Күні кеше ғана Тәуелсіздік сарайында тер төгіп, адал еңбек еткен шаруалар мен диқандар үшін салтанатты жиын өтті. Ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің алғашқы форумында ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ біраз мәселе көтерді. Ендігі біздің мақсат – Қазақстанды әлемдегі ең астықты елдің біріне айналдыру.
Адал еңбекке қашанда құрмет жоғары болады деп ойлаймын. Ауылшаруашылық еңбеккерлерінің құрметіне ұйымдастырылған шарада қасиетті қара жерден нәсіп тапқан адал азаматтарға мемлекет тарапынан барлық жағдай қарастырылатыны айтылды. Мемлекет басшысы субсидия алу мен жеңілдіктерді пайдалану алгоритмдері фермерлер үшін барынша қарапайым және түсінікті болуы керектігін жеткізді. Тіпті, жыл сайын ауылшаруашылығы автопаркін 10 пайызға жаңарту қажеттілігі де сөз етілді. Техниканы 5 пайызбен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы іске қосылды.
Нәтижесінде соңғы 3 жылда ауылшаруашылық техникаларымды толықтай жаңарттым. 1998 жылы әкем Нәби Құмарбекұлы құрған «Әйгерім» шаруа қожалығы бүгінде жүгері егіп, қой, сиыр асырап, ауылдастарды жұмыспен қамтып отыр. 2012 жылдан бастап шаруашылық тізгінін қолға алдым. Қазір еншімізде 1200 гектар жер бар. Оның 200 гектары егіндік жер болса, қалған 1000 гектары жайылымдық. Израильдік тамшылатып суару технологиясын меңгеріп, 2022 жылы 50 гектарға, 2023 жылы 100 гектарға тамшылап суару жүйесін орнаттық. Соның нәтижесінде әр гектардан алынған өнімділікті 15 тоннаға жеткіздік. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Осынау еңбегімізді бағалаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолымен «Құрмет» орденін табыстады. Бұл «Құрмет» ары қарай да жемісті еңбек етуге жігерлендірді. Мемлекет тарапынан шаруалар еңбегі бағаланғанына қуаныштымыз.
Ұлан САРПЕКОВ,
«Әйгерім» шаруа қожалығының басшысы
Панфилов ауданы





