Өткен аптада ауа райының күрт өзгеріп, жел күшейіп, жауын қарлы боранға айналып, Кербұлақ ауданының 13 елді мекенінде электр қуатының апаттық сөнуіне себеп болды. Нәтижесінде Онжас, Талдыбұлақ, Шұбар, Аралтөбе, Көктал, Қосағаш, Беріктас, Қаспан, Шаған, Водное, Сайлыкөл, Көксай, Күреңбел ауылының тұрғындары электр қуатынсыз қалды.
Тұтынушыларға электр қуатын беруді тездету мақсатында табиғи апаттан болған зардаптарды қалпына келтіру үшін 21 қарашада апат бола салысымен «ТАЭТК» АҚ-ның электр беріліс желілері және Сарыөзек, Көксу электр желілері қызметкерлерінен арнайы топ жасақталып, қалпына келтіру үшін 10 техника, 38 жұмыскер жұмылдырылды. Осы жұмыстарды «ТАЭТК» АҚ-ның техникалық директоры Дәулет Шабденұлы, Сарыөзек электр желілерінің бастығы Ержан Ермекұлы ұйымдастырып, күні-түні жұмыскерлердің қасында болып, қалпына келтіру жұмыстарын бақылады.
Аталған елді мекендерде ағаштар сынып, желілерді үзіп, бағандарды құлатты. Бір ғана Аралтөбе ауылында желі 80 жерден үзілді.
Апаттық-қалпына келтіру бригадалары тәулік мезгіліне, ауа райының қолайсыздығына қарамастан таңғы сағат 5-ке дейін жұмыс істеді. Әрине, тас қараңғыда, күннің суығында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жасау оңай болған жоқ. Оның үстіне 1 метрден аса жауған қардың қалыңдығы электр жөндеушілердің елді мекен сыртындағы апат орнына жетуіне кедергі болды. «ДТ-75» тракторы, «ЗИЛ-131» автомашиналары ондай қарда жүре алмады. Тіпті, атпен жүру де мүмкін болмады. Жаяу, шаңғы, тағы басқа тәсілдермен 10-12 шақырым қашықтағы электр желілеріне барып, жөндеу жұмыстарын жасады. Біздің жұмыскерлердің табандылығы арқасында елді мекендерге электр қуатын беру бір шама тездетілді.
Сол күндері апаттық жағдайды әлеуметтік желіге салып, «неге тездетіп электр қуатын бермей жатырсыздар?», – деп шыдамсыздық танытып, байбалам салғандар болған жоқ. Бәрі түсінушілікпен қарап, тұрғындар жұмыскерлерге түнгі уақытта ыстық тамақ беріп, үйлеріне қондырып, жанашырлық көрсетті. Олардың пейіліне, мейіріміне мың алғыс айтамыз.
Ерекше алғысымызды Шұбар ауылдық әкімшілігіне айтқымыз келеді. Олар күні-түні апаттық бригадалардың жанында жүріп, оларды ыстық тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз етіп, бар жағдайды жасады.
«ТАЭТК» АҚ ұжымының қызметкерлері бар мүмкіншіліктерді қолданып елді мекендерге электр қуатын барынша тезірек беруге тырысты. Апатты қалпына келтіру жұмыстары 5 күнге созылды. 25 қараша күні сағат 17.00-де Кербұлақ ауданының барлық елді мекеніне электр қуаты берілді. Келесі күні елді мекендердегі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жарықты сөндірусіз жалғастырылды.
Тағы бір айта кететін жай, апаттық-жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына қажетті материалдардың жеткілікті болуы, сонымен қатар жұмылдырылатын техникалардың сақадай сай тұруы, апат салдарын жою мезгілін қысқартты.
Бұл табиғи апат «ТАЭТК» АҚ жұмыскерлерінің төтенше жағдай кезінде әрекет ету қабілетін тексеру болды деуге де негіз бар.
Әдетте осындай жағдайлардан сабақ алып жатамыз. Біздің тарапымыздан аудан әкімдеріне бірнеше рет электр беру желілерінің күзет аймақтарына жақын жерде орналасқан ағаштарды тексеріп, адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін, сондай-ақ, жеке және заңды тұлғаның мүлкіне залал келтіретін санитариялық кесуге жататын ағаштардың бар-жоғын анықтап шара қабылдау туралы хат жазылған болатын. Мүмкін дер кезінде шара қабылданса, құлаған ағаш саны аз болар ма еді.
Апат айтып келмейді. Әрқашан да дайын болайық!
С. Демидов,
«ТАЭТК» АҚ-ның
басқарма төрағасы





