Осыдан 28 жыл бұрын, нақтылап айтқанда, 1993 жылғы 22 тамызда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың Алакөл ауданының Ақши ауылында екінші рет қайталанған жүрек талмасынан қайтыс болғаны мәлім. Мұндай ауыр қазаны кең-байтақ еліміз бұрын-соңды басынан өткермеген де шығар. Олай дейтініміз, 81 жыл, 8 ай, 10 күн мәнді де мағыналы өмір сүрген аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің қазасына байланысты ТМД және Әлем елдері басшылары тарапынан көңіл айтқандар, күрсінгендер тым көп еді.
Әлемге әйгілі Димаш Ахметұлының еңбек жолы 1936 жылы 24 жасында Мәскеудің түсті металдар және алтын институтын тамамдағаннан кейінгі жерде Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішінде тау-кен инженері қызметінен басталса, 1986 жылдың 16 желтоқсанында зейнет демалысына аттануымен аяқталды. Қоңырат кенішіндегі жетістігі үшін алғашқы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, одан әрі жалғасқан жемісті еңбектері үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағымен, сегіз рет Ленин орденімен, бір рет Еңбек Қызыл Ту орденімен аталып өткенін білеміз. Бұл кісі Қазақстанды басқарған жылдардағы жетістіктерді ықшамдап айтсақ, 1955 жылы еліміз 15 республиканың арасында 13-орыннан көрінсе, XX ғасырдың сексенінші жылдарында Ресей мен Украинадан соңғы үшінші орынға тұрақтады.
Дінмұхамед Ахметұлы данамыз 1939 жылы КОКП мүшелігіне қабылданып, адал қызметімен ерекшеленді. Соған лайық сый-құрметке бөленді. Бұл турасында ол кісінің мына сөзіне назар аударғанымыз маңызды. «Менің делегат ретінде осымен қатарынан тоғыз съезге қатысуым еді. Мынадай фактіні еске алудың өзі бір ғанибет. XIX съезге жай делегат ретінде қатыссам, XX съезде мандат комиссиясының құрамына ендім. Ал қалған съездерде түгел Президиумға және Орталық Комитеттің мүшелігіне сайланыппын. СОКП-ның XXVII съезінде мен Саяси Бюроның құрамына бесінші рет сайландым». («Өтті дәурен осылай», естелік-эссе, 338-бет). Дінмұхамед Қонаев атамыз съезд шешімдерін көпшіліктің ақыл-ойы, парасат-пайымының тұнығы, әбден таразыланып, елге бағыт беретін құжат ретінде бағалайтын-ды. Оның бұл тұжырымдарының іс жүзіндегі ақиқат екендігін еліміздің, көпұлтты Қазақстанның сәтті қадамдарынан сезінуге, байқауға, көңіл толтыруға болатыны да рас.
Димекең қарапайым, бауырмал, ізгі қасиеттерімен белгілі азамат. Ол ел-жұртпен емін-еркін, ашық-жарқын сөйлескенді жақсы көретін кісі екен. Әкесі Меңліахмет пен анасы Зәуре Байырқызынан туған тоғыз бала – жеті қыз бен екі ұл десек, ұлдың үлкені Дінмұхамед. Жоғары қызметтегі Дінмұхамед Ахметұлы өз туысқандарының ешқайсысын жоғарыға жетелемеген, олардың өз қабілетімен танылуын маңызды деп есептеген деседі. Димаш атаның қарындасы Роза Қонаева өз естелігінде: «Бәрімізге де институт бітіргенше көмектесті. Институт бітіріп, қызметімізге тұрғаннан кейін әрқайсымыз өз күнімізді өзіміз көрдік. Димаш ағам билікте болған кезде ешқайсымызды да жоғары қызметке сүйреген емес. Барлығымыз да өз мамандығымыз бойынша еңбек еттік. Мектеп бітіргеннен кейін мен де Димаш ағам, апайларым секілді Мәскеуге, МГУ-ге барамын дедім. Димаш ағам мені қолдады», – деп жазады. («Дінмұхамед Қонаев», 1912-1993 жылдар естелігінен).
Белгілі қаламгер, 1982-1985 жылдарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы және Бюро мүшесі Кәкімжан Қазыбаевтың жары Орынша Карабалина – Қазыбаева мына жайтты айтады. «Зуһра Шәріпқызы қайтыс болған соң Димекең ол кісінің пианиносын балабақшаға тегін өткізді. Олар өте қарапайым тұрды. («Аңыз адам» журналы, №24, 2017 жыл). Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Геннадий Толмачев өз тарапынан қызығушылық ниетпен Д. А. Қонаевқа бірнеше сауал қойып, 40 жылдан бергі уақытта академик атағы үшін берілетін өмірлік сыйлық ақшаны қандай мақсатқа, қалай жұмсатқаны жайлы білгісі келіпті. Оған Дінмұхамед Қонаев: «Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағалығы қызметіне тағайындалғаннан кейін академиктігім үшін берілетін сыйақшадан бас тартқан болатынмын. Республика Ғылым академиясының Президиумына ол ақшаны стипендия, көмек, жабдық сияқты зәру тірлікке пайдалануды өтініп, арыз жазып бергенмін. Солай ел қажетіне жарап жатыр», – деген екен.
Сондай-ақ, Димекеңнен өмірлік серігі Зуһра Шәріпқызы жайлы айтып беруін сұрайды. Оған да тұжырымды, қысқа ғана жауап беріліпті. Димаш Ахметұлының айтқаны: – «Зуһра Шәріпқызы ғажап адам болатын. Ең жақын, ең қимас досым еді. Біз елу жыл, алты ай, екі күн бірге тату-тәтті ғұмыр кештік. Есеп қызметкері-тұғын. Оның өмірге деген құштарлығы білімге, білуге деген ынта-ықыласпен ұштасып жататын. Ол орыс, қазақ, шетел классиктерінің шығармаларын зейін қойып оқитын. Оқығанын қызықтырып айта да білетін».
СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. А. Қонаевтың есімі әлемге әйгілі еді. Ол туралы ілтипатты лебіздер жиі айтылатын-ды. Соның ішінде АҚШ-тың бұрынғы Президенті Д. Эйзенхауэрдің: «Бүгін мен керемет адаммен таныстым. Ол Кеңес Одағындағы терең білімді саясаткер, халқының даналығын терең меңгерген, сирек кездесетін тұлға».
Үнді мемлекетінің белгілі қоғам қайраткері Дж. Неру: «Елінің ертеңін ұмытпай, кешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Ол перзент Дінмұхамед Қонаев» дегені бүгінге дейін қайталанып, замандастар жүрегін де жаңғырығып жүргендей сезімге жетелейді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев пен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің бұрынғы төрағасы Бәйкен Әшімовтің, жазушы Мұхтар Әуезов пен көрнекті мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың жылы сөздері әр жүрекке ыстық леп желпігендей әсер береді.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы П.К. Пономаренконың (1954 ж. ақпан – 1955 ж. тамыз) Д. А. Қонаевқа: «Сіздің халқыңыз сөзге ұста, сүйектен ою ойған зергердей» деген ықыласы мен құрметін де оқығанбыз.
Сонау 1980 жылы Қазақстанның 60 жылдық тойына Л.И. Брежнев келіп, республикаға Ленин орденін тапсырды. Осы сәтте Димаш Ахметұлы өзінің ежелгі досы әрі аяулы сырласы Л. Брежневті үйінен дәм татуға шақырған екен. Өзара әзілдері жарасқан Леонид Ильичтің риза көңілімен:
– Бәсе, Зуһраның қолынан шай ішпей кетеміз бе, мына Димаш сараң болған ба деп ойлап едім. Қайыра келер күн енді алыстай берер, – дегенін кітаптан оқыған болатынмын. Шынында бұл Л.И. Брежневтің Алматыға соңғы келуі екен.
Міне, бүгінде өмірден өткеніне 28 жыл болған Д. А. Қонаев сондай адам. Оның Қазақстан экономикасы мен мәдениетін өркендету мен гүлдендіруге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол дәлелдерді қажетсінбейтін аксиома.
Ұлы ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Күн нұрын, айдың ақ сәулесін алақанмен жабу мүмкін емес» деген тұжырымы ұлы тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың келбетіне көлеңке түспейтінін бірнеше ғасыр бұрын алдын ала ескерткенге ұқсайды. Димекеңнің есімі ел-жұртының жүрегінің төрінде мәңгі жасайтыны ақиқат.
Болат БИСҰЛТАНҰЛЫ,
Алматы облыстық «Дінмұхамед
Ахметұлы Қонаев» қоғамдық
қорының басқарма мүшесі –
баспасөз хатшысы, Ақсу
ауданының Құрметті
азаматы, қазақ
журналистикасының
қайраткері





