Жетісу облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Онда индустриялық-инновациялық, көліктік-логистикалық даму, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, туризм бойынша мәселелер қаралды.
Алдымен республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік тас жолдары мен Талдықорған қаласындағы жолдардың жай-күйі, көліктік бақылау инспекциясының өткен тоғыз айда атқарған жұмыстары сараланды. Бұл туралы «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Қалтаев баяндады. Ол «Көкпек, Көктал, Қайнар арқылы өтетін Өзбекстан Республикасы (Ташкентке) – Шымкент – Тараз – Алматы – Шелек – Қорғас шегарасы» А-2 республикалық маңызы бар автокөлік жолына 306-322 шақырым орташа жөндеу жүргізу, 2024-2025 жылдарға арналған қысқы күтімге дайындықты хабардар етті.
Айтуынша, облыс бойынша автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 1034 шақырымды құрайды. Оның бүгінде 318 шақырымы қайта жаңартылып, 23 шақырымы күрделі, 171,8 шақырымы орташа жөндеуден өтуде. Ал «Қажсервис» ЖШС-нің облыс бойынша филиалының күтімінде 521,2 шақырым бар. Қысқы күтімге инертті материалдар мен техникалық тұз дайындау жоспарланған. Сондай-ақ, уақытылы қардан тазалап, көктайғаққа қарсы материалдар себу үшін аталған серіктестіктің облыс бойынша филиалында 63 арнайы техника сақадай сай тұр. Қолда бар қар тазалау техникасынан басқа жалға алынған арнайы техниканың 8 бірлігін тарту көзделуде.
Сонымен бірге 45-68 шақырым Сарыөзек – Көктал автокөлік жолын күрделі жөндеу туралы ақпарат берілді. Жоба бойынша жұмыстар 2021 жылы басталған. Ал оны аяқтау 1 қарашаға жоспаланып отыр. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы бойынша республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын орташа жөндеудің жаңа нысандарындағы істердің жағдайы да сөз болды.
Қосымша баяндаған облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев биыл облыстық маңызы бар автожол саласына Ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджеттерден 24,9 млрд. теңге бөлінгенін, осы қаражатқа 193,4 шақырым жол жөнделеді деп күтіліп отырғанын сөз етті. Бұған қоса, 19 млрд. теңге игеріліп, 155 шақырым асфальт төселген. Жол-жөндеу жұмыс сапасын арттыру мақсатында жол активтерінің сапа орталығымен шарт жасалған. Ол тұрақты негізде асфальтбетон жабынының сынамаларын талдап, жол жұмыстарының сапасына сараптама жүргізеді.
Өз кезегінде облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Дастан Жұмақұлов пен Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетовтің баяндамалары да тыңдалып, ой қорытылды. Соңында күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Айгүл Байбосынова





