Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялап, Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады. Мемлекет басшысы Жолдаудың негізгі басымдықтарын айқындап, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Жолдауында ауылшаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамту екенін айтты. Бұл бағытта біздің аймақта іргелі істер атқарылуда. Облыста егін және мал шаруашылығы, олардың өнімдерін қайта өңдеу саласы жан-жақты даму үстінде. Мәселен, былтыр ауылшаруашылығында – 965 млрд. теңге, тамақ өнеркәсібінде – 281 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ішкі нарықта отандық азық-түлік тауарларының үлесі 85 пайыз, ал импорттық тауарлар 15 пайызды құрайды, ал басқа аймақтарға мал мен құс етін, жұмыртқа, картоп, көкөністер мен жемістерді жеткізу мүмкіндігіне ие.
Жалпы облыстан экспортқа жылына 360 мың тоннадан артық ауыл- шаруашылығы өнімдері шығарылады. Дегенмен, Мемлекет басшысы Жолдауында азық-түлік тауарлары бағасының өсу проблемасын атап, оны шешу үшін көтерме-тарату орталықтарын құру арқылы ауылшаруашылығы тауар өндірушілері, оның ішінде жеке тұрғындар үшін өнім өткізудің қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды. Осы ретте көтерме-тарату орталығын салуға Қапшағай өңірінен 30 гектар жер бөлініп, 2022 жылы іске қосуға тиісті жұмыстар атқарылуда.
Аймақта ауылшаруашылығы өнімінің 45 пайызын өндіретін 300 мыңнан аса үй шаруашылығы бар, онда мал басының жартысына жуығы шоғырланған. Жолдауда ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін жеке қосалқы шаруашылықтарды қаржылай қолдау тетігін енгізу мәселесі көтерілді. Аталған іс-шара агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасына енгізіліп, оның шеңберінде алдағы үш жыл ішінде республика бойынша 195 мың үй шаруашылығын шағын несиемен қамтуға шамамен 700 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр.
Жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесі облыста айрықша назарға алынған. Халықты қоғамдық жайылымдық жермен қамту мақсатында қолданыстағы 543 мың гектарға қосымша босалқы жерлерден 624 мың гектар жайылым бекітілді. Жалпы 2014–2018 жылдары 4,4 млн. гектар жайылымдық жерге геоботаникалық зерттеулер жүргізілді. Жайылымдарды суландыруға 2014 – 2020 жылдары 850 құдық салынып, шаруашылықтар шығыны 746 млн. теңгеге субсидияланды. Қазіргі уақытта облыстың барлық өңірінде жайылымдарды басқару және оларды ұтымды пайдалану, мал азығы қажеттілігін тұрақты қамтамасыз ету, жердің тозуын болдырмау үшін жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспарлары әзірленді.
Жалпы мал азығын дайындау бойынша облыстың барлық аумағында жедел штабтар құрылып, өткен жылдан ауысқан шөп қорына түгендеу жүргізіліп, 295 шабындық бригада құрылды. Орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан 15,4 мың гектар, ал жайылымдардан 959 мың гектар пайдалануға берілді.
Бүгінгі күні 2,7 млн. тонна ірі сабақты және 495 мың тонна сабан, 502 мың тонна пішендеме, 87 мың тонна сүрлем және 319 мың тонна жемдік мал азығы дайындалды.
Жолдаудағы Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес алдағы жылдары азықтық дақылдардың егіс көлемін кемінде 2 есеге көтеру жоспарымызда бар. Ауа райының қолайсыздығы саланы технологиялық жаңғырту қажеттілігін айқындауда. Су шаруашылығында ирригациялық желілерді жаңарту есебінен жалпы облыс бойынша 137,8 мың гектар пайдаланылмайтын суармалы жерлерді қалпына келтіру көзделуде. Оның сыртында, жыл сайын облыстық бюджет есебінен 3 млрд. теңгеге су шаруашылығы нысандары жөндеуден өтуде. Су үнемдеу технологиясы қазіргі уақытта облыста 20,3 мың гектар жерде қолданылуда, биыл «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын пилоттық негізде Ақсу, Көксу және Сарқан аудандарында енгізу жұмысы басталды.
Президент Жолдауында ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен пайдалану керек екенін атап өткен болатын. Осы ретте ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігі облыстағы себілген ауылшаруашылығы дақылдарының 20 пайызында ауыспалы егістіктің қолданылатынын көрсетті. Яғни, Жолдауда айтылғандай, келешекте егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егу талабын сақтауға тиісті бақылау күшейтілетін болады.
Ауылшаруашылығы техникасы паркін жаңарту – біз үшін басымдылықта, ол үшін агросубъектілерге инвестициялық шығынды және несиенің үстемақысын субсидиялау сияқты бюджеттік бағдарламалар аясында мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Бұл саладағы еңбек өнімділігін арттыру мүмкіндік береді. Аграрлық сектор бүгінде бизнес үшін инвестициялық тартымды болып отыр.
Ауылшаруашылығы тауар өндірушілері 2025 жылға дейін жалпы құны 116 млрд. теңгеге 109 инвестициялық жобаны іске асыруға ынталы. Олардың қатарында, трансұлттық «Бауман» (Жетісу қой) және «Тайсон фуд» компанияларының ұсақ және ірі қара малды терең өңдеу жобалары да бар. Бұл шаралардың бәрі агроөнеркәсіп секторын қарқынды дамытып, Президент міндеттегендей экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналуы қажет.
Мақсұт ЖАПАРОВ,
облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы





