Алданның (аты-жөні өзгертілген) жұмыссыз жатқанына да жарты жылдан асты. Жұмыс жоқ емес, тек екі иінге аяқ тіреп, желкеге мінген жалқаулығы мұрша бермейді. Ішіп-жемі таусылса арасында жалдамалы жұмыс істеп, азын аулақ тиын-тебен тауып келеді. Бірақ, тапқан табысы мардымсыз болып, тамағынан артылмайды.
Алданның бар арманы – тез байып кету. Күндіз-түні ойлайтыны да сол. Баюдың жолын іздеп интернет ақтарып отырып, түрлі видеолар көреді. Әлеуметтік желідегі алаяқтарға алданып қалыпты деген жаңалықтарды жиі кездестіргендіктен оған адамдарды алдап ақша жасап, тез байимын деген арам ой келеді. Сөйтіп, жұртты алдап, жан қинамай тез арада көп табыс тауып, баю жағын мықтап ойластырады. Ол жеңіл табыстың болмайтынын білсе де кейбір адамдардың сауатсыздығын пайдалануға болатынын есепке ала келе оларды алдап-арбап қақпанға түсіру жағын жоспарлайды.
Алаяқтық қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында қаланың біріндегі моншаға барып, Сенбек (аты-жөні өзгертілген) есімді азаматпен танысып, араласа бастайды. Сенбек үйлі-баранды азамат. Еңбекқор. Тұрақты жұмысынан бөлек, қолы босай қалса жалдамалы жұмыс іздейді. Қосымша жұмыстан шыққан Сенбек сергіп, жуынып қайтайын деп қаладағы моншаға келіпті. Сенбектің аңқаулығын түрінен, іс-әрекетінен байқаған суайт онымен бірден араласып, тақырға отырғызу жоспарын ойластырады. Әңгіме барысында Сенбек Алданнан қайда жұмыс істейтінін сұрайды. Алдан шімірікпестен өзін іскер тұлға ретінде білдіріп, жылжымайтын мүлікке құжаттарды заңдастыратынын, мемлекеттік органдарда лауазымды адамдармен танысы барын, одан бөлек, Ресей және Монғол елдерінен басқа елдерге қарағанда екі есе арзан, жағдайы жақсы автокөліктер әкелумен айналысатынын айтады. Сенбекке түрлі автокөліктердің суреттерін жіберіп, «ақша болса алып алыңыз немесе таныстарыңызға айта жүріңіз, құжаттарын заңдастырып беремін, таныстарыма автокөлік әкеліп беріп жүрмін, бәрі риза» деп сендіреді. Алданның әңгімесін тапжылмай ұйып тыңдап отырған Сенбек оның алдында алаяқ отырғанынан мүлдем бейхабар еді. Осылайша екеуі телефон нөмірлерімен алмасып, араласып кетеді.
Бір күні Алдан Сенбектің досына «Тойота Venza» ақ түсті, xle комплектациясындағы автокөлік керек екендігін біліп алып, интернет жүйесі және «Колеса» сайты арқылы аталған автөліктің фотосуреттерін көшіріп, Моңғол елінде сатылып тұр деп алдап, WhatsApp желісі арқылы Сенбекке жібереді. Ол оны «бір танысым шетелдегі көлікті алып сатумен айналысады, сен іздеген көліктер» деп досына жібереді. Досының танысы болған соң көліктің бағасын сұрап, маған да әкеліп берсінші деп қолқа салады. Ойлағаны жүзеге асқанын сезген алаяқ автокөліктің құны 3 800 000 теңге екенін айтады. Қылмыстық әрекетіне толық сендіру мақсатында, көлікті әкелген жігіттерге 150 000 теңге, өзінің делдалдық қызметі үшін 300 000 теңге автокөлік келген соң бересіздер деп алдайды. Онымен қоса «біз намазханбыз, біреудің мүлкін алдап алмаймыз», деп күмәндерін сейілтеді. Алаяқтың сөзіне иланған екі дос Алданға көліктің ақшасын толық аударып жібереді.
Арада бірнеше күн өткен соң досы Сенбекке «Алданға хабарласып, көлігім қай жерге жеткенін білші» деп сұрайды. Сенбек Алданның телефоны өшіп жатқанын айтады. Екеуі бірнеше күн Алданға тоқтаусыз қоңырау шалады. Телефоны байланыс аясынан тыс жерде. Екеуі де алаяқтың кім екенінен, қайда тұратынынан бейхабар. Осы кезде ғана аңғал Сенбек алданғанын түсінеді.
Қомақты қаражатты қалтасына басқан Алдан басқа қалаға кетіп қалады. Ол әр өңірге барып осылай елді алдай берсем тез арада көтеріліп кетемін деп ойлайды. Бірақ, алаяқ ұзақ сайран сала алмады. Алаяқтыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері қылмыскерді қолға түсірді. Тергеу барысында кінәсі толық дәлелденген Алдан соттың үкімімен бас бостандығынан айырылды.
Қазір айшылық алыс жерден жылдам хабар алғызған әлеуметтік желінің дамыған заманы. Бірақ интернетті игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да аз емес. Себебі, алаяқтық қылмыстардың көбісі интернет арқылы жасалады. Десе де қандай қылмыс жасасаң да әшкере болатынын ұмытпайық. Өйткені тегін ірімшік қақпанда ғана болады.
Айдар ҚАЛИЕВ