Тіл сарайында облыс әкімі Бейбіт Исабаев Желтоқсан көтерілісіне қатысушылармен кездесу өткізді. Басқосуға 29 желтоқсаншы қатысты. Жалпы облыста барлығы сол жылдардағы оқиғаға қатысқан 74 адам тұрады.
Жиын арнайы әзірленген бейнеүзік арқылы елі үшін өз тағдырын құрбан еткен боздақтарды еске алудан басталды.
Басқосу барысында облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы:
– Біз желтоқсан оқиғасын тәуелсіздіктің бастауында тұр деп білеміз. Сондықтан еліміздің ұлық мерекесі қарсаңында сіздермен кездесу өткізуіміздің үлкен символдық мәні бар. 1986 жылы Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжанова сияқты қыршын жастарымыз азаттық жолында жан қиды. Қаншама жас ауыр да азапты күндерді бастан өткізді. Олардың есімдері мен ерліктері жылдан жылға, ғасырдан ғасырға жаңғырып жете беретініне сенімдімін. Жаркент өңірінде Ербол мен Ләззатқа, жалпы желтоқсандықтарға арнап қойылған ескерткіш бар, ол бүгінде көптің тағзым ететін орнына айналды, – дей келе жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде желтоқсандықтардың қосатын үлесі зор екенін айтты.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда атаулы күндерге бірқатар өзгерістер енгізу туралы бастама көтергенін тілге етті. Айта кетейік, Мемлекет басшысы: «16 желтоқсан Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні бұрынғыша сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. 16 желтоқсан тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», — деген болатын. Ал 25 қазан Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайта берілді.
Осыдан кейін, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт, Алматы облысы «Жетісулық желтоқсандықтар» қоғамдық қорының төрағасы Ермұхан Жүнісхан, Желтоқсан оқиғасының қатысушылары Бағдат Айтмұқаева мен Толқын Бөкейбаева сөз алып, алаңға шыққан желтоқсаншылардың ерлігін ешқашан ұмытуға болмайтынын айтты.
Жиын барысында облыс әкімі Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың барлығы жеңілдетілген медициналық көмек алуға құқылы екенін жеткізді. 2023 жылдан бастап олар жылына бір рет санаторийлер мен курорттарда тегін медициналық қызметтерді пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Биыл бір жолғы материалдық көмекке 200 мың теңге берілетін болды. Ал идеологиялық бағытта Бейбіт Исабаев фильм түсіру, желтоқсаншыларға арналған кітап шығаруды ұсынды. Сонымен қатар, Талдықорғанда келесі жылы Желтоқсан құрбандарын еске алуға арналған монумент орнатылады деп жоспарлануда. Оның нобайын әзірлеуге желтоқсаншылардың өзі атсалысады. Облыс басшысы монумент орнатуға әкімдік тарапынан қолдау көрсететінін айтты.
Айдар ҚАЛИЕВ,
Жетісу облыс





