Бүгінде жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылық көбейіп тұр. Оны алдын алудың түрлі шарасы қабылданып, нақты жұмыс жүргізіліп жатқанымен алаңдатар тұсы басым. Талдықорған қаласының прокуроры Марат Сматов төрағалық еткен «Тәрбиенің кешенді бағдарламасын жүзеге асыруда әлеуметтік серіктестікті дамыту» атты «Дөңгелек үстелге» Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл, облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Дания Қыдырбаева, қаладағы білім мекемелері мен балалар құқығын қорғаумен айналысатын мемлекттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Ауруды жасырғанмен өлімің әшкере» деп бұрынғылар дәл тауып айтқан. Біз қанша жерден: «Өміріміз өркенді, қоғамымыз жарасымды, келешегіміз кемел» деп жар салғанымызбен, жастар арасында жасырын немесе жария істеліп жатқан заң бұзушылықтар жетіп артылады.
Талдықорған қаласы прокурорының орынбасары Адай Құтымовтың ақпаратаны сүйенсек, биыл қала аумағында 1280 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліпті. Бұл сан өткен жылмен салыстырғанда 211 дерекке азайған. Алайда жастар арасындағы заң бұзушылық көбейген. Бүгінде орта мектеп және колледжде оқитын 12 оқушы сот үкімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Олар қарапайым ұрлықтан тартып, аса ауыр және қатігез қылмыстарға дейін жасаған. Соның ішінде есірткі сатумен айналысатын және оны тұтынатын жастардың қатары көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Әсіресе, тәулік бойы әлеуметтік желіге байланған жасөспірімдер есіртке тарату және сатумен айналысатын түрлі әдіс-амалдарды ойлап тауып, ақшаның құлына айналған арампиғылды каскөйлердің мақсатын орындауға атсалысуда.
Айталық, биыл Талдықорған қаласында нашақорлық бойынша 33 іс тіркелсе, оның үшеуі кәмелет жасына толмаған балалардың қатысуымен орын алған. Өткен айда есіртке сатумен айналысатын 5 бала тұтқындалып, бұл қылмыстың өршіп тұрғанын көрсеткен. Сол қатарда ер балалармен қатар жасөспірім қыздардың қатысуымен жасалатын қылмыстың саны артуда. Осындай қылмыспен 4 қыз бала сотты болса, 10 бойжеткен «құрбыларына қоғамдық орында қатігездікпен зорлық-зомбылық көрсету бойынша» тергелуде. Ең қызығы, қыздар өздерінің бұл әрекетін бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеген. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау мәселесі де ушығып тұр. Соңғы 2 жылда 4 баланың өз-өзіне қол жұмсау дерегі тіркеліп, оның біреуі қайтыс болды.
Әрине, бұл деректердің артында ата-ананың қайғысы, қоғамның жауапкершілігі, бала өмірінің құндылығы қатарлы салмақты дүниенің тұрғаны анық. Осындай қылмыстарды болдырмау үшін құқық қорғау органдары тынымсыз жұмыс істеп келеді. Тіпті, арнайы чат ашып қоғамның көмектесуіне де мүмкіндік берілген. Оған кез келген азамат тіркеліп, құқықбұзушылықтың алдын алуға көмектесе алады. Осыған орай, қалалық прокуратураның «Қауіпсіз қала» жобасы аясында ашылған арнайы чат бар екенін айта кетейік. Оған түскен арыз-шағым иесінің жекебасының құпиялығы ерекше қорғауға алынады. Есесіне, қылмысты азайтуға септігі тимек. Шара аясында аталған чаттар туралы хабарлама жасалды.
Әрине, «Заңға қайшы қылмыс жасады» деп жастарды тұтқындап, соттағанмен іс бітпейді. Қайта осы арқылы Қазақстанның болашағын тұтқындап, соттап жатқандығымызды есімізден шығармағанымыз жөн. Ең бастысы, заң бұзушылықтың алдын алып, қылмысқа тосқауыл қойып, ел келешегі үшін жұмыс істейтін азамат тәрбиелеудің кешенді жолын қарастыруымыз керек.
Шараның соңында қала әкімдігі, Талдықорған қалалық прокуратурасы, облыстық ата-аналар комитеті және жиынға қатысқан білім саласы мен мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері әріптестікті нығайтып, бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.
Қажет Андас





