Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев халықтың жүрегінде мəңгі сақталып қалған мемлекет және қоғам қайраткері. Ол халықтың мүддесімен өмір сүрді. Оған деген құрмет аса жоғары қызметте жүрген кезінде ғана емес, қайтыс болғаннан кейін де толастаған жоқ.
«Димекең туған қаласы Алматы үшін де көп жақсылық жасады. Бұл тұрғыдан алғанда, Дінмұхамед Ахметұлы айрықша ардақтауға лайықты қарымды қайраткер. Сондықтан, біз оны Тəуелсіздікке дейінгі тарихымыздың тегеурінді тұлғасы деп бағалауымыз керек», – деп Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Д. Қонаевтың Қазақстан мен қазақ халқы тарихындағы рөлі мен мəнін жоғары бағалады.
Қазақстанды ширек ғасыр басқарған Дінмұхамед Ахметұлының халқына жасаған шапағаты ел есінде. Димаш ағаның біздің отбасына жасаған шексіз қамқорлығын әр кезде балаларыма, келіндеріме, немерелеріме айтып отырамын. Түрлі жиындарда сөз кезегі тие қалса оны жалпақ жұртқа мақтанышпен әңгімелеп те жүрмін.
Менің жұбайым Қырқымбек Өмірқұлов Жамбыл облысы Луговой ауданы (қазіргі Құлан) «Жаңатұрмыс» ұжымшарында 1946 жылы дүниеге келген. Мектепті бітіргендігі жөнінде аттестатты балалар ақыны Әдібай Табылдиевтың қолынан алған екен. Ол Алматыда қалып жұмысшы боламын деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмесе керек. 1968 жылы әскердегі азаматтық міндетін абыроймен атқарып, жолай Алматыға соғып жолдастарымен қаланы аралағанда, көркем қала оған бірден ұнайды да жұмысшы қолына зәру «Алматыжилстрой» тресінің СМУ-19 участогына жұмысқа орналасуға шешім қабылдайды.
Ә дегенде Петр Дяченко деген кісінің қарамағында шәкірт болады. Жас жігіттің жұмысқа деген ептілігі, тынымсыздығы П. Дяченкоға бірден ұнаған. Осындай он саусағынан өнері тамған ағаш шеберінің қолына түскені мұндай жақсы болар ма? Есік, терезе, еденді жасау бұлардың бригадасына жүктелген. Бұл айтуға ғана оңай іс, ал қиындығы шаш етектен. Нәзіктік, сезімталдық, ең бастысы, жауапкершілікті талап етеді. Қырқымбек шеберліктің құпиясын, ұңғыл-шұңғылын бірте-бірте меңгеріп, ұжымға да тез сіңісіп кетеді. Жұмыс істей жүріп Алматы құрылыс техникумының өндірістік және азаматтық құрылыс бөлімінде оқып, техник-құрылысшы мамандығын алып шығады. Зейнеткерлікке шыққанша «Алматыжилстрой» тресінде бригадир, шебер, прораб болып жұмыс істеді.
Адамның өзі жасаған еңбегінің жемісіне немесе маржан терін тамшылата тұрып дүниеге әкелген затына қызығып қарай беруінде ерекше мән бар. Ол зат соншалықты қиындықпен жасалса әрі әдемі де әсем болса қалай сүйсініп қарамассың?! Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйі, Орталық сауда орталығы, Мұхтар Әуезов атындағы драма театры, Қазақ КСР-інің Мемлекеттік орталық музей үйін салуда Қырқымбек пен оның бригадасының тамшыдай үлесі, қолтаңбасы бар. Айта берсем көш құлаш тізім созыла түсер еді.
1978 жылы Пионерлер сарайы салынып жатқан кез. Оның құрылыс барысымен танысуға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев келеді. Ол нысанмен асықпай танысып, аралап келе жатқанда еденді паркеттеп жатқан Қырқымбектің бригадасының жанына келіп аялдайды. Бәрімен қол алысып амандасқанан кейін:
– Өзіміздің қара домалақ балалардың құрылыста қатарларының көбейгенін көріп қуанып тұрмын. Өте нәзіктік пен талғамды қажет ететін мына жұмысты да жақсы игеріп алыпсыңдар. Жарайсың- дар! – деп риза болып Қырқымбекке бұрылып: – «Неше балаң бар? Басыңда баспанаң бар ма?» – деп сұрайды. Жолдасым төрт бөлмелі үйдің кезегі келсе де белгісіз себептермен үш айдан бері пәтер кілтін ала алмай жүргенін сыпайы жеткізеді.
Сол жылдың күзінде төрт бөлмелі пәтердің ордері қолымызға тигенде қуанышымызда шек болмады. Мұқан Төлебаев пен қазіргі Қарасай батыр көшесі қиылысының бойынан бізге тиген ол үйде Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Асқар Қонаев, яғни, Димекеңнің інісі тұрғандығын естігенде сенер-сенбесімізді білмей қайта-қайта ордерімізге қарай берген едік. Қарапайым құрылысшының мемлекет және қоғам қайраткерлері тұратын үйден пәтер алуы талайдың төбелеріне жай түсіргендей әсер етті. Біреу таңғалды, біреу тамсанды, біреулер қызғана қарады.
Біраз уақытқа дейін Қырқымбекке трест бастықтары, басқа да лауазымды қызметте істеп жүрген адамдар: «Біз саған қалаған жеріңнен үй алып берейік, мына пәтеріңді бізге айырбаста» деп қолқа салумен жүрді. Айла-шарғы да қолданып көрді. Қаншама алдап-суласа да басымызды алтынмен аптап, күміспен күптейміз деген уәделеріне қызықпадық. Димаш аға бергізген сол үй бізге құт болды. Ұлдарым Данияр, Жалғас, Ернар, қызым Эленора баспана таршылығын көрмей ержетті. Келін түсіріп, қыз ұзаттық. Қазір олардың өздері бір-бір үй болып отыр. Тоғыз немерем, екі шөберем бар.
Кілең жақсылар мен жайсаңдардың ортасында жалғыз құрылысшы отбасы біздер ғана едік. Қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсірепов ағамызбен өмірден өткенше сыйластықта, аяқ-табағымыз араласқан құдайы көрші болдық. Жазушы Дмитрий Снегин, мемлекет және қоғам қайраткері, Димаш ағаның досы Атымтай Қисановпен де қарым-қатынасымыз үзілмеді.
Дінмұхамед Қонаевтың Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында өткен 100 жылдық мерейтойына сол кездегі Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов арнайы қонақ етіп шақырғаны әлі есімнен кетпейді. Сыйлы қонақтардың бірі ретінде алдыңғы қатардың бірінде отырдым.
Димаш аға біздің отбасын әлі күнге дейін өзінің рухымен желеп-жебеп жүргендей сезінемін. Жыл сайын Димекеңнің туған және қайтыс болған күндері өткізілетін іс-шаралардың бәрін қалыс жібермеймін. Іргеміздегі Д. Қонаев музейіне де жиі барып тұрамын.
Димекеңнің қарапайым құрылысшылармен кездескенде арада айтылған бір- ауыз сөзді ұмытпай жадында сақтап, оны өз бақылауында ұстап, менің жұбайыма баспана алуына көмектесуі қалай айтсам да оның ұлы тұлғаға тән қарапайымдылық қасиеті, мәрттігі дер едім.
Мейірхан РАХМАНҚҰЛҚЫЗЫ,
ардагер ұстаз




