Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөз сөйледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президент алдымен форумға қатысқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына, байқаушы елдердің көшбасшыларына және қонақтарға алғыс айтты.
Оның айтуынша, Еуразия экономикалық форумы еуразиялық интеграцияны дамыту мәселелері бойынша кәсіби әрі нәтижелі диалог жүргізетін тиімді алаң ретінде танылған.
– Бүгін ортаға салған идеялар, бастамалар мен ұсыныстар Интеграциялық одақ аясындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін. ЕАЭО – жай ғана өңірлік интеграциялық бірлестік емес, жаһандық экономиканың маңызды субъектісі екенін түсінген жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев форумның қазіргі геосаяси жағдайда ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңдер кезінде мемлекеттеріміз үйлесімді іс-қимыл арқылы экономикаларының орнықты дамуын, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алды. Қазір біздің алдымызда Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуетін одан әрі арттырып, қарқынды дамыту жөнінде стратегиялық маңызды міндет тұр, – деді Президент.
Мемлекет басшысы әлемдік экономикадағы өзгерістерге де тоқталды. Оның сөзінше, жаһандық нарықтағы ахуал күрделі болып отыр және дәстүрлі экономикалық сын-қатерлермен қатар цифрлық салада да ауқымды өзгерістер жүріп жатыр.
– Дүниежүзілік шаруашылық байланыстарының бағдары жаппай өзгеріп жатқан кезеңде біз теріс сипаттағы жаһандық үрдістерге төтеп беру үшін күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Әлемдік нарықтағы ахуал күрделі, тіпті көп жағдайда болжап біле алмайсыз. Өзімізге етене таныс экономикалық сынақтарға қоса, цифрлық салада ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл көп ұзамай «ойын ережесін» толықтай жаңартады. Осыған орай бүгінгі форум тақырыбының өзектілігі арта түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





