Қазір қазақ әйелдерінің өзінің отбасын асырау үшін кез келген кәсіп, түрлі мамандықты меңгеріп, қиындықпен күресте табандылық танытатынын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Өңір базарларында сауданың көрігін қыздырып жүргендер де қыз-келіншектер. Солардың бірі – Жаркент қаласында тұратын тігінші Гүлжан Шәріпбекова.
Кентау қаласының тумасы Гүлжанның алғашқы мамандығы сарапшы-бағалаушы болатын. Ол туған қаласындағы жекеменшік тұрмыс қажетін өтеу кәсіпорнында еңбек етті. Содан соң табысты жұмыс іздеп Алматы қаласына келді. Оңтүстік астанадан қолына қолайлы кәсіп таппады.
– Мені ата-анам бала кезімнен тиянақты іс тындыруға үйретті. Сондықтан қайда жүрсем да кез келген жұмысты ыждағатпен атқардым. 2012 жылы жаркенттік жігітпен танысып, тұрмыс құрдым. Міне, он жылдан бері аудан орталығында тұрып келеміз. Бірге үш бала өсіріп отырмыз. Отағасының талабымен біраз жыл жұмыс істеген жоқпын. Балаларды өсірдім, қарт енемді күттім. 2019 жылы май құю бекетіне жұмысқа тұрдым. Бір жылдан кейін «Бастау бизнес» бағдарламасы туралы естідім. Отбасыммен ақылдасып, осы бағдарламаға қатысуға бел байладым. Бұл менің көптен бергі арманымды жүзеге асыруға жол ашты, – дейді Гүлжан Серікқызы.
Бастапқыда курстағы кондитерлік мамандықты таңдамақ болды. Өйткені тәтті пісіруді бұрыннан жаны жақсы көретін. Ойлана келе бала кезден киім тігуге икемі барын ескеріп, осы кәсіпті игеруді жөн көреді. Оның бизнес жоспары мақұлданып, Үкіметтен бөлінген қаржы қолына тиісімен тігін машинасын, киім пішетін үстел, тағы басқа қажет заттарды сатып алып, іске кірісті.
Гүлжан тігіншілікте алғашқы сәттен өз қолтаңбасын жасауға талпынды. Тек киіммен шектелмей, құрақ көрпе тігіп, ұлттық баскиімдер, қазақы ою-өрнекпен киім сәндеуді қолға алды. Осындай талпыныс тігіншіге табыс әкеле бастады. Болашақта өз тігін цехын, сән салонын ашуды ойластыруда.
– Алдағы күнге іштей құрған жоспарларым бар, – дейді Гүлжан. – Арман-тілектің тоқтаусыз жүзеге асуы үшін сапалы жұмыстар мен тұтынушыларымды көбейте беруім керек. «Бастау бизнестің» қолдауымен өз ісімді аштым, оны өрістету тек өзіме байланысты. Мақсатқа қол жеткізу үшін талмай еңбек ету керек.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аймақтық жетекшісі Дінмұхамет Жапардың айтуынша, өткен жылы Жаркент өңірінде 127 жас кәсіпкерлікке, бизнеске оқытылды, солардың арасынан 59 адам арнайы грантқа ие болып, тағы үшеуі «Ауылшаруашылығын қолдау қорынан» жеңілдетілген несие алған. Биыл тағы 210 жас бизнес білігіне оқытылуда.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы





