Жоғары білім алып, педагогика саласында, мемлекеттік қызметте жұмыс істеген Оңалбай Төлегенұлының отбасы бүгінде жеке кәсіппен айналысады. Тұздыбастау ауылында тұратын бұл отбасы «Ақ ырыс» атты жеке кәсіп ашып, сиыр сүтінен түрлі үй өнімдерін дайындап жүргеніне 5 жылға жуықтаған. Мұнда жоғары сапаға ие сары май, ірімшік, сыр, майлылығы үш түрлі айран ұйытылып, йогурттар жасалады. Тіл үйірер кілегей тартылып, құрт кептіріледі.
Расымен, үлкен тоңазытқыш пен сыр жасайтын аппарат, түрлі пішіндегі желім ыдыстар мен жұмыс үстелі орналасқан аядай бөлмеде осынша жұмыс атқарылып жатқанына қайран қаласыз. Ал үй ауласының тағы бір бұрышына 80 литрлік қара қазан қойылып, онда таңнан кешке дейін ірімшік қайнатылса, жанындағы кішкене ғана жаздық күркеде сүт тартылып жатады. Бес адамды тұрақты еңбекпен қамтып, тынымсыз жұмыс істеп отырған отбасының басты қағидасы – таза табиғи әрі сапалы тауар өндіріп, адал пайдасын көру.
– Сүт мәйекпен ғана ұйытылады. Ірімшікте белгілі бір форма жоқ, Баяғыдағы апаларымыз қайнатқан ірімшіктің дәл өзі. 70 литр сүттен 7 келі ірімшік аламыз, – деген Сайыпжамал Өтеп әңгімесін одан әрі сабақтай түсті. – Мамандығым математика пәнінің мұғалімі, мектепте ұстаз, институтта оқытушы болып ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шықтым. Біраз уақыт бұрын өзім ауыр науқастан тұрған соң қарап жатпай, кәсіппен айналыссам деген ой келді. Оны үйдегі кісі теріс көрмей, құптады. Сонымен бірлесіп, осы істі бастаған едік. Оған кіріспес бұрын Санкт-Петербургтен сыр жасау технологиясын онлайн оқыдым. Сырдың сырына қанықтым, құпиясын білдім. Сырға ешқандай ашытқы мен йод қосылған тұз қосуға болмайтын көрінеді. Баяғыда апаларымыз қатық жасағанда қаратікен тұз қосатын. Сөйтсек оның пайдасы өте көп екен, сол себепті тұзды Орынбордан арнайы тапсырыспен аламыз.
Бесқайнар ауылындағы сүт фермасынан табиғи сиыр сүтін алып, одан түрлі өнім өндіруді дамытып отырған отбасының таңнан кешке дейінгі тыныс-тіршілігінде дамыл жоқ. Жұмыстың дені қолмен атқарылады. Жаз айларында аулаға тігілген қазақ үйдің ішінде еңбек көрігі қызады. Сүт молайып, жұмыс ауқымы да екі-үш есеге артқанда орын таршылығы білінбейді. Күн суытқалы мүмкіндік азайғанмен жұмыс ырғағын үзбеуде. Күніге әрқайсысынан 6-8 келі шамасында құрт, сыр, ірімшік қайнату жұмыстары алма-кезек жүргізіледі. Оған жұмыс орнының тапшылығы кедергі. Оған қоса зейнет жасындағы адамдарға берілетін несие мөлшері де аздық етуде. Яғни, жер алып, сүт өнімдерін шығаратын кең көлемді цех ашудың, заманауи аппараттар қойып, жұмыс айналымын арттыру мүмкіндігінің болмауы қолбайлау. Осылайша бірін-біріне құрап, бастаған істі аяқсыз қалдырғысы келмеген қос зейнеткер үй жанынан ақ жоғары сападағы сүт өнімдерін даярлап, кәсіптерін тұралатпауға бел байлаған.
– Қазіргі кезде не жеп, не ішем демейсің, бәрі бар. Тек оның сапасын біле бермейміз. Бастаған істі бір жолға қою барысында осы кәсіппен айналысатындардың алуан түрлі тәсілдерін көрдім. Сананы тұрмыс билеген тұста, сапаның да аяқасты болып қалатын жайттары кездеспей қоймады. Содан соң тапқан табысымыз бойымызға сіңіп, адалынан болу үшін ертеден қалыптасқан дәстүрге ден қойдық. Бала-шағамыздың, тұтынушылардың денсаулығына пайдалы таза, табиғи өнім өндіруден айнымауды жөн көрдік. Еш қоспасыз, ашытқысыз ашытылған айран, йогурт, құрт-ірімшігіміздің дәмін татқандардың ризашылығын алғанымызда жұмыстың ауыртпалығын ұмытамыз, – деген жеке кәсіп иелері қалдықсыз өнім өндіреді. Олай дейтініміз, қатықтың сары суы да сатылымға шығады. Оған қоса, ашымал көже, жылқының майына шыланған жент өнімдері де алақандай жерде атқарылатын ащы тердің тәтті дәміне айналған. Сөйтіп, отандық, дәстүрлі сүт тағамдарын өңдеп, өндірудің озық технологиясын қалыптастырған «Ақ ырыс» ЖК иесі Сайыпжамал Нұрғазықызына үлкен ұлы Дидар мен келіні Саида демеу болуда. «Келін ененің топырағынан» демекші, Алматы қаласының тумасы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетін қызыл дипломмен тәмамдаған келіні енесінің үй тіршілігіндегі тәлім-тәрбиесін сіңіріп, еңбекке әбден төселген. Бүгінде бес баланы дүниеге әкелген Саида Рахимованың сүт өнімдерін өндірудің де қыр-сырына қанығып, ата-енесінің сенімді серігіне айналғандығын мақтан етуде.
Ұлбосын ИСАБЕК,
Талғар ауданы
Алматы облысы





