Жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасып, кеудесіне тәрбие-тағылым тоқып, білім нәріне еркін бас қоюына мол мүмкіндік қарастырылған. Мәселен, биыл ел көлемінде жүзеге асатын игілікті шараның бірі – бастауыш сынып оқушыларын толыққанды тегін тамақпен қамтамасыз ету болса, аталған шара бойынша көрсеткіш алдыңғы жылдары 56, 6 пайызды құраған. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, биыл бұл 100 пайызға жетпек.
Өткен жылғы көрсеткіш бойынша еліміздің ең ірі қалалары – Астана, Алматы, Шымкент, аймақтар – Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілген болатын. Биыл сол санатқа елдегі қалған облыстар қосылды. Осыған орай Жетісу облысының балдырғандары да тегін тамақпен қамтамасыз етілетін болады.
Бұл тұрғыда Жетісу облыстық білім басқармасының берген мәліметінше, жаңа оқу жылында 52616 балдырған бастауыш сыныпта оқиды. Аймақтағы 339 жалпы білім беретін мектептің 258-де ыстық тамақ ұйымдастырылған. Оның ішінде жалпыға міндетті білім беру қорынан бастауыш сыныптың 10 721 оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Облыстағы барлық бастауыш сынып оқушыларын қамту үшін жергілікті бюджеттен 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларына (41895 оқушыға қосымша) 1,7 млрд. теңге қарастырылыпты.
Аталған ақпарға сүйенсек, биылдан бастап аймақ бойынша балдырғандар толыққанды тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Дегенмен аймақ бойынша асханасы жоқ мектептердің бары да рас. Осы орайда білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов бұл мәселенің де жолы қарастырылғанын айтып өтті.
– Қазіргі уақытта облыста 78 мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылмаған. Төрт бірдей бейімделген мектептің орнына жаңа мектеп ғимараты пайдалануға беріледі. Қалған 74 мектептің ішінде 25 алтын ұяда конкурс жарияланып, тамақтандыру ұйымдастырылады. Ал, 49 мектепке жақын орналасқан білім ошақтарынан тамақ тасымалданады, – деді ол.
Айта кетерлігі, біраз уақыт бұрын ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан аса оқушыны, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандырумен қамту жоспарланған», – деп жариялаған болатын. Сонымен қатар, республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайтынын, ең жоғары баға Алматы қаласында (800 теңге) екенін жариялаған еді.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





