Жаңа жыл қарсаңында Жетісу облысының орталығындағы 37 азамат баспаналы болды.
Пәтер кілттерін табыстаған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл тұрғындарды жүрекжарды қуанышымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Қазіргі уақытта Талдықорған қаласы бойынша 15 мыңнан астам адам тұрғынүй кезегінде тұр. Осыған байланысты аймақта әр жылы 2 мың адамды баспанамен қамту көзделген. Бұл үрдіс бұдан былай да жалғасын тауып, баспана кезегінде тұрған әр азаматтың арманы алдағы уақытта да орындалады деп сенеміз. Бастысы еліміз аман, жеріміз тыныш болып, келе жатқан жаңа жыл берекелі де мерекелі жыл болсын! Бүгінгі қуаныш иелерінің іргесінің бекем, шаңырақтарының шуақты болуын тілеймін, – деді шаһар басшысы.
Жауаптылардың сөзінше, қаланың «Құлагер» шағын ауданынан бой көтерген бұл жолғы баспаның кілттері негізінен ұзақ жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы азаматтарға табысталған. Олардың арасында 7 жетім бала, 2 мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеуші, 5 бірініші және екінші топтағы мүгедек жан, 7 көпбалалы ана, 14 толық емес отбасы мүшелері және 1 Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген, 1 қандастар санатындағы азамат бар.
– «Жаңа жылдың қарсаңында көптен күткен пәтерімізді алып, риза болып жатырмыз. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші отбасы ретінде кезекте тұрып 10 жылдан астам уақыт күттік. Сол күнге де жеттік, рақмет. Шынымен халықтың жағдайына аса көңіл бөліп жатқан аймақ басшыларына баспаналы болғандар атынан аналық алғысымды айтамын»,– деп ризашылығын білдірді жаңа пәтер иесі Жанар Болатбекова.
Айдын КӘЛІМХАН





