Мамандардың мәліметінше, өткен жылы Талдықорған қаласы аумағында 200-ге жуық жол белгісі жаңадан қойылып, 4 бағдаршам орнатылған болатын. Ал биылғы жылы жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында 378 жаңа жол белгісі қойылып, тағы 4 бағдаршам орнатылмақ. Сонымен қатар, қала аумағындағы жарнамалық баннерлер жаңартылып, автобус аялдамаларын тегіс жуу және сырлау жұмыстары жалғасуда.
– Бүгінде Талдықорған қаласында 280-нен астам аялдама бар. Оның 21-і смарт аялдамалары. Аталған смарт аялдамалары 2018 жылы ел игілігіне берілгенімен, сапасы сын көтермей, өңір тұрғындарының наразылықтарын тудырып келген. Өткен жылы қала әкімінің тапсырмасымен бұл аялдамаларды заман талабына сай жабдықтап, 5 жылға сенімгерлік басқаруға беру шешімі бойынша қайта жөндеуден өткізілген. Қазіргі уақытта қала аумағындағы басқа да тозығы жеткен аялдамалардың барлығы жаңартылып, жаңадан бой көтерген шағын аудандардағы халықтың сұранысына сәйкес 36 жаңа аялдама орнатылуда. Қазіргі орнатылып жатқан аялдамалардың басты ерекшелігі – ұлттық нақышта жасалған», – деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Ниетбаев.
Атап өтерлігі, қазір Талдықорған қаласының тазалығын сақтап жан-жақты абаттандыру жұмыстарын жүргізу басты күн тәртібінде. Осыған байланысты әр жыл сайын шаһарда түрлі тазалық шаралары ұйымдастырылып, көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне дейін әшекейленуде.
Айдын КӘЛІМХАН