Көненің көзіндей, салт-дәстүріміздің өзіндей, даналардың сөзіндей алтын да ардақты әжелерден айналайық! Ұрпағына тағылымды тәлім мен тәрбие беріп, отбасының жақсылығын өріп, ізгілікті теріп келе жатқан әжелер әр ауылдың, әр ортаның көркі мен келбеті, берекесі мен мерекесіндей.
Ұлтымыздың көнеден келе жатқан салт-дәстүрін өрбітіп, халықтық әндерімізді әуелетіп, соның бәрін ел мен жерге ұлықтап жүрген әжелерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Райымбек ауданындағы Тегістік ауылдық Мәдениет үйінің жанында «Шуақ» атты әжелер ансамблі жұмыс істейді. 2011 жылы құрылған бұл ансамбльге ауылдық Мәдениет үйінің директоры Қайнарбек Әшімбаев пен көркемдік жетекшісі Қанағат Әбдіқалымов негіз қалаған болатын. Әндері мен сәндері, жайдары жүздері мен киімдері жарасым тапқан ақ әжелер ауылдағы мәдени шаралардың басы-қасында жүреді. Олардың репертуарлары негізінен халық әндерінен, туған Отан, ел мен жер туралы әндерден құралған.
Әжелер туралы сөз етер болсақ, Гүлмайра Әбдірақбаева «Алтын алқалы» ана. 4 ұлын, 3 қызын өмірге әкелген. Келін алып, қыз ұзатып, ұрпағымен көгеріп-көктеп, мәуелі бәйтерекке айналған бақытты ана. Ауылдық Мәдениет үйінде еңбек етеді. Кәкен Асқаровадай ардақты жан «Күміс алқалы» ана. Немере-шөберелі. Жаңылхан Түркебаева, Күлімхан Құлжабекова, Әлия Қалыбаева, Гүлжаһан Нұрдинова, Жаңылхан Рамазанова секілді әжелер де балалы-шағалы. Немерелерін аймалап, соларды бағып-қағып жүрген асыл жандар. Әлия Қалыбаева М. Мақатаев атындағы орта мектепте кадр бөлімінде жұмыс істейді. Гүлжаһан Нұрдинова тігіншілікпен айналысады. Жас ұрпаққа үйретері көп.
– Балалы-шағалы, немере-шөберелі әжелердің бір уақыт біздің ісімізге қолдауларын көрсетіп тұратынына алғысымыз шексіз. Жақсылықтың ортасынан табылып жатады. Әсіресе, жас ұрпаққа берері көп. Ауыл тұрғындары әжелерге әрдайым риза көңілдерімен қарайды. Жылы сөздерін айтып жатады. Мұның бәрі бекер емес, – дейді Тегістік ауылдық Мәдениет үйінің директоры, дәстүрлі күміскөмей әнші Қайнарбек Әшімбаев.
Бір күн әжелер ортасында болдық. Салған әндерін тыңдап, тамаша әсерге бөлендік. Алды жетпістен асқан асыл жандардың қатардан қалмай, ауыл өнерін дамытып, ортасын әнмен ұйытып жүргендері қандай жарасымды. Жандары жамандық көрмей, жақсылықтарына бөленсін деген жылы ниетіміз бар.
Қанат БІРЖАНСАЛ





