Талдықорған қаласы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «BIG-SMILE TURBO» отбасылық ойын-сауық орталығы мен «Айя» мейрамханасында «Бала деген бір бақыт» шарасы өтті.
Наурыз – жаңару мен мейірімнің, ізгілік пен бірліктің мейрамы. Осыған орай ұйымдастырушылар ерекше балаларға арнап түрлі ойындар мен концерттік бағдарламалар әзірледі. Мерекелік басқосу барысында ерекше күтімді қажет ететін, денсаулығына байланысты үйде тәрбиеленіп отырған, әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде тіркеуде тұрған балаларға қазақтың ұлттық ойындарына қатысып, өнер көрсетті. Сонымен қатар, бүлдіршіндерге арналып ұлттық тағам ұсынылды.
– Бүгін біз үшін де, балаларымыз үшін де ерекше күн болып жатыр. Ұйымдастырушылар мереке қарсаңында осындай ақ дастархан жайып, ерекше балаларды қуантуда. Ең алдымен әлеуметтік қызметкерлерге алғысымды айтқым келеді. Еңбектері еленсе екен деймін. Ерекше балалардың сауығып кетуіне осы ұйым қызметкерлерінің үлесі зор, – дейді үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде тіркеуде тұрған Әйгерім Хапезованың анасы Кулбанур Жұмағожаева.





