Елімізде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 99-бабының 2–тармағына сәйкес, АИТВ инфекциясының алдын алу жұмыстары бойынша халықтың ерекше топтарына арналған сенім бекеттері мен достық кабинеттері ұйымдастырылған.
Сенім бекеті – инъекциялық есірткі пайдаланушылар арасында АИТВ инфекциясының таралуын болдырмау үшін анонимдік, еріктілік және құпиялылық қағидаты бойынша тегін негізде профилактикалық қызмет көрсетілетін арнайы ұйымдастырылған пункт. Сенім бекеттері стационарлық немесе жылжымалы болуы мүмкін. Бұл бекеттер көбінде медициналық ұйымдардың жанында орналасқан. Сенім бекетінде арнайы дайындықтан өткен медициналық қызметкер жұмыс істейді. Облыста қазіргі таңда 9 сенім бекеті бар.
Халықтың мұндай топтарына кімдер жатады? Бұлар АИТВ-инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары адамдар. Оларға біз инъекциялық есірткі тұтынушылар, секс жұмыскерлер (ақша немесе тауарларға алмастырып тұрақты қызмет көрсететін, сондай-ақ, тұрақты емес негізде жыныстық қызмет көрсететін ересек әйелдер және трансген адамдар) және ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер жатады.
Сенім бекетінде АИТВ инфекциясының таралуының алдын алуға бағытталған әртүрлі шаралар кіреді. Оларға инъекциялық есірткі тұтынушыларды (ИЕТ) стерильді шприц, дезинфекциялық құрал, мүшеқап, санитарлық-ағарту әдебиетімен қамтамасыз ету, қолданылған шприцтерді жинау және жою міндеттеледі. Бекетте вирустық гепатит, АИТВ-инфекциясы, жыныстық жолмен берілетін инфекция туралы ақпарат, АИТВ-ға тестілеу жайлы мәлімет беріледі. АИТВ инфекциясы және ЖИТС бойынша тестілеу алдындағы психоәлеуметтік кеңес беру, сондай-ақ нарколог, дерматовенеролог, терапевт, фтизиатр және психологтың кеңесі ұйымдастырылады. Мамандандырылған, білікті медициналық көмек алу үшін инъекциялық есірткі пайдаланушыларды мемлекеттік медициналық ұйымдарға жіберу, АИТВ жұқтыру қаупін азайту бойынша шараларды әзірлеу үшін инъекциялық есірткі пайдаланушыларға тән қауіпті мінез-құлық үлгілерін зерттеу іске асырылады. Бұл қызметке экспресс әдiспен АИТВ-ға тестiлеу жүргізу де кіреді.
Алматы облысы бойынша сенім бекеттерінің тізімі:
Талғар ауданы, Талғар қаласы, Қонаев көшесі – 97 үй.
Қарасай ауданы, Қаскелен қаласы, Жангөзин көшесі –14 үй.
Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылы, Бейсеуов көшесі – 1.
Енбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би қаласы, Алмабеков көшесі – 2 үй.
Талдықорған қаласы, Медеу көшесі – 3 үй
Қаратал ауданы, Үштөбе қаласы, Момышұлы көшесі – 229 үй.
Тоғжан Мырзағұлова,
облыстық ЖИТС орталығы алдын алу бөлімінің маманы





