады десем артық айтқандық бола қоймайды. Анам егіліп жылап жүріп аш-жалаңаш бізге қарамай өкімет салығын төлейтін. Мұндай салықтың жылына 360 литр сүт пен 90 жұмыртқаны, 40 келі ет пен 70 келі картопты, 3 келі қой жүнін, 70 сом ақшаны құрайтыны есімде қалыпты. Бізді «халық жауының отбасы» деп бір қорласа, екінші жағынан жаңағыдай салық салып тағы қыспаққа алатын. Дошан анамның ертеден кешке дейін кеңшарда істеген жұмысының, түнгі мезгілде жасаған қолөнері шеберлігінің арқасында ғана барлық қиындыққа төтеп беріп, қарындасым екеуміз мектеп, жоғары оқу орынын бітіріп, мамандыққа ие болдық.
Уақыт зымырап өтіп жатты. «Халық жауының баласы» деген ат болғандықтан бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүріп институтты жатақханада жатып оқыдым. Анам Дашанның еңбекқорлығының арқасында диплом алуға қол жетті. Апта аяғында үйге барған сайын анамның нан илеп кептіріп берген бір дорба, шамамен 5 келідей, кеспесін арқалап қайтамын. Ол кеспе аш та қылмайтын, тоқ та қылмайтын. Әйтеуір аштыққа апармайтын. Шіркіннің дәмі әлі таңдайдан кетпейді.
Осылайша оқи жүріп институтты бітіріп инженер-механик мамандығын меңгердім. Бұдан кейінгі жерде Ұзынағаштағы Жамбыл атындағы №23 кәсіптік-техникалық училищесінде еңбек жолымды бастап, кейін сол аудандағы «Новая жизнь» (қазіргі Аққайнар) кеңшарында бас инженер қызметіне тағайындалдым. Әр жылдары облыстық комсомол комитетінде, аудандық партия комитетінде нұсқаушылық қызмет атқардым. Республикалық жоғары партия мектебін 1965 жылы бітірген соң облыстық ауылшаруашылығы басқармасында бас инженер, бастықтың орынбасары, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Талғар аудандық партия комитетінің екінші хатшысы лауазымдарында жұмыс істедім. Жаңадан ашылған Күрті ауданын, 1976 жылдан бастап 8 жыл бойы Жамбыл аудандық партия комитетін басқардым. Осы жылдары облыстық «Жетісу» газеті мақалаларымды жиі баса бастады. Олардың барлығы да архивімде сақтаулы.
Бұл жерде айтайын деп отырғаным, қазіргі кезде Жамбыл ауданының құрылған кезі 1928 жыл деп жаңсақ айтылып жүр. Оған дәлел «Жетісу» газетінің 1977 жылғы 10 наурыздағы №49 (7740) бейсенбі күнгі саны. Басылым дәл осы санында «Октябрь эстафетасы – 60» тақырыбымен Жамбыл ауданына тұтас бір нөмірін арнаған болатын. Онда Жамбыл ауданы 1922 жылы құрылған деп анық жазылған.
Аталған дерекке сүйенсек, келесі 2022 жылы Жамбыл ауданының 100 жылдық мерейтойы аталынуы тиіс. Облысымыздың, Жамбыл ауданының қазіргі басшылығы алдағы уақытта осы дерекке баса назар аударса деймін.
Бекболат Тұрысжанов,
Алматы облысы мен
Жамбыл ауданының
Құрметті азаматы




