Өзбекстанның үш қаласы: Әндіжан, Ташкент және Бұқарада өтіп жатқан футзалдан Х Әлем чемпионаты ел құрамасы үшін сәтті өрбіді. Оған елімізден ағылып барып жатқан жанкүйерлердің де қолдауы ерекше. Топтық кезеңде ұпайдан шашау шығармаған Қазақстан құрамасы плей-офф сатысында кейінгі әлем чемпионы (2021 ж.) Португалиямен ойнап, жеңісті соңғы сәтте жұлып алды. Ал өзге ойындарда да сенсациялы есеп тіркеліп, фаворит санатындағы кей құрамалар жарыс жолынан шықты.
«БІЗДІҢ ЖІГІТТЕР!»
Әу баста әлем чемпионатының алдында «Қайраттағы» (Алматы) үздіктердің бірі Эдсон мен Еуропаның таңдаулы клубтарында ойнаған, бүгінде «Спортинг» (Португалия) сапында жүрген (биылғы маусымда 39 ойынға қатысып, 37 гол салған) 31 жастағы Тайнанның ұлттық құрамадан шет қалуы алаңдатқан. Дау неден басталды, ереже қалай күшейді? Әлем чемпионатының іріктеуінде Голландия мен Финляндия құрамасы Әзербайжан, Румыния және Арменияға шағым түсірді. Себеп – сол елдің чемпионатында ойнамақ түгілі құжат тапсырушы елді жеке куәлігін алатын кезде көргендер бар. FIFA (Халықаралық футбол федерациясы) шара қолданып, Әзербайжан, Румыния, Арменияға техникалық жеңіліс жазған болатын. Ереже бойынша құжат алушы азамат сол елде үзіліссіз 5 жыл тұруы керек. Қатарда жүрген Игита, Дуглас, Лео елімізде 5 жылдан артық тұрып жатса, 2017 жылы «Қайратқа» ауысып, 2018 жылы құжат алып, алайда 2019 жылы «Спортинге» ауысып кеткен (екі жыл ғана тұрған) ұлттық құрамадағы мергендердің бірі (36 ойында 25 гол салған) Тайнанның енді оралуы қиын-ақ. Ал «Қайрат» қатарына 2018 жылы қосылып, 2022 жылы құжат алған Эдсонның тізімге ілінбегені – 2020 жылдың қаңтарында «Лития» (Словения) командасына жалға ауысып, алты ай ойнағаны кедергі болды (үзіліссіз 5 жыл өтуі керек, демек, 2025 жылдың тамызында Ұлттық құрамада ойнай алады).
Құрама капитаны, қақпашы Игита биылғы Әлем чемпионатының төрт ойынында 48 сейф жасап, 3 гол ғана жіберді (Бразилия ғана 2 гол жіберді). Дугластың қорғаныстағы қырағылығы, Леоның жанкештілігі жөнінде де аз айтылып жатқан жоқ. Белгілі спорт журналисі Руслан Меделбек Португалиямен болған ойыннан кейін фейсбуктегі парақшасына: «Қазақстанның көк паспортын алдың ба, осы елде нәпақа тауып жүрсің бе, саған спорт әлеміне кең есікті ашты ма, онда футзал құрамасындағы бразилиялықтардай ойнау керек. Солардың келгені ел футзалына үлкен серпіліс берді. Шыңғыс, Дәурендер шықты. Сол құрама Өзбекстандағы әлем кубогында әлем чемпиондары Португалияны жарыстан шығарды. Әлем кубогының ширек финалындамыз. Құрамадағы ауызбіршілік, ойыншылардың бір-бірін түсінуі, қуануы видеодан-ақ сезіліп тұрғаны. Бұл құрама әлем кубогында жеңіске лайық» – деп жазды.
Алматыдағы алғашқы оқу-жаттығу жиынына бас бапкер Кака 21 ойыншы шақырып, електен өткен 14 футзалшыны Өзбекстанға алып кетті. Бұл тізімде шетелде ойнайтын жалғыз ойыншы – Лео («Спортинг», Португалия). Ал 14 ойыншының тек үшеуі ғана «Қайратта» ойнамаған, олар – Азат Валиуллин, Ринат Төреғазин және Ақжол Дәрібай. Іріктеуден өткен ойыншылардың алаңда барын беріп, жанын салып ойнап жатқанына куәміз. Тіпті, плей-офф кезеңінде Португалиямен болған ойынның алдында Әнұран шырқап тұрып, көзінен жас шығып кеткен Әбдірасул Әбдіманапұлының толқынысын да көрдік. Бір жыл бұрын іріктеу ойындарында қатарға қосылып, өзгеше ойынымен көзге түскен Әбдірасул сол сәтте-ақ басты мақсат әлем чемпионаты болатындығын айтқан еді.
ЧЕМПИОНАТ РЕКОРДШЫСЫ
2022 жылы Голландияда болған Еуропа чемпионатында 7 гол салып, үздік бомбардир атанған Біржан Оразов Өзбекстандағы Әлем чемпионатында жеке өзінің жетістігін еселеп қоймай, турнирдің тарихына да өзгеріс енгізді. Ол топтық кезеңде Испанияға ойынның бесінші секундында гол салды. Бұл әлем чемпионаты тарихындағы ең жылдам гол. Біржаннан кейін тізімде испаниялық Хави Родригес (11 секунд – 05.10.2008) пен ресейлік Данил Давыдов (12 секунд – 13.09.2016) тұр. Біржан Оразов айтулы сәт жөнінде «Инстаграм» желісіндегі өзінің парақшасында: «әлем чемпионаты тарихындағы ең жылдам голдың авторы – қара көз қазақ баласы. Құттықтау- ларыңызға шексіз алғыс! Алайда, басты мақсатты ұмытпаймыз. Жарақат немесе басқа кедергілерге қарамастан барымды салуға тырысамын» деген жазба қалдырды.
Есте болса, 2021 жылы Литвада болған әлем чемпионатында сол турнирдің жылдам голын Қазақстан құрамасының ойыншысы Тайнан (Литваға 23 секундта) салған болатын. Жоғарыда жазғанымыздай, талаптың күшеюі Тайнанды биылғы әлем чемпионатынан тыс қалдырды.
Қазақстан құрамасы Өзбекстандағы жаһан чемпионатында «Д» тобында Испаниямен (1:1) тең ойнап, Ливияны (4:1), Жаңа Зеландияны (10:0) айқын жеңді. Бірінші ойында тарихтағы жылдам голды салғанымызбен жеңісті соңына дейін ұстап қала алмады. Екі құрама тең тарқасты. Бұл ойында гол салған Біржан Оразов жарақат алып, ойынның орта шегінде жақсы қимылдап жүрген Дәурен Тұрсағұловты төрешілер алаңнан қуды. Қызыл қағаз алған Тұрсағұлов бастап- қыда Ливиямен болатын ойынға қатыспайтындығы айтылғанымен, төрешілер алқасы ойын сәтін қайта қарап Дәуренді тағы бір ойын (екі ойын) шеттетуді құптады. Топтық кезеңдегі ойынға қатыспаған Тұрсағұлов плей-офф кезеңінде ерекше ойын көрсетті. Кейінгі (2021 жыл) әлем чемпионы Португалияға бірінші Шыңғыс Есенаманов 10 минутта алыстан теуіп гол салған, артынша 20 минутта португал Зики Те есепті теңестірді. Алма-кезек шабуылдармен ойын уақыты өтіп жатты, аяқталар тұсқа жақындады. Кездесудің бітуіне 18 секунд қалғанда бұрыштамаға келген Дәурен Тұрсағұлов допты алаң ортасында жүрген Дугласқа берді, ол оң қапталдағы Кнаубты ойынға қосқан. Арнольд болса айып алаңына енген Дәуренге жерлете жылдам пас беріп еді, Дәурен ол сәтте мүлт кеткен жоқ. Бұл ойынның аяқталуына 14 секунд қалған сәт еді. Жеңіс голын салған Дәурен ойын аяқталғаннан кейін журналистерге: «Сағынып шықтым. Екі ойын әріптестерімнің ойынын алаң жиегінде көрдім. Көмектесе алмау қандай ауыр еді?! Бүгін сол олқылықтың орнын толтырып гол салып отырмын. Голымды барша қазақ еліне арнаймын!» – деді.
Матчтан кейін құраманың бас бапкері Пауло Рикардо Кака: «Әрине, бұл өте жақсы. Бірақ біз тек бір кезеңнен ғана өткенімізді ескерейік. Енді алдымыздағы қарсыласқа дайындалуымыз қажет. Қолдап жатқан барша жанкүйерлерге алғысымды білдіремін», – деді. Енді Қазақстан құрамасы ширек финалда Аргентина (кейінгі әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2021 ж.) мен Хорватия арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.
Қазақстан осымен әлем чемпионатына төртінші мәрте қатысып отыр. Алғаш қатысқан Гватемаладағы әлем чемпионатында тулақтай таласқа түсіп, ірі есептермен жеңілген еді. Сол кезде «А» тобында ойнап Бразилиядан 1:12, Португалиядан 2:6 және Гватемаладан 5:6 есептерімен жеңілген болатын. Одан кейінгі үш әлем чемпионатына қатыспай (2004, 2008, 2012), 2016 жылы плей-оф сатысына дейін жетіп, Испаниядан 2:5 нәтижесімен жеңілді. Ойыншыларымыздың ең ірі нәтижесі – 2021 жылы болған Әлем чемпионатының төртінші орыны (қола медаль үшін болған ойында Бразилиядан 2:4 есебімен ұтылды). Бапкер де, ойыншылар да нәтижені жақсарту үшін барын салмақ.
Серік ҚАНТАЙ