Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қай салаға қосымша құн салығы енгізілмейтінін түсіндірді, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта дәрі-дәрмек, медициналық қызметтер, кітаптар мен картадан картаға аударымдар бойынша ҚҚС 0% мөлшерлемесін сақтауға қатысты көп сұрақтар туындаған. Аймағамбетов бұл салаларға ҚҚС енгізудің қажеті жоқ екендігін алға тартып, салық кодексіне енгізілген депутаттық түзетулерді түсіндірді.
«Ауыр, созылмалы және өмірге қауіп төндіретін аурулар, оның ішінде онкология, диабет, аутоиммунды және сирек кездесетін аурулар үшін дәрі-дәрмектердің бағасын қымбаттатуға жол беруге болмайды. Қосымша құн салығының енгізілуі бұл өнімдердің бағасын күрт көтеріп, халықтың ең осал топтарына – науқастар мен олардың отбасыларына ауыртпалық түсіреді», – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат, сонымен қатар, кітаптарға қосымша құн салығын енгізудің дұрыс болмайтынын атап өтті. Бұл шара отандық авторлар мен баспаларды қиын жағдайға әкелері сөзсіз. «Қазақстандағы әдебиетті дамыту үшін кітаптардың бағасын көтермей, керісінше, оны қолдау қажет», – деді ол.
Аймағамбетов қаржылық қызметтерге ҚҚС енгізуге де қарсы. Оның пікірінше, көптеген елдерде қаржылық қызметтер ҚҚС-тан босатылады, себебі бұл қызметтердің қымбаттауы халықтың әлеуметтік жағдайына теріс әсер етеді. Банктік аударымдар, карталар мен зейнетақы операцияларына ҚҚС енгізу қызметтерді қымбаттатып, әсіресе зейнеткерлер, студенттер мен шағын бизнес үшін қиындық тудырады.
Депутат салық саясатын әділетті және теңгерімді жүргізу қажеттігін айтты. «Біз әлеуметтік тұрғыда осал азаматтарды қорғау үшін, сонымен қатар экономиканы тұрақты дамыту мақсатында, акциздерді, корпоративтік табыс салығын және басқа салықтарды дұрыс реттеуіміз керек», – деп қорытындылады Асхат Аймағамбетов.
Ол қазіргі уақытта бұл мәселелер бойынша талқылау жүріп жатқанын да атап өтті.
Фото: baq.kz





