Облыстық кәсіпкерлер палатасында жекеменшік білім беру жөніндегі салалық кеңес жұмысы шеңберінде Білім министрлігіне жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қаржыландырудың жеткіліксіздігі жөнінде шағым айтылды.
Кәсіпкерлер жекеменшік балабақшалардың қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілуі мемлекеттік балабақшаларға қарағанда тең дәрежеде емес екеніне наразы. Осы мәселені көтерген салалық кеңес төрағасы Маржан Ахмеджанова 2010 жылы елде мектепке дейінгі ұйымдардың жетіспеуі кезінде Үкімет өз тарапынан кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетуге уәде беріп, бизнес өкілдеріне балабақшалар салу және ашу жөнінде өтініш білдіргенін еске салды.
Сол жылы облыс бойынша балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен қамту небәрі 16,7 пайызды құраған. Осы ретте аймақ кәсіпкерлері Үкімет үніне құлақ асып, халықтың балабақшаға қажеттілігін толық қанағаттандырып, биылғы жыл басында 98 пайыздан асты. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – мемлекет мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ғимаратын ұстауға, қызметкерлерге жалақы төлеуге, салықтарға, коммуналдық қызметтерге, жан басына шаққандағы қаржыландыру нормалары көлемінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жұмсалатын барлық шығынды өтеу бойынша бизнес алдында өзіне міндеттеме алатынын білдірді.
Егер бизнес – білім беру ұйымдарына қойылатын мемлекеттік жалпыға міндетті стандартты ұстануға тырысып, өзіне алған міндеттемелерін адал орындаса, онда мемлекет жекеменшік нысанындағы балабақшаларды қаржыландыру кезінде кәсіпкердің өз персоналы алдында педагогтің біліктілік санаты, мамандандырылған күзет, техперсоналдың жалақысын кезең-кезеңмен көтеруге қосымша ақы төлеу сияқты бірқатар міндеттемені ескермейді. Ал осы төлемнің бәрімен мемлекеттік балабақшалардағы педагогтар қамтамасыз етілуде.
– Мемлекеттік ұйымдармен салыстырғанда, жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтарын қаржыландыру теңсіздігінің айқын көрінісі – білікті ұстаздардың жыл сайын жекеменшік балабақшалардан кетуіне алып келеді. Біз мемлекеттік балабақшалар сияқты педагогтарымызды республикалық бюджеттен дербестендіру үшін Білім министрлігіне бірнеше рет хабарластық. Ал олар бұл мәселені үнемі жергілікті атқарушы органдарға тапсырады. Егер ведомство жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қажеттілігін елемеуді жалғастыра берсе, онда бізге бизнесті ұстап тұру қиынға соғады. Салдарынан жекеменшік балабақшалардың жабылуы мүмкін, – дейді Маржан Ахмеджанова.
Осы тұрғыда мектепке дейінгі балалармен 25 жыл жұмыс істеген «INTELLECiTy» балабақшасының тәжірибелі тәрбиешісі Татьяна Луценко да ойымен бөлісті.
– 2021 жылы педагог-зерттеуші біліктілік санатын алдым. Аттестаттау туралы бұйрыққа сәйкес лауазымдық жалақыға 40 пайыз үстемеақы алу керек. Алайда біліктілік санатын қорғаған жекеменшік балабақша педагогтары бұл үстемеақыны алмайды. Мұның бәрі жан басына шаққандағы қаржыландыру формуласына енгізілмегендіктен болып отыр. Жекеменшік балабақша тәрбиешілерінің мемлекеттік балабақшаларда жұмыс істейтін әріптестерінен қандай айырмашылығы бар? Жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдары да мемлекеттік тапсырысты қамтамасыз етеді. Жалпы қабылданған нормативтік құжаттар негізінде балаларды мектепке даярлаймыз. Сол сияқты әрбір бес жыл сайын аттестаттаудан өтіп, осындай құжаттаманы жүргіземіз. Республикалық, өңірлік және халықаралық конкурстарға қатысып, жетістіктер мен наградалар аламыз, – дейді Татьяна Луценко.
Педагогикалық қоғамдастық мүдделерін қорғайтын кездесуге шақырылғандар тарапынан барлық зияткерлік олимпиадаға тәрбиеленушілердің қатысуы ұйымдастырылатыны, жекеменшік балабақша тәрбиешілерінің жүктемесі мемлекеттік балабақшалардағы әріптестермен бірдей болатыны, соған қарамастан, жоғары білікті кадрлар мемлекеттік балабақшада жұмыс істеуді жөн көретіні, осы ретте Білім министрлігіне сауал жолданып, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бойынша жекеменшік нысанда қызмет ететін педагог еңбегінің құнсызданып, кәсіби қадір-қасиеттің төмендеуіне жол беріліп отырғаны айтылды.
Шараға жекеменшік балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары да шақырылды. Олар да өз ой-пікірлерімен бөлісіп, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметінің сапасына көңілдерінің толатынын жеткізді.
Айгүл Байбосынова