Тіл сарайында өткен «дөңгелек үстелде» адам құқықтарының негізгі қағидаттары түсіндіріліп, Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында көтерілген мәселелер талқыланды.
Жиында ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Қанат Қарымсақов, облыстық Азаматтық альянстың президенті, облыстық ата-аналар комитетінің төр- айымы Дания Қыдырбаева, тағы басқалары сөз сөйлеп, аталған тақырып аясында ой өрбітті. Қанат Қарымсақов алдымен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев «Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық пен оның өкілдіктерінің негізгі құқықтарды түсіндіру бойынша» ақпараттық сүйемелдеу жоспарын бекіткенін атап өтті. Осыған байланысты белсенді азаматтық қоғам және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен адам және азаматтың негізгі құқықтарын таныстыру бойынша «дөңгелек үстел» өткізілмек.
– Қазақстан Республикасының адам құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаты БҰҰ Жарғысында, адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында, азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық пактілерде, өзге де халықаралық шарттарда белгіленген жалпыға бірдей танылған халықаралық қағидаттарға негізделеді, – деп атап өтті спикер.
Содан кейін өкілдіктің бас маманы Шыңғыс Төкен «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы және Қазақстандағы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары жүйесі туралы» кеңінен баяндады. Бұдан соң адам құқықтарының негізгі қағидаттары жан-жақты түсіндірілді. Бастапқыда азаматтықтан өз еркімен айырудан қорғау құқығы туралы сөз қозғалды. ҚР Конституциясының 10-бабының 2-тармағында: «Республиканың азаматын азаматтығынан, өз азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерлерге шығаруға болмайды» деп жазылған. Бұл құқықты Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының 15-бабы да қорғайды.
Қанат Қарымсақовтың айтуынша, егер республиканың халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды. Бұл құқық ҚР Конституциясының 11-бабында көрсетілген. «Әркімнің Республикадан тыс жерлерге шығуға құқығы бар. Республика азаматтарының республикаға кедергісіз оралуға құқығы бар». Қазақстан Конституциясының 21-бабында осылай жазылған. Бұл құқықты азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 12-бабы ұсынады.
Баяндамада, сондай-ақ, балалардың тууын және ұлтын тіркеуге, қауымдастық бостандығына, қоғамдық жұмыстарға қатысуға, мемлекеттік қызметке қолжетімділікке, әлеуметтік қамсыздандыруға, бейбіт жиналыстарға құқықтары да қамтылды.
Өз кезегінде Дания Қыдырбаева Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер және өзінің әсері жайында ойымен бөлісті. Ол өз сөзінде ел ішіндегі оңды өзгерістерге оның мүшелерінің орасан зор үлес қосып келе жатқанын, онда құрылтай мүшелерінің ұсыныстары жеткізіліп, олардың ескерілгенін, хаттамаға енгізілгенін, осы бағытта қазір үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, ардагерлер мен жастар, Үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесулер ұйымдастырылуда екенін әңгіме етті.
Әсіресе, Үкіметтік емес ұйымдар мәселесіне назар аударған ел Президенті азаматтық қоғамда Үкіметтік емес ұйымдардың маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Белгілі болғандай, бүгінде елде 22 мыңнан аса, ал Жетісу облысында 400-ден аса осындай ұйымдар тіркелген, оның 45 пайызы қазір белсенді жұмыс атқаруда. Олардың көбіне мүмкіндігі шектеулі жандар мен білім беру, бала тәрбиелеу, қоғамдағы мәселелерді шешу бағытындағы қызметтері ерекше.
Айта кетейік, үкіметтік емес ұйымдар осы уақытқа дейін коммерциялық емес ұйымдарға арналған заңға сүйеніп келген. Осыған байланысты құрылтай мүшелері соңғы 3 жылда аталған ұйымдардың жеке заңы керек екенін бірнеше мәрте көтеріп, тіпті Ұлттық құрылтай отырысында да назар аударған. Нәтижесінде бұл Президентке жетіп, Парламентте қаралып, комиссия құрылып, қазіргі таңда заң жобасы жасалуда. Бұл – үлкен жетістік.
Сондай-ақ, Дания Қыдырбаева Ұлттық құрылтай жиынында білім, тәрбие, дін, тіл, мәдениет, дәстүр, тарих сынды көптеген мәселеге ден қойылғанын, оның қандай мақсатта құрылғанын, мән-маңызын, міндетін түсіндіріп, ұлықталған құндылықтарды әңгіме арқауына айналдырды. Бұған қоса, оның тың идеялар алаңына айналып, қазіргідей жаһандану кезеңінде тарихи тамырдан ажырамай, ұлттың өзіндік келбетін сақтап қалу үшін аса маңызды қадам болып отырғанын паш етті.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





