Тіл мен тәуелсіздік егіз ұғым. Елі мен жеріне қорған болған даңқты батырлар мен хандардың аманатын арқалаған кешегі Алаш арыстары азаттық үшін күресті. Осы жолда жанын қиған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ұлт мақтаныштары артына мол мұра қалдырды. Ең алдымен ұлтымыздың рухани өзегі – қазақ тілін, сөз құдіретін ғылыми айналымға енгізді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында:
– Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады, – деп барша қазақстандықтарға, отандастарымызға үндеу тастады. – Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек.
Қасым-Жомарт Кемелұлы мақаласындағы «Қоғам мен құндылық» бөлімінде кең байтақ жерімізді, ана тілімізді және береке-бірлігімізді егемендігіміздің мәңгілік үштағанына теңеп, тәуелсіздіктің негізгі тірегі тіл екенін анық көрсетті. Тіл – Тәуелсіз еліміздің айшықты көрінісі. Республика бойынша 2010 жылы тұңғыш бой көтерген Талдықорған қаласындағы Тіл сарайы тілдерді дамытуға жан-жақты жағдай туғызатын, татулықты арттырып, береке-бірлікке жол ашатын рухани қара шаңыраққа айналды. Бұл деген қазақ тіліне көрсетілген үлкен қолдау, әрі Тәуелсіздіктің көрінісі деп білеміз. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру үшін бірлесіп атқарған жұмыс келешекте өз жемісін берері сөзсіз. Көркем әрі бай тілімізді келер ұрпаққа аманаттап, мұра ретінде қалдыру барлығымызға жүктелген асыл міндет.
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек», – деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзі әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алуы тиіс. Тіл бар жерде – ұлт бар, ұлтымыздың қуаты тілінде. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ынтымағы мен бірлігі жарасқан қуатты ел болайық!
Болат КЕРІМБЕК,
облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы





