Алакөл ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Артынша халықпен кездесіп, елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан шаруаларды толықтай баяндады. Сонымен қатар, аудан жұртшылығын толғандырған сауалдарға жауап берді.
Қабылдауға келген тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар негізінен тұрғын үй, білім, әлеумет мәселелерін қамтыды. Мәселен, Үшарал қаласының тұрғыны, II топтағы мүгедек Қадиша Балабаева мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алып беруін сұрады.
– Мен 2013 жылға дейін жұмыс істедім. Кейін ауырып, жұмыс істеуге жарамай қалдым. Қазір отбасын отағасы ғана асырап отыр. 4 баламыз бар. Басында ата-енеммен тұрғанбыз. Бірақ, ол жақта да келін бар, бала-шаға көп. Амалсыз пәтер жалдауға тура келді, – деді.
Облыс әкімі Қадиша Балабаеваға тұрғын үй алудың кезегі келгенін, бұйырса биыл 3 бөлмелі пәтер берілетінін айтты.
Зейнеткер Күлжария Керімбекова күйеуі Алакөл ауданының Құрметті азаматы, Дәулетбай Қаратбековке Жанама ауылынан көше атын беруді сұрады. Дәулетбай Құрманғалиұлы ұжымшар құрып, ауданның дамуы үшін ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен. Өкінішке қарай, 1967 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында табан аудармай жұмыс істеген жанға бірден көше атын беру мүмкін емес екен. Өйткені кейбір істеген жұмыстары тіркелмеген. Десе де облыс әкімі жауапты мамандарға еңбек адамына мемориалды тақта қоюды, кейін көше атын беру жолын қарастыруды жүктеді.
Рысбөпе Нығметова қамқорлығындағы немересінің жоғары оқу орнына грантқа түсіріп беруін сұрады. Рысбөпе апаның немересі ҰБТ-дан 71 балл жинапты. Өкінішке қарай, ағылшын пәнін таңдаған білімгердің бағасы өз мамандығы бойынша грантқа түсуге жетпейді екен. Әйтсе де аймақ басшысы облыс әкімінің гранты бойынша басқа мамандыққа түсіріп беретінін жеткізді. 8 баланың анасы Нұргүл Жөкеева тұрғын үй қорынан баспана алып беруді сұрады.
– Тұрғын үй кезегіне 2018 жылы тіркелдік. Қазір пәтер жалдап тұрамыз. Қыста 4-5 тонна көмір жағу өте қиын. 6 балам мектепте оқиды. Жалдамалы пәтеріміз құлайын деп тұр. Өйткені, 8 балам бар десем барлығы шошып, жалға үй бергісі келмейді, – деді.
Бейбіт Өксікбайұлы көпбалалы анаға биыл балаларымен емін-еркін тұратындай жер үй алып береміз деп қуантып, «қыс түспей ертерек баспана табыңыздар» деп жауапты мамандарға тапсырма жүктеді.
Айдар ҚАЛИЕВ





