Өмірді өз парасат-пайымы тұрғысынан бағалай білген, талабы мен еңбегіне сенген, адалдықты ту еткен, сол асыл мұратынан айнымауымен мағыналы ғұмыр кешкен халқының арда азаматы, Жетісу өңіріне танымал тұлға, қоғам қайраткері Әбекең, Әбен Өмірәлиев биыл 90 жасқа келер еді. Өмірден өткеніне 23 жылдың жүзі болыпты. Әбекеңнің өмірі мен өткен жолдарын бүгінгі күннің биігінен тағы да бір ой сарабынан өткізіп, жарты ғасырға жуық отасқан өмірлік серігі, жан жары, балаларының анасы, немере-шөберелерінің әжесі ретінде отағасының алдында есеп беруді парыз санадым.
Әбекең Жетісу өңірінің бірнеше ауданында жауапты қызмет атқарып, азаматтық парызын адал орындап, туған жеріне еңбегін сіңірді. Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты, халқының қалаулысы болды. Адал еңбегі үшін лайықты марапаттарға, орден-медальдардың иесі атанды. Ол қай қызметте жүрсе де, басшы ретінде қарамағындағыларға қолынан келгенінше қамқорлық жасауды өзінің азаматтық борышы деп білді. Сондықтан да болар, Әбекең халық арасында үлкен беделге ие болды. Ол қызмет істеген өңірлердің өсіп өркендеуіне, мәдениетінің артуына қомақты үлес қосты. Замандастары Әбекеңнің жаңаша өзгерістерге, қоғамдық құбылыстарға, қабылданатын шешімдерге өз көзқарасымен қарайтынын, әділеттілігін, жағымпаздануды, жалпақтауды, екі сөйлеуді, жалтақтауды білмейтін турашылдығын, қоғамды жайлаған індет сияқты жағымсыз қылықтарға жаны қас болғанын әлі күнге дейін қимастықпен еске алады. Өзі қызмет істеген аудандардағы жақсы істер, экономикадағы даму, әлеуметтік саладағы оң өзгерістер, салынған құрылыс нысандарының, жолдардың, барлығының бастауында Әбекеңнің де үлесі бар еді.
Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық өмірге белсене араласты. Елдің қадірлі, ақылшы ағасы бола білді. Аузы дуалы, данагөй, шежірелі тұлға елдің бірлігі, ағайынның тірлігі жолында ел ағасы ретінде талай игілікті жұмыстар атқарды. Әрине көзі тірі болғанда көргені де, аңдағаны да көп жанның айтары да аз болмас еді. Өмірден көрген-білген, көкірегіне түйген ойларын жазуға шебер Әбекең талай қатпарлы сырларды ақтаратын Сондай ақ, Әбекеңнің артында өзіндей-көзіндей болып қалған ұл-қыздары, немере-шөбере ұрпағы және қадірін білетін қалың елі барда оның асыл тұлғасы, жарқын бейнесі ешқашан да ұмытылмақ емес.
Жұрт жүз өзгерсе де 67 жыл сүрген ғұмырында бір өзгермеген, ешкімге ұқсамаған, өзін ешкімге ұқсатпаған Әбекем. Бүгінде мен де сексенді еңсеріп қалыппын. Осы жасымда менің де көргенім аз болмапты. Сізге есеп беру үшін осы естелікті жазуды қолыма ала отырып, жазу барысында отағасына ғана емес, өзіме де есеп беру екенін түсіндім. Осы жылдары қара шаңырақта не жаңалық, не өзгеріс болды? Қара шаңырақтың қадірін сақтауды, қасиетін ұғынуды ұрпағымыздың бойына сіңіре алдым ба? Әбекемнің арманы орындалды ма, ол қалдырған өсиеттерді іске асыра алдық па? Атап өтуге тұрарлық қандай жетістіктерге жеттік?
Иә, заман өзгерді. Сіз көре алмай кеткен, өмір сүрмеген заманның еншісі бұйырған мен осы өзгерген заманның куәсі болдым. Уақыт көші алға жылжып, заман өзгерсе де, өзің салып кеткен адамшылықтың, кісіліктің жолынан таймағаныма ұрпағың, ел-жұртың куә. Алланың берген қуатына мың шүкір, менің өмірімнің мәні – әуелі отбасым, екінші – ұстаздық, ұрпақ тәрбиесі екенін өзіңіз жақсы білесіз, отбасымда әулетімнің ендігі үлкені ретінде береке-бірлік, ынтымақтың ұйтқысы болуды басты парызым санап келдім, тірлігімде солай бола бермек.
Әбекем, өзіңіз ортамызда болмасаңыз да, өсиет сөздеріңіз жадымыздан ешуақытта өшкен жоқ, әрдайым қайталап, «егер аталарың жандарыңда болса былай деуші еді» дегенді өз сөздеріңмен ұрпақтарыңның есіне жиі салып отырамын. Ол сөздердің мәні ешқашан ескірмейтін сияқты. Өйткені артыңызда сіз көрмеген ұрпақ өсіп келе жатыр. Олардың әрқайсысы осы өсиетке жан бітіріп, лайықты үлес қосып жүргендей көрінеді маған. Шүкір дегізетіні, артыңда қалған ұрпақтарың қоғамнан лайықты орнын иеленіп, ортасына сыйлы, абыройлы өмір кешуде. Сөйтіп барлығы да ұлттық тәлім табиғатын мерейлендіре білді. Үйлі-жайлы болып, берекелі шаңырақ көтерді. Өркен жайып, өрісімізді кеңейтіп отырғанын мақтанышпен айтуым керек.
Ғалымжан, Гүлмирадан – Дәрмен, Дәмелия. Бұларда жоғарғы оқу орындарын бітірген.
Әлиядан (үлкен немерең) екі шөберең бар. Даниял, Дәулет. Жолдасы Ернар Оксфорд университетінен әлемдік экономика бойынша білім алып қайтты.
Ақботадан (жолдасы Шоқан) үш шөберең бар: Тарлан, Алуа, Әлисұлтан.
Ақтоты (жолдасы Ғайни) – дәрігер, одан екі шөбере: София, Анель.
Әлібек, Ақмаралдан үш шөбере: Нұрия, Айдар, Айбар.
Дәрия мен Аделден – шөбереміз Дәнелия, Швейцарияда тұрады.
Сіз көрмеген, менімен аттас Ақылия Швейцарияда оқуда. Бүгін олардың бойынан өзің армандағандай ізгілікті, адалдықты, жан тазалығын көріп сүйсініп отырамын. Дәстүр жалғастығының жарқын көрінісі, тәрбие жемісінің салтанаты, үзілмес өнегесі осындай-ақ болатын шығар. Бәріміздің сенімді қорғанымыз, қамқорымыз – қос қанатыңыз Болатың мен Талғатың.
Болат кәсіпкерлігін жалғастыруда. Тал- ғат – ел ағасы ретінде ізіңізді жалғастырып, елге қызмет жасап келеді. Екі қарашығымызға Алла жар болып, абыройдан айырмасын деп тілеймін.
Балаларға, әсіресе, Болатың мен Талғатыңа жазып кеткен «Әке өсиетін» екеуінің бұлжытпай орындап келе жатқанына куә ретінде, өзімді бақытты ана санаймын. Үстелдерінің үстіндегі рамаға салынған өсиет сөздеріңіз олардың күнделікті өмірлік ұстанымына, рухани тірегіне айналды десем, сөзімнің өтірігі жоқ. Ақыл-нақыл сөздерің еш уақытта ескірмепті. Қанша жыл өтсе де дәл бүгін айтылғандай, қайта сол талап қазіргі заманда жаңарып, мән-мағынасы күшейе түскен сияқты. Қандай көрегендік деймін.
«Күні түскен кісінің ісін аяқсыз қалдырма». Бұл – әке өсиеті.
Заман қанша жақсарды десек те, көмекке мұқтаж жандардың күннен-күнге көбейіп отырғандығына алаңдайтынымыз рас. Болат та, Талғат та мүмкіндігінше осындай көмекке аса мұқтаж жандарға қолұшын беруден сырт қалмайды. Өкінішке қарай, елге қызмет ететін, елдің қамын жейтін ел басқарған азаматтардың көпшілігі өздерінің жеке басының мүддесін биік қойып, елдің жағдайымен санасуды естен шығарып алуда.
«Өз наныңды өзге дастарқаннан жеме» дегені – осы қоғамға дөп айтылған сөз деп ойлаймын.
Қазіргі заманда қоғамды «жемқорлық» деген індет жайлады. Сол жемқорлықтың салдарынан халықтың жағдайы нашарлап, Сіз естімеген, көрмеген, түсімізге енбеген оқиғалар орын алуда. Халықтың наразылығы көтеріліске айналып, Барыс жылының басында «қаңтар қырғынының» куәсі болдық.
Сіз естімеген «терроризм», «бүлікшіл», «радикалды ұйым» деген сөздер кірді. Халық көтеріліске шықты. 30 жылда оңаламыз деген желбуаз ұран далада қалды. Әрине, халық іші дүрбелеңге түсті. Еңбегіміз еш кеткендей сезімде болып, қан қысымымыз көтерілді. Әсіресе, замандастарымыз. Әйтеуір Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халықты сабырға шақырып, тұтқиыл шара қолданды. Ендігі міндет – соның айналасына бірігіп, «Жаңа Қазақстан» құру идеясын қолдау. Яғни, жемқорлықпен күрес, тәрбие мәселесін қолға алып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, пайдалы білім, адал кәсіпке тарту. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесінің өзектілігі күн тәртібіне ашық қойылды.
«Естімеген елде көп» демекші, дүниежүзіне COVID-19 деген жұқпалы індет таралғалы екі жылдан асты. Қаншама адам қауіпті індеттің құрбаны болды. Бізге де салқыны тимей қалған жоқ. Өзіңе ән айтып, көңіліңді көтеретін Динаны да бір жетінің ішінде арамыздан алып кетті. Амал не, Сіз жақсы көретін Шекербек Садықанұлы, Шөмішбай Сариев, Ескендір Хасанғали, Жақсылық Үшкемпіров, Қастай бауырым т.б. да бірінен соң бірі дүниеден озды.
Дүние бір тарының қауызына сыйғандай қысылтаяң, қиын-қыстау күндерді басымыздан кештік. Қолдан келері – балаларымның амандығын тілеп, бір Алладан медет сұрау, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылып жүргенімде бұл індет маған да жетті. Мені балалар 12-ші қалалық ауруханаға орналастырды. Тірі күнімде мұндайды көремін деп кім ойлаған! Тынысым тарылып, дем жетпей қиналудамын. Аузыма демалу аппаратын салып қойды. Миым істеп жатыр. Сол қалпымменен 3 күн жаттым. Ұйқы, тамақ деген жоқ. Төртіші күн дегенде түсіме сіз кірдіңіз.
– Ей, Бекбаева, бұл жерден дереу шығуың керек! – деген саңқ еткен дауысыңызды жанымда тұрғандай ап-анық естідім.
– Қалай шығамын?..
Терезеге барсам, палатам екінші қабатта екем. Есік алдында түнгі дәрігер көмекшісі отыр. Таңертең емдеуші дәрігер келді.
– Балам, мені шығаршы?
– Апай, болмайды. Сіз әлі емделуіңіз керек, толық жазылған жоқсыз! – дейді.
– Жоқ, балам, қолхат жазып берейін, шығаршы!
– Жоқ, буынсыз жерге пышақ қоймаңыз, біз сізді шығара алмаймыз. Біздің басымыз екеу емес, – деп шығып кетті.
Біраздан кейін бас дәрігер мен жаңағы дәрігер келді.
– Апай, шығаруға сұранып қоймай жатыр екенсіз, оныңыз не, үлкен адамсыз, жағдайды түсінуіңіз керек, – деді.
– Не айтарымды білмеймін. Түнде шалым түсіме енді деймін бе? Мына кемпір не деп тұр демей ме?!
Балаларыма айттым.
Болат: – Оны ойдан шығарыңыз, әлі жатасыз! – дейді.
Гүлмира: – Мама, жатып емделмесеңіз болмайды. Әйтпесе жазылмайсыз. Өзіңізді әзер орналастырдық, – деп шыр-пыры шықты.
Дәрігер: – Апай, аурудың беті қатты әрі аса қауіпті. Ашығын айтқанда, не біреуге жұқтырасыз, не қайғылы жағдайға ұшырайсыз. Біз сізді жібере алмаймыз, – деп бет бақтырар емес. Әр сағат сайын халімді біліп тұратын Талғатыма:
– Балам, менің шыдамым таусылды. Мені шығарып алуға көмектес, – деп жалындым. Баламның жүрегі мүсәпір халімді сезді ме екен, қолхат алыңыздар да шығарыңыз, – депті бас дәрігерге.
Сөйтіп, ауруханадан қашып шығып, үй жағдайында емделдім.
Кейін ойласам, сол кезде психологиялық күйзеліске ұшыраппын. «Егер шығармасаңдар, терезеден секіріп кетемін» деген сөзді де айттым-ау! Үйге келгеннен кейін бұл ауруға қандай ем жасадың, қалай сауығып кеттің десеңіз, атасы, сіз өмірден кеткеннен кейін Болат пен Талғат бірден есейді ғой. Өзіңіз барда алып берген кішкентай жерді игеріп, «Қазанат» деп ат қойды. Талғат онда ат ұстайтын болған. Сол жерге Фахредин екеумізді Болат таңертен алып барып, кешке алып қайтатын. Сол жердің ауасын жұтып, саумалын ішіп, бір ай емделіп жазылдым. Осының барлығын үлкен сағынышпен жазып отырғанымды рухың сезіп жатқанын білемін. Бұл өмірде жоқ болсаң да, көңілімдегі, жүрегімнің төріндегі сағыныш сезімі ешқашан мені өзіңнен алыстатқан емес, қайта мен үшін әлі қасымда сияқтысыз.
Сағыныш… «Көкіректе сағынышы жоқ, сарғайып сағынбайтын адам қандай бақытсыз. Адам бойындағы ең асыл қасиет – сезімнің бірі сағыныш селдеткенде алдыңа ештеңе тосқауыл бола алмай қалады екен ғой. Сағыну деген неткен бақыт!», – деген жазушы, журналист Қали Сәрсенбайдың ордалы ой түйіні ойыма жиі оралады.
Адам жанының аса нәзік сезімі сағына білудің өзі ерекше қасиет деп ойлаймын. Кейде сағыныштан жүрегім сыздап ерекше күйге түсетінім бар. Сол кезде бір жақын жанмен іштегі жан сырымды бөлісіп, жүрегімді сабырға келтіріп, тәубаға келемін. Сағыныштың да қорғасындай ауыр салмағы бар екен. Солай болса да, мейірім мен махаббатқа, үміт пен арманға толы күндер мен түндерді сағынбай қалай тұрамын? Қайда болсам да, қандай көңіл күйді басымнан кешсем де, бұл сезім өзіммен бірге. Өзіңіздің рухыңызбен сырласу, ақылдасып жүру менің дағдыма айналғалы қашан?! Жаңа бір іске ниет еткенімде немесе немере-шөберелердің ортасында мәре-сәре күй кешкен бақытты сәттерімде сіз менің сыртымнан бақылап, сүйсіне қарап тұрғандай сезінемін. Кейде іштей сөйлесіп тұрғанымда өз қуанышымды жасыра алмай бас изеп, қалай күлімсіреп тұрғанымды өзім де байқамай қалатын сәттерім бар.
Қымбатты менің Әбекем! Мен сізден қол үзіп қалғанымда өмірдің жалғандығына, баянсыздығына қатты налыған едім. Көңілім құлазып, рухым жүдеп қалған шарасыз күйімді айтпай түсініп, еңсе көтеруіме күш берген балаларыма шексіз ризамын. Содан бері қаншама жаз, қанша күз, қанша көктем өтті. Бірақ сіздің жарқын бейнеңіз бен байсалды үніңіз менің жүрегімде кешегідей сақтаулы. Сіз жоспарлаған болашақ армандар мен мұраттар, өмірлік серігің ретінде маған артқан сенімің менің өміріме жаңа тыныс, жаңа сілкініс әкелді. Ұрпақтарыңның заман талабына лайық алдыңғы қатарлы, озық ойлы, білімді, тәрбиелі болуын армандаған едіңіз. Әрине, оның бастапқы берік негізін өз қолыңызбен тұрғызып та кеткен едіңіз. Әрі қарай осы үрдістің желісін үзбей жалғастыру парызын абыроймен орындау үшін балалармен бірлесіп тынбай еңбектендік. Құдайға шүкір, еңбегіміз жеміссіз емес.
Жүрегіме қуат, ойыма тазалық, балаларға махаббат сыйлаған күндерді еске ала отырып өзіңіз туралы ұрпағымызға арнап жазған «Асыл ардағым», «Сөнбесін шырағың», «Оймақтай ой», «Қара қайрақ» атты шығармаларым дүниеге келді. Оның барлығы өзіңізден алған күш-қуат, ақыл-парасат, еңбектің арқасы. Бұл ой-толғауым да басылар, тек сағынышым басылмас, ол мәңгілік! Жатқан жерің жарық, топырағың торқа, жаның жанната болғай, әруағыңнан айналайын, Әбекем.
Ендігі тілегім, Алла балаларымызға, немере-шөберелерімізге, ел-жұртымызға амандық, береке-бірлік, ырыс-ынтымақ берсе екен. Әділетті заман орнап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ұрпақтарымыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақуатты, бақытты заманда өмір сүрсе екен. Жастарымыз отаншыл, талапты, білімді, еңбекқор, қарттарымыз қадірлі, абыройлы болса екен. Алда жақсылық болатынына сенемін!
Ақылия БЕКБАЙҚЫЗЫ,
Қарасай ауданы әжелер
алқасының төрайымы





