Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ азаматтарға жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Өтініш-тілегін арқалаған облыс тұрғындары нақты жауап алды. Кездесуге 3 адам жазылды. Олар тұрғын үй мен әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін көтерді.
Өткен жылы тұрғын үй кезегіне тұрған 98 жастағы тыл ардагері, зейнеткер Маймуна Садрееваның өтінішін туысы Ақжанбы Егізова жеткізіп, қарт ананың баспанамен қамтамасыз етілуін өтініш қылды. Кейуана қазір туысының қамқорлығында. Себебі, балаларының тұңғышы Америка Құрама Штатында тұрады. 75 жастағы оның зайыбы өмірден өткен. Зейнет жасына жеткен басқа балаларының әлеуметтік жағдайының төмендігіне байланысты аналарына қарауға мүмкіндігі жоқ. Мән-жайды тыңдаған облыс басшысы:
– Заң – баршаға ортақ. Қазіргі таңда 2009-2010 жылы зейнеткер есебінде пәтер алуға тіркелген азаматтар кезегі бойынша баспаналы болып жатыр. Сондықтан барлығы заң аясынды шешіледі. Сіздер қарт кісіні таяуда ғана кезекке қойған екенсіздер. Біз Заңды белшесінен басып, сізге кезексіз үй бере алмаймыз. Кезегін күтеді, – деген аймақ басшысы тыл ардагеріне әлеуметтік-медициналық көмек уақытылы көрсетілуін жауапты сала мамандарына тапсырды.
Қабылдауға келген Алакөл ауданының тұрғыны, Үйгентас орман шаруашылығының директоры Ерікжан Бекпаев газ жарылысында қайтыс болған інісінің баласы, жетім қалған Ернұр Жүкенге және бауырларына пәтер беруді сұрады. Аймақ басшысы қайғылы жағдай үшін көңіл айтып, әлеуметтік, медициналық көмек жан-жақты көрсетілетінін жеткізді. Ата-анасынан қалған пәтердің ипотекалық несиесін жабу үшін жергілікті атқарушы орган демеушілерден қосымша қаржылай көмек сұрап, қолдау білдірудің жолын іздестіретін болды. Өңір басшысы денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшыларына қажетті әлеуметтік көмек көрсету мақсатында жағдайды тұрақты бақылауға алуды тапсырды.
Алакөл ауданының тұрғыны «Алакөл Желтоқсан Ардагерлері» республикалық аймақтық ұйымының төрайымы Ләззат Ермозанова тұрғын үй заңнамасында «Желтоқсан оқиғасына қатысушылар» деген жеке санаттың белгіленуін, әлеуметтік қолдау көрсетуге қатысты және ауданнан желтоқсаншыларды еске алу аллеясының ашылуы туралы сауал қойды.
Облыс әкімі тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізу мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кірмейтінін айтты. Ал әлеуметтік қолдауды көрсетуге келсек, Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға біржолғы материалдық көмек төлеуге, курорттық емдеуге облыстық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлінеді. Алакөл ауданында еске алу аллеясының ашылуы аудан әкімдігінде қарастырылатын мәселе болғандықтан тапсырма аудан әкіміне жүктелді.
Облыс аумағында Желтоқсан оқиғасына арналған 4 сәулет нысаны бар. Олар Ақсу ауданындағы Жансүгіров ауылы мен Панфилов ауданы, Жаркент қаласындағы ескерткіштер, Алакөл ауданы, Үшарал қаласындағы стелла және өткен жылы ашылған «Желтоқсан желі ызғарлы» монументі.
Е. Бауыржанқызы





