САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
Жетісу облыстық мәслихаты депутаттығына Көксу ауданы № 7 бірмандатты сайлау округі бойынша кандидат Болатбек Найманбеков Жанәділұлы.
ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР!
Мен, Найманбеков Болатбек Жанәділұлы, Көксу ауданының Бозтоған ауылында туып-өстім. Құқықтану және экономика салалары бойынша жоғары білім алдым. Еңбек жолымда спорт мекемелерінде, заңгерлік қызметте және басшылық лауазымдарда жұмыс істедім. Бүгінде кәсіпкерлік саласында еңбек етіп келемін. Кәсіби қызметімде тұрғын үй құрылысы, ұйымдастыру және басқару мәселелерімен тікелей айналысамын. «ВостокСтройЭнерджи» ЖШС басшысы ретінде мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында 45 тұрғын үйдің салынуына үлес қостым.
Оның ішінде Бозтоған ауылында 10, Мұқаншы ауылында 5 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл тәжірибе маған халықтың күнделікті тұрмысындағы мәселелерді терең түсінуге және нақты істің маңызын бағалауға мүмкіндік берді. Туған ауданымның дамуы мен үшін әрқашан маңызды. Көксу ауданының болашағы ең алдымен ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына, тұрақты жұмыс орындарының болуына, кәсіпкерліктің дамуына және қолайлы инфрақұрылымның қалыптасуына
байланысты деп есептеймін.
Әрбір елді мекенде сапалы жол, таза ауызсу, тұрақты электр қуаты, қолжетімді баспана және жастарға мүмкіндік болуы тиіс. Әділдік пен халық алдындағы жауапкершілікті осыдан көремін. Менің сайлауалды бағдарламам «ӘДІЛЕТ» партиясының құндылықтары мен бағдарламалық басымдықтарына негізделген. Бағдарламамда аудан тұрғындарының өміріне тікелей әсер ететін негізгі бағыттарды айқындадым. Негізгі назар кәсіпкерлік пен шаруаларды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, білім беру мен жастарды қолдауға, тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым және ауызсу мәселелерін шешуге аударылады.
Менің сайлауалды міндеттемелерім нақты жобаларға, нысандар мен орындалу мерзімдеріне негізделген. Оларды даму жоспарлары мен облыстық бюджеткеенгізуге, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға және халық алдында ашық есеп беруге күш саламын. Мен үшін депутаттық жұмыстың басты нәтижесі – адамдар өміріндегі нақты өзгерістер.
Құрметпен, Болатбек Найманбеков
МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ
Ауданымыздың басты байлығы – оның адамдары, олардың еңбекқорлығы, жауапкершілігі және туған жерге деген сүйіспеншілігі. Әрбір елді мекен назарға лайық, әрбір отбасы қолайлы өмір сүруге құқылы. Сапалы жолдар, қолжетімді әлеуметтік қызметтер, жұмыс орындары және жастарға мүмкіндіктер құр уәде емес,шындыққа айналуы тиіс. Барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес екенін түсінемін. Дегенмен депутаттық өкілеттігім шеңберінде оларды кезең-кезеңімен шешуге, мүдделеріңізді қорғауға және нақты нәтижеге қол жеткізуге дайынмын.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
1. КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беру мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ету. Жергілікті кәсіпкерлерді аудандық жобаларға қатыстыру, кәсіп бастаған азаматтарға құжат рәсімдеу және рұқсат алу мәселелері бойынша тәжірибелік көмек көрсету.
2. ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН АШУ
Ауданның даму жоспарындағы инвестициялық жобалардың орындалуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ету. Жергілікті тұрғындарды, әсіресе жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға, ауылдарда жаңа өндіріс орындарын ашуға жәрдемдесу.
3. ШАРУАҒА ҚОЛДАУ – АУЫЛҒА ҚОЛДАУ
Көксу ауданындағы шаруалардың жеңілдетілген несие мен мемлекеттік субсидияларға қолжетімділігін арттыру, суару жүйелері мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мәселелерін шешу. Шаруаларды тұқым, жанар-жағармай және тыңайтқышпен қамтамасыз етуге, шағын шаруашылықтарды кооперацияға біріктіруге ықпал ету. Ауыл шаруашылығы өнімдерін Көксу ауданының өзінде сақтау, өңдеу және өткізу мүмкіндіктерін кеңейту арқылы шаруалардың табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал ету.
4. БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ
Балпық би ауылында салынып жатқан 600 орынды жаңа мектеп құрылысының 2027 жылы аяқталуын бақылауда ұстау. Жастардың техникалық мамандықтарды меңгеруіне, кәсіби білім алуына және еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуына жағдай жасау.
5. СПОРТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТТІ ДАМЫТУ
Ауылдық елді мекендерде балалар мен жастарға арналған спорттық секциялар мен мәдени-шығармашылық үйірмелердің санын арттыруға ықпал ету. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен және шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау. Ауылдарда жастардың қабілетін дамытуға арналған спорттық, мәдени және бос уақыт орталықтарының ашылуына жәрдемдесу.
6. ТҰРҒЫН ҮЙМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
Көксу ауданындағы әрқайсысы 60 пәтерлі екі несиелік тұрғын үй құрылысының аяқталуын бақылауда ұстау. Мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтуға, тұрғын үй кезегінің ашық әрі әділ жүргізілуіне және әлеуметтік осал отбасылардың мәселелерін шешуге ықпал ету.
7. ИНЖЕНЕРЛІК ЖӘНЕ ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ
Көксу ауданындағы кәріз желілері құрылысының 2027 жылы аяқталуын қадағалау. Газбен қамтылмаған көпқабатты тұрғын үйлерге газ құбырларын тарту жұмыстарының толық аяқталуына ықпал ету. Алматы-Өскемен республикалық маңызы бар автомобиль жолының 213-234 шақырым аралығындағы күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын бақылауда ұстау.
8. АУЫЗСУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
Көксу ауданындағы 34 елді мекеннің орталықтандырылған ауызсу жүйелерінің тұрақты әрі сапалы жұмыс істеуін бақылауда ұстау. Тозығы жеткен су құбырларын жөндеу және жаңарту, ауызсудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету, тұрғындардың сумен жабдықтауға қатысты мәселелерін уақытылы шешуге ықпал ету.
9. ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ МЕДИЦИНА
Аудандық аурухананың жабдықталуын жақсартуға, бейінді дәрігерлердің көмегіне қолжетімділікті арттыруға және шалғай ауылдардағы медициналық қызметтің сапасын көтеруге ықпал ету. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шаралары арқылы медицина саласының мамандарын шақыртуды қолдау.
10. САПАЛЫ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ
Көксу ауданының ауылдық округтері мен шалғай елді мекендерінде ұялы байланыс сапасын жақсартуға және интернеттің қолжетімділігін арттыруға ықпал ету.
Тапсырыс беруші: Болатбек Найманбеков Жанәділұлы
Қаражат республикалық бюджет есебінен төленді







