Жыл сайын текелілік тұрғындар негізгі газ, су, жол мәселесін жиі көтеретін. Алайда бұл қордаланған мәселенің мәнісі жылдар бойы өз шешімін таппай келді. Жүйелі әрі ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесінде бұл үш мәселе шешілді.
Арнайы жұмыс сапарымен Текелі қаласына барған облыс әкімі Бейбіт Исабаев осы әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексеріп қайтты.
Қазіргі уақытта қаланы газдандыру жұмыстары қарқын алуда. Газдандыру жұмысы соңғы кезеңге жеткен. Тіпті, ауыз судың сапасын арттыру жобасы да жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Текелілік тұрғындардың үніне құлақ асқан жергілікті атқарушы орган жол жөндеу жұмыстарын бастап кетті.
– Текелі қаласындағы күрделі мәселелер көп жылдан бері шешімін таппай келгені анық. Өркениетті елдердегідей газ, су, жол мәселесі кезек күттірмей шешілуі тиіс. Бүгінде қаладағы газдандыру жұмыстары соңғы сатысына жетті. Қазірдің өзінде 1000-нан астам абонент көгілдір отынға ие болуда. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін қаладағы 4 мыңнан астам тұрғын газға қол жеткізе алады. Ал қаладағы ауызсу мәселесіне келер болсақ, жобаның бірінші кезеңіндегі барлық жұмыс толық аяқталған. Сүзу стансасының жабдықтары жөнделіп, екі су қоймасы салынды. Ұңғымалардан 16,5 шақырым су құбырының желісі орнатылды. Бұл тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтуға мол мүмкіндік береді. Енді мамандар мамыр-маусым айларында судың сапасын тағы да тексереді. Жұмыстың екінші кезеңінде ішкі сумен жабдықтау желілері ауыстырылады. Бұл жұмыстарға біздің тараптан қаржы толық қарастырылған. Ең бастысы нәижелі жұмыс істеліп, жергілікті халық таза ауызсумен қамтылса болғаны. Жоба жоспар бойынша жүзеге асырылуда. Су және газ желілері аяқталғаннан кейін ғана жол жөндеу жұмыстары басталады. Қазір ел бойынша ең ұзын көше саналатын Д. Қонаев атындағы көшені күрделі және орташа жөндеу жұмыстары басталды. Оны күзде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осылайша, аз жылдың ішінде Текелі қаласының аса маңызды деген үш мәселесі шешілді, – деді облыс әкімі Б. Исабаев.
Халықты газбен қамтамасыз ету үшін қосылу құны да қалтаға салмақ салмауы керек. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаевтың айтуынша, Текелі қаласында жоба бойынша орталық құбырдан тұрғын үйдің шекарасына дейін (22 метр) құбыр тарту жұмысы бюджет есебінен жүргізіледі. Демек, газ қазандығы мен керек-жарақтарын есепке алмағанда, жеке үйді газға қосу құны шамамен 110-120 мың теңгені құрайды. Ал көпқабатты пәтерге газ тарту құны 64-75 мың теңге. Көгілдір отынға қосылу үшін газ қазандықтарын 10 айға пайызсыз бөліп төлеу мүмкіндігі де қарастырылған.
Аймақ басшысы еліміздегі ең ұзын Д. Қонаев көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын да көржі. Бейбіт Исабаев мердігер компанияға ұлы тұлғаның атауына берілген көшенің жолы сапалы болу керектігін тілге тиек етті.
Текелі қаласы аумағындағы ұзындығы 3,6 шақырымнан асатын «Бәйбіше» магистральды каналының жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмады. Канал Текелі қаласындағы суармалы жерлерді қамтамасыз етіп қана қоймай, Ескелді ауданын да суармалы сумен қамтымақ. Жыл соңына дейін Текелі қаласындағы каналдың жөндеу жұмыстары аяқталса, келер жылы Ескелді ауданында да дәл осындай жұмыс қолға алынады. Бұл 272 гектар жердің суару сапасын айтарлықтай жақсартуға мол мүмкіндік береді.
Баспана – басты мәселе. Бұл бүгінгі күннің ең басты тақырыбы. Сондықтан да облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы Текелі қаласының тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән берді. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының сапасына тоқталып, баспананың сыртқы түсі мен дизайнына ерекше мін беру қажеттігін айтты.
Қазіргі таңда қалада 60 көпқабатты үйдің құрылыс жұмысы жүргізілуде. Қаңтар айында басталған құрылыс жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
– Біз баспананың санына емес сапасына ерекше мән береміз. Бес қабатты тұрғын үй құрылысында 45 жұмысшы еңбек етуде. Жалақыларын уақытылы алады. Жұмыс жоспар бойынша атқарылуда, – дейді учаске меңгерушісі Серік Әбдірахманов.
Текелі қаласын жылумен қамту да үлкен мәселе. Тұрғындардың үні билікке жетіп, белгіленген электр қуаты 53 МВт және жылу қуаты 48 Гкал/сағ. газ турбиналық стансасының құрылысын қамтитын Текелі энергетикалық кешенін жаңғырту және кеңейту жобасы жүзеге асуда.
«Текелі энергетикалық кешені» ЖШС басшысы Арман Отарбаевың айтуынша, жобада 3 газ турбиналық қондырғы, 3 қалдық жылу қазандығын және генераторы бар бу турбинасы орналастырылады. Мамыр айында I кезең бойынша жоспарланған жұмыс өз мәресіне жетеді. Жалпы жоба 2026 жылдың наурыз айында толық аяқталады. Жоба толық біткенде Текелі қаласының жылу энергиясы мен қосымша электр қуатының мол қорын құруға мүмкіндік береді.
Бейбіт Исабаев жұмыс сапарының соңында орталық саябақты аралау арқылы қаладағы абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Текелі қаласының әкімі Алмас Әділдің сөзіне сүйенсек, биыл Текеліде барлығы 8 мың жас ағаш отырғызу жоспарланған. Оның 2500-і жыл басынан бері егілген. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 3 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған.
Еңлік Кенебай
Суретті түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ





