Жақында киелі Күреңбел өңіріндегі Қоянкөз елді мекенінде жаңадан салынған Мәдениет үйінің ашылуы болып өтті. Салтанатты жиынға облыстық мекемелер мен аудан басшылығы, ауыл тұрғындары, мәдениет қызметкерлері қатысты.
Жиында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов ауыл тұрғындарын үлкен қуаныштарымен құттықтады. «Қоянкөздей анамыздың жатқан жерінде «Тамашаның» тарланы Тоқсын Құлыбековтің туған жерінде, Кербұлақ ауданының гимнін жазған, артында өшпес мұра қалдырған композитор Жанғазы Жексенбаев тұрған ауылда, әлем чемпиондары Берік Жетпісбаев, Мейіржан Қашағанов, Азамат Мұқанов, жаттықтырушылар Ермек Сарқытбаев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Бақыт Қоқысбеков, композитор Нұрлан Бекенов сынды атпал азаматтардың туған ауылында жаңа Мәдениет үйінің бой көтеруі уақыт талабына сай келеді деп ойлаймын» деген жүрекжарды тілегін жеткізді. Мәдениет үйінің керек-жарақтарын алу үшін 10 млн. теңге қаржы бөлінетініне тоқталды.
Аудан әкімі Қанат Болатұлы өз сөзінде өткен сайлауда тұрғындардың өзіне сенім білдіргеніне алғыс айта отырып, халықтың сенімін ақтау үшін өзіне екі есе жауапкершілік жүктелетініне тоқталды. Барлық ауылдарда мүмкіндігіне қарай Мәдениет үйі, емхана, тұрғын үйлер салынатынына және оған қолдау көрсетіп отырған облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа аудан тұрғындарының алғысын жеткізді. Қоғалы, Жоламан, Қарашоқы ауылдарында Мәдениет үйі пайдалануға берілгенін, бүгін Қоянкөз ауылында, алда Шұбар ауылында Мәдениет үйі ашылатынына тоқталды. Сондай-ақ «Қоянкөз ауылында мәдениет үйінің ашылуына бірден-бір себепкер болған Айқан Сандыбаева тәтеме алғыстарыңызды айтыңыздар», – деп ағынан жарылды.
Өз кезегінде Айқан апамыз «Айналайын Қанат балам, сен халықтың игілігі үшін жаралған азаматсың. Ісіңе Алла береке берсін. Аудан орталығындағы өнер мектебіне Жанғазы Жексенбаевтың атын беруді аманаттаймын» деген аналық өтінішін білдірді. Бұл тілекке жиналған көпшілік те қосылатындықтарын білдірді.
Сонау 1987 жылы Жанғазы құрған 50 – 60 адамнан тұратын оркестр орталық «Қазақстан» телеарнасынан өнер көрсетіп еді. Иә, сол жылдары өнер ұжымы «Халық аспаптар оркестрі» атағын иеленген. Жанғазымыз сол тұста небәрі 24 жаста екен ғой. Өмірінің соншалықты қысқа болатынын кім білген?
Келесі кезекте ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы, кезінде он жеті жыл Мәдениет үйін басқарған Молдахан Үмбеталинов ақ батасын берді.
Мәдениет үйінің концерттік бағдарламасында бір кездегі өрімдей жас, бұл күндері салиқалы аға, апа атанған қарашоқылық өнерпаздардың өнерін тамашаладық. Әсіресе Ақбасова Ғалия Ниязқызының әндеріне көрермендер дән риза болды. Бағдат Умарова, Балапан Мырзалинов, Байғали Оңалбаев, Әбілхан Оңалбаевтарға көрермендер зор ықыласын білдірді.
ҚР мәдениет қайраткері Құдайберген Бекіш ауыл тұрғындарына жүрекжарды лебізін айта келіп, өзінің де ауылдық жерден шыққанын, әрбір ауылға келген сайын ерекше сезімде болатынын білдірді. Әсіресе қоянкөздіктердің дарқан пейіл, патша көңілді жандар екенін атап, жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде Мәдениет үйінің сахнасынан тегін концерт беретінін айтты.
Бүгінгі кеште ауыл тұрғындарының аудан әкіміне, аудандық Мәдениет үйінің әншілеріне, ауылдың Мәдениет үйінің директоры Ескелдинов Бақытжан Ниязұлына алғысы шексіз болды.
Ауылдағы бұрынғы, кейінгі салынған екі мектеп ғимаратында да акт залы қарастырылмапты. «Ашық аспан астында өткізілетін іс-шаралар енді Мәдениет үйімізде өткізілетін болды» деп мектеп директоры Дидар Билибаевтың қуанышында шек жоқ.
Осы күні ауылда екі отбасы қоныстойын тойлады. Аудан әкімі Қанат Болатұлы, Талғат Мұсабеков, Жанат Байғожанов жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйлердің кілтін тапсырды. Аудан әкімі алдағы уақытта кем-кетік жерлері болған жағдайда жөндеттіріп беретінін тұрғындардың естеріне салды.
Қазақта «Ынтымақ, дәулет, ырыс, бақ, қайда барасыңдар?» дегенде «Береке дарыған жерге барамыз» деген ұшқыр сөз бар. «Берекені көктен іздеме, ынтымағы жарасқан көптен ізде» десе, Қоянкөз ауылы азаматтарының ауызбірлігі ерекше. Осы Мәдениет үйі ашылады дегелі бері ауылдың әр жылғы түлектері жұмыла көтеріліп, келген қонақтарды ақ дастарқандарын жайып қарсы алды.
Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы, әрбір іске жанашыр, демеуші болып жүрген Рабиға Оспанғазиева апай жүрекжарды лебізімен ауылдастарын құттықтады. Сондай-ақ, аудан әкімі Қанат Болатұлына ауылдастарының атынан ерекше алғыс білдірді.
Өтіп бара жатқан жылдың жақсылықтары көп болды. Аз ғана мерзім аралығында ауданымыз жыл қорытындысы бойынша облыс көлемінде жетекші орындардың бірін иеленді.
Ауызсу мәселесінің шешілгеніне аудан тұрғындары дән риза. Алтынбеков Мараттың жанұясында болғанымда «Өмірі суға жарымай отырушы едік, айналайын, мына әкім бала келгелі суға жарыдық» деген шексіз қуанышының куәсі болып едім.
лді мекендерде көше жарығы жарқырап тұр. Көшелердің бәрі дерліктей асфальтталған. Газ құбырлары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Қазіргі кезде елді мекендердегі ауылдарға газ құбыры жүргізіліп жатыр.
Аудан орталығында бірнеше бес қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл үрдіс алдағы уақытта жалғасын таппақ. Биыл көпбалалы жанұяларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға елді мекендерден жүз тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауданымыздағы спорт сарайы, орталық стадион, Ш. Уәлиханов атындағы демалыс паркі көз қуантады.
Осындай игі істерге ұйытқы болып отырған аудан әкімдігі мен аудандық маслихатына біз құстың қос қанатындай, домбыраның қос ішегіндей жұптарың жазылмасын, ауданымыздың өркендеп-өсу жолында қанаттарың талмасын, өнерлі жастарымыздың өнері асқақтай берсін демекпіз. Келер жылымыз жемісті, ырысты, бейбіт заман болсын дейін, ағайындар!
Е. Ескелдинов,
«Жетісу облысы жергілікті
агроөнеркәсіп кешені және
мемлекеттік мекемелер
қызметкерлері кәсіподағы» ҚБ Кербұлақ аудандық филиалының төрағасы