Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Сенім» Сарқан күндізгі болу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Бар мейіріміміз – балаларға» атты мерекелік іс-шара өткізді.
Орталықтың негізгі мақсаты – тәрбиеленушілердің мінез-құлық дағдыларын, әлеуметтік-тұрмыстық және еңбек ету дағдыларын қалыптастыру. Сонымен қатар мұнда қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, олардың қоғамда өзгелермен тең жүріп-тұруын қалыптастыру үшін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Қазіргі уақытта қызмет алушылар саны 23, оның 12-сі ұл балалар, 11-і қыз балалар.
1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне арналған салтанатты сәтте сөз алған мекеме басшысы Қайсар Мәмбетбаев балаларды мерекемен құттықтап, дендеріне саулық тіледі. Салтанатты кештің шырайын Аяна Шалқарқызының орындауындағы «Көңілді күн», Ерхат Әліпбайдың орындауындағы «Анашым» әндері, Алтынбек Баймұханның нақышына келтіріп билеген «Аққу» биі аша түсті. Орталық тәрбиеленушілері көп алдында өнер көрсетті. Музыка пәнінің мұғалімі Мейрамбек Тілеухан «Туған ел» әнін орындады. Мерекелік шара соңында мультфильм кейіпкерлерін әкеліп, балаларға шаттық сыйлаған Әсем Қанатханқызы мен демеушілік танытып, бағалы сыйлықтар ұсынған «Дидар» сауда үйінің басшысы Ғали Есенқұлға алғыс айтылды.
Салтанатты шара соңында орталық басшысы Қайсар Мұхаметшәріпұлы көпшілікті мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстырып, еңбек терапиясы мұғалімі Анар Келісқызы балалардың қолынан шыққан бұйымдарды жиналған жұртқа көрсетті.
Жақсылық ИГІМАН