Жасың ұлғайған сайын кешегі өткен күннен естелік айту қиындай түседі екен. Көз көргендер азайып, көңілің де құлазып, тарихтан тамыр үзгендей күй кешетінің де содан. Қолыма қалам алып, әке жайлы ой қозғасам артық болмас. Бірақ көбісі көмескіленіп, жадыдан өшкені қашан. Десе де санамда бала күннен жатталған, ел аузындағы әңгімелерді қайта жаңғыртайын.
Менің туған жерім сонау қарт Балқаштың жағасындағы жасыл құрақ пен сары құмның арасында орналасқан Көпбірлік ауылы. Балалықтың балғын шағы сол ауылда өтіп, арман қуып Алматыға аттанып кеттім. Міне, сол кішкене ауылдағы талай бабалардың еңбегі біздің бақытты болуымызға қанат бітірді емес пе?!
Бұрнағы Бөрілітөбе ауданына қарасты, бүгінде Қаратал ауданының еншісіндегі Көпбірлік ауылының тарихы тым тереңде. Алғашында алты ұжымшар болған. «Жаңа өндіріс», «Киров», «Қызыл Октябрь», «8 март», «Фрунзе», «Көпбірлік». Осы ұжымшарлардың орталығы 1931 жылы Көпбірлік болып бекиді. Мен сонау жиырмасыншы жылдарды қозғамай, ұжымшар болып құрылған кездегі әкем Жантемір Танекенов пен ұжымшардың құрылуына белсене атсалысқан аталар жайында сыр шертейін. 1931 жылы құрылған «Көпбірлік» колхозының бірінші басшысы болып Кілтбай Дүйсенов сайланады. Оған дейін де ауылдың түлеуіне үлес қосқан аталар болған. Бірақ мен Кілтбай ақсақалдан бері таратқанды жөн санап отырмын. Өйткені менің де әкем Жантемір Танекеновтың өлшеусіз еңбек еткен кезеңі осы кезең. Жаңадан ұжымдастыру кезінде тың істі қолға алған Кілтбай басшы тынбай еңбек етеді. Жөн білетін, қолынан іс келетін азаматтардың басын біріктіріп, тізе қосып ауылды көтеруге бар күш-жігерін арнайды. Білек сыбана жүріп ұжымшарды қайта құруға атсалысады. Әрқайысы әр шаруашылықтың маманы болып, елдің басын біріктіріп, жұмысқа жұмылдырады. Елдің еңсесі төмен, қиын-қыстау кез. Шатқаяқтаған шаруашылықтардың тамырына қайта қан жүгіртуге маңдай терін шелектеп төгіп жүріп, күні-түні тынбай еңбек етті.
Жалпы ауылдың негізгі шаруашылығы – балық. Оның сыртында мал, егіншілік тағы бар. Десе де атакәсіпке саналған балық аулау негізгі істері болғасын басымдық осы салаға қатты берілген. Кілтбай Дүйсеновке дейін Молдахмет Әлішпанов, Андрей Шуркеев, Нұрақыш Керімқұлов, Жаманқара Итқарынов, Әбілқайыр Ақашов, Қуантхан Есімханов басшылық қызмет атқарады.
Жантемір Танекеұлы 1887 жылы Қаратал өзенінің жағасындағы Абызқобыздардың мекенінде дүнеге келген. Жастайынан зерек, еңбекке араласып ержетеді. Өмірдің заңдылығы болар, әркез қоныс аударып, сол маңдағы қыстау мен жаз жайлауда көшіп жүріп күн кешеді. Жұмыстың ыңғайы мен ұйымдастыру қабілетінің арқасында 1931 жылы Үштөбе қаласына жақын Күріш даласы мекеніне күрішшілер бригадирі болып жұмыс істейді. Кейін «Сталин» ұжымшарында төраға, «Бөрлітөбе» ауданына қарасты «Гигант», «Ерікті», «Жаңаөндіріс», «Киров» ұжымшарында басқарма төрағасы болып еңбек етеді. Ұжымшардың шаруашылығын алға тартып, еңбек майданында өзгелермен қатар тер төгіп, кейінгі інілеріне үлгі де бола білді. Жұмыс істей жүріп, шаруашылықтың ретін білетін азаматтарға тәлімгер де болды. Соңынан Ш. Тәттібаев, Ә. Досқожанов, М. Назарбаев, Ғ. Мазабеков секілді азаматтарға сенім артып, олардың шыңдалып шығуына да үлесін қосып, бар білгенін көрсете білді. Кейін еңбек демалысына шығып, ауылдың сыйлы азаматы, ақсақалына айналып, жастарға батасын беріп, үнемі қолдап отырды.
Ауыр тірлік пен еңбектің қазанында қайнаған Жантемір Танекеұлы ата дәстүрінен де кенде емес еді. Жаны өлеңге құмар, жиын-тойда ұрпағына арнап өлең өріп, балаларын білімге құлаш сермеуге бағыт берді. Тұлпар жаратып, бәйгеге ат қосты. Әсіресе «Торытөбел» деген сәйгүлігі талай доданың бас бәйгесін жеңіп алып, әкемнің мерейін асырғаны бар. Мұны сол кездегі ауыл ақсақалдары аңыз етіп айтқанын талай мәрте құлағыммен естігенмін. Жантемір Танекеұлы 86 жас жасады. Осы жасқа дейін ғибратты ғұмыр кешті. Балаларына тәлім мен тәрбиенің дәнегін егіп, мәуелі бәйтерекке айналды. Ұлы Отанаман да әке жолын жалғап, сол туған ауылында еңбек етті. Мектепте ұстаз, мектеп директоры болып қызмет атқарды. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Отанаман да балаларының болашағы үшін бар ықыласын төкті. Білімге жетелеп, барлығын қанаттандырды. Соңынан шәкірт ертіп, талай баланың қанатын қомдады. Олар бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде еңбек етіп, абыройға бөленуде. Міне, соның барлығы Жантемір Танекеұлының арқасы деп білемін. Ақадал еңбепен келген абырой ұрпақтың да бақытына жол ашатынын байқауға болады. Ауылымның түтіні түзу шығуына бар күшін жұмсаған аталардың рухы шат болсын!
Шәмшакүл МЕҢДИЯРОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі