Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы мен алдағы жоспарларын егжей-тегжейлі баяндаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев келесі кезекте БАҚ өкілдерінің онлайн және оффлайн түрде қойған сан түрлі сауалына салмақты жауап берді.
– Еліміздегі ең ұзын көшенің құрылысы қашан толық аяқталады?
– Облыс құрылғаннан бері Текеліде жалпы ұзындығы 10,2 шақырым болатын 10 көше жөнделді. Ал биыл сіз айтып отырған Дінмұхамед Қонаев атамыздың есіміне берілген ұзындығы 33 шақырым көшенің 19,2 шақырымы жөнделуде. Қазіргі кезде 13,2 шақырымына орташа жөндеу мен абаттандырылу жүргізілді. Тағы 6 шақырымы күрделі жөндеуден өтуде. Бүгінгі күні 3,7 шақырымына екі қабат асфальт төселіп жатыр. Құрылыс толығымен келесі жылы аяқталады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан Қосдипломдық бағдарлама бойынша облыста қандай жұмыс атқарылуда?
– Біздің облыс аграрлы аймақ болғандықтан осы салаға білікті мамандарды өзіміз дайындауымыз керек. Сондықтан да осы мәселені ескере отырып, биыл І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Италияның Марке политехникалық университетінің филиалы ашылды. Оның түлектері енді агроном мамандығы бойынша қос диплом алып, ел дамуына өз үлестерін қосады.
– Облыс орталығындағы жабайы сауданың жайы не болуда?
– Заңсыз сауданың негізгі ошағы облыс орталығындағы Шевченко, Құрманов, Ақын Сара және Гауһар ана көшелерінде шоғырланған. Рұқсат етілмеген құрылыстар мен қоғамдық орындарды заңсыз басып алу фактілері болды. Сауда мәселесін шешу үшін Гаухар ана көшесінде тағы бір жаңа әмбебап базар салу жобасы жүзеге асырылды. 54 сауда нүктесі, 75 дүңгіршек, 56 көше дүңгіршегі қойылды. Жалпы, қазір қалада 1500-ден астам сатушыны біріктіретін 5 ресми базар бар. Тәртіпті қалпына келтіру үшін 2024 жылы «Рамстор Әлдибек» сауда орталығындағы заңсыз дүңгіршектерді бөлшектеп, қасбеттерін жаңарту бойынша жүйелі жұмыстар басталды. Жұмыс мұнымен тоқтаған жоқ, кезең-кезеңімен жалғасады.
– Жасөспірімдердің тәрбиесі, буллинг, кибербуллинг мәселесінің алдын алу үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?
– Біз оқушылар арасындағы теріс қылықтардың алдын алу мақсатында республика бойынша бірінші болып «Ментор» орталығын аштық. Бұл орталықта бірнеше кезеңдік іріктеуден өткен 119 тәжірибелі педагогтар, психологтар, ішкі істер органдарының ардагерлері, заңгерлер және қаржы мамандары жұмыс істейді. Олар буллинг пен кибербуллингтің, нашақорлық пен ойынға тәуелділіктің, зорлық-зомбылықтың алдын алу, қаржылық сауаттылық, саламатты өмір салты, мамандық таңдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар Панфилов ауданындағы аралас мектептерде құқықтық тәрбие жөніндегі 15 менеджер жұмыс істейді. Олар құқықбұзушылықтың алдын алу, балалардың құқықтық тәрбиесі бойынша ата-аналарға кеңес беру көмегін көрсетеді. Жалпы менторлық жоба өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында облыстық полиция департаментінің дерегіне сәйкес Талдықорған қаласы мен Панфилов ауданында жасөспірімдер қылмысы 4-5 есеге дейін төмендеген.
– «Бұрқанбұлақ», «Жасыл көл» және тағы да басқа туристер саяхаттайтын жерлердің жолдары жасала ма?
– Бүгінде Қазақстандағы ең биік «Бұрқанбұлақ» сарқырамасына баратын автокөлік жолы қайта жаңғыртылып жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін автотуризмді дамыту және туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында кемпинг аймақтарын құру жоспарлануда. Биыл «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автомобиль жолының 35-110 шақырымдары, яғни Балқаш көліне апаратын жолдың құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2026 жылы толық іске қосылады. Сол сияқты Лепсі ауылынан көл жағалауына дейінгі 27 шақырымдық учаскенің реконструкциясы толық аяқталды.
– Облыста Сайын Мұратбеков атындағы көше жоқ екенін бәріміз білеміз. Биыл жазушының мерейтойына орай қандай шара өткізуді жоспарлап отырсыздар?
– Өте орынды сұрақ. Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» повесін оқымаған қазақ жоқ шығар, сірә!? Қазақ әдебиетіне мол үлес қосқан оның шығармашылығы жан-жақты, көп қырлы қазына. Былтыр ақсақалдармен жолығып, біраз жоспар да құрдық. Енді сол бойынша жұмыс жүргіземіз. Қаламгердің атына берілген білім ошағы бар. Енді сол мектептің алдына бюст қойсақ деп отырмыз. Тарихи тұлғалардың тізіміндегі қаламгер атына көше беру ісін жүзеге асырамыз.
– «Қапал-Арасан» шипажайын қайта іске қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр ма?
– Шипажайдың қазіргі иесі жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, 2027 жылға қарай реконструкцияны бастайтындығын айтқан. Нысан «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС компаниясына жекеменшікке өтіп кеткен. Бірақ осы жұмыстың басталып, тиянақты аяқталатынына менің де күмәнім бар.
– «Ардагерлер» паркі аумағындағы жердің сатылғаны рас па?
– «Ардагерлер» паркі аумағындағы жер учаскелерінің жекеменшікке берілгені жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл мәліметтер бірқатар бұқаралық ақпарат құралында бұрмаланып берілді. Шын мәнінде әңгіме парктің аумағы туралы емес, оның солтүстік жағымен шектесіп жатқан жер учаскелері туралы болып отыр. Қазіргі уақытта Талдықорған қаласының прокуратурасы «Ардагерлер» паркі аумағындағы емес, оған жақын орналасқан жер учаскелерін мемлекеттік меншікке қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр.





