Жас жігіттің өміріндегі ең жауапты белестердің бірі – Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу. Бұл ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға деген жауапкершілікті сезініп, әскери тәртіпке бейімделетін, жігіттік жігерді шыңдайтын маңызды кезең. Осы ретте Жетісу облысында «Күз-2026» мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны аясында жас сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Салтанатты шара ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жетісу облысы бойынша департаменті ұйымдастыруымен облыстық жинақ пунктінде өтті. Жиынға жас сарбаздардың ата-аналары, туған-туыстары мен достары жиналып, ел қорғауға аттанған азаматтарға ақжолтай тілектерін жеткізді. Әскери қызметке алғаш қадам басқалы тұрған жастарға арналып концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды.

Жиын барысында сөз алған ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің Тәрбие, идеологиялық және кадр жұмыстары басқармасының бастығы, полковник Дархан Ахметов жас сарбаздарға әскери қызметтің жауапкершілігіне тоқталып, шекарашы болудың маңызын атап өтті.
– Бүгін біз жас азаматтарды шекара қызметін өтеуге шығарып салып отырмыз. Олар алдағы уақытта Алакөл ауданы аумағындағы Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасымен мемлекеттік шекарасын күзетуге атсалысады. Әскери қызмет барысында сарбаздарға қойылатын басты екі талап бар. Біріншісі – мемлекеттік шекараны қырағылықпен және мүлтіксіз күзету болса, екіншісі – әскери тәртіпті қатаң сақтау. Әрбір сарбаз өз міндетіне адал қарап, әскери антқа берік болуы тиіс, – деді полковник Дархан Ахметов.
Оның айтуынша, әскери міндетін абыроймен атқарған жастар үшін алдағы уақытта бірқатар мүмкіндік қарастырылған.
– Әскери қызметін жақсы көрсеткіштермен аяқтаған сарбаздарға Шекара қызметі қатарында жұмысын жалғастыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар оқу үлгерімі жоғары, арнайы дайындықтан жақсы нәтиже көрсеткен әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарына түсуге жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, сарбаздар Қазақстан, Ресей және Түркиядағы жоғары оқу орындарында өздері таңдаған мамандық бойынша білім алу мүмкіндігіне ие бола алады. Бұл әскери қызметті абыроймен атқарған жастарға берілетін үлкен мүмкіндік, – деді ол.
Салтанатты рәсімнен кейін облыстық жинақ пунктінен жас сарбаздар ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасына аттанды. Жас жігіттердің ендігі бағыты – ел шебін күзету. Олар үшін бұл сапар жай ғана әскери бөлімге бару емес, азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштіктің жаңа белесіне бастайтын жол.
Әскерге аттанушылардың қатарында Ернат Бақкелді де бар. Жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуді азаматтық міндеті әрі жігіттік парызы деп санайды.
– Бүгін Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеуге аттанып барамын. Әскерге бару туралы шешімді өз еркіммен қабылдадым. Алдымда әскери тәртіпке бейімделу, жаңа ортаға үйрену, түрлі сынақтардан өту сияқты жауапты кезеңдер тұрғанын жақсы түсінемін. Қазір Үшарал қаласына жол тартқалы отырмыз. Бірге аттанған барлық жігіттерге сәттілік, мықты денсаулық, жігер мен табандылық тілеймін. Ел алдындағы міндетімізді абыроймен атқарып, аман-есен оралуға ниеттіміз, – дейді Ернат Бақкелді.
Ал жас сарбаздарды шығарып салуға келген ата-аналар мен туған-туыстар үшін бұл күн қуаныш пен толғаныс қатар өрілген ерекше сәт болды. Бір жағынан, азамат болып қалыптасып, ел қорғауға аттанған перзенттеріне мақтаныш сезімі болса, екінші жағынан, жүректерінде алаң бар.
Немересін шығарып салуға келген қала тұрғыны Рәзия Тайбағарова жас жауынгерлерге ақ тілегін білдірді.
– Бүгінгі күн – жастардың өміріндегі маңызды белес. Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып бара жатқан әр сарбазға ақ жол тілеймін. Әскер азаматты шыңдайтын үлкен мектеп. Елін қорғау ер-азамат үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік. Жас жауынгерлердің дені сау болып, әскери міндеттерін абыроймен атқарып, туған-туыстарына аман-есен оралуына тілектеспін. Ел іргесі тыныш, жұртымыздың берекесі баянды болсын, – деді Рәзия Тайбағарова.
Сарбаздарды шығарып салу рәсімі ақжолтай тілектер мен ізгі ниетке ұласты. Әскери сапқа енді қосылған жас азаматтар үшін алда жаңа орта, жаңа міндет, жаңа жауапкершілік күтіп тұр. Ал олардың әр басқан қадамы – туған елге деген адалдықтың, Отан алдындағы қасиетті борышты өтеудің көрінісі.
Шекара – елдің қалқаны. Оның әр шақырымын күзету – үлкен сенім мен зор жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан бүгін сап түзеп, әскери қызметке аттанған жас сарбаздардың жігері мұқалмай, ел тыныштығын күзетудегі қызметтері абыройлы болғай.
Медет ЖҰМАБАЙ







