Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйледі, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы Қазақстан Конституциясының қалыптасу тарихына тоқталып, оның мемлекеттігімізді нығайтудағы маңызын атап өтті.
– «Осыдан 30 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Бұл егемен еліміз үшін тарихи сәт болды. Шын мәнінде, Ата заңнан биік ештеңе жоқ. Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы», – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы бекітілгенімен, жаңа тарихи ахуалға байланысты 1995 жылы қазіргі Ата заң қабылданды. Ол құжатты әзірлеуде қазақстандық заңгерлермен қатар шетелдік сарапшылар да атсалысты.
– «Конституция туралы айтқанда, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегіне әділ баға беру қажет. Ол Конституция қабылданған кезде Мемлекет басшысы ретінде шешуші рөл атқарды», – деді Тоқаев.
Президент еліміздің басты заңының тәуелсіздікті нығайтудағы рөлін айта келе, соңғы 30 жылда оған бірнеше рет түзетулер енгізілгенін атап өтті. Оның ішінде ең ауқымдысы – 2022 жылғы конституциялық реформа болды.
– «Күрделі саяси жағдайда қабылданған бұл реформа Қазақстанның конституциялық құрылымы тарихындағы ең мазмұнды өзгеріс еді. Нәтижесінде Конституция баптарының үштен бірі жаңартылды. Әділдік, Ашықтық, Есептілік, Жауапкершілік қағидаттары Ата заңда көрініс тапты. Сонымен бірге «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орнықты», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың пікірінше, бұл реформа билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтіп, халықтың Конституцияға сенімін арттырды.
Сондай-ақ, Президент сот жүйесін реформалау, прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлін арттыру, Конституциялық сот құру сияқты жаңашылдықтардың елдегі заң үстемдігін қамтамасыз етуге ықпал еткенін атап өтті.
– «Әділетті Қазақстанды құру процесін енді ешкім тоқтата алмайды. Өткенге оралуға, ең алдымен, еліміздің жастары жол бермейді. Білімді жас ұрпақ келешекке көз тігеді. Олар Қазақстанды өркениетті мемлекет ретінде көргісі келеді», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Конституцияның елдің болашақ дамуы үшін басты құқықтық негіз болып қала беретінін айтты.
– «Конституция әрдайым адам құқығының темірқазығы болуға тиіс. Бұл – мемлекет саясатындағы бұлжымас қағида. Ата заң еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайтып, жаңа қоғамдық келісімнің айқын нышанына айналды», – деді ол.
Сөзінің соңында Президент Конституцияның 30 жылдығына орай бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.





