Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Сұлтан Дүйсембінов пен Ғалиасқар Сарыбаев облыстағы іссапары барысында Талдықорған қаласындағы бірқатар мекеменің жұмыс барысымен танысты.
– Жұмыс сапарын Қаратал ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралап, жаңадан салынып жатқан кәсіпорын жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесуден бастадық. Өңірлерде қолға алынған жақсы жобаларды көріп, шешімін күткен түйткілді мәселелерді тыңдадық. Міне, бүгін облыс орталығындағы бірнеше нысанмен таныспақпыз. Жалпы, әр өңірде бір-біріне ұқсамайтын, тез арада шешуді қажет ететін мәселелер бар. Оны көріп, білу, жағдайын бағамдау біздің алдағы жұмысымызға септігін тигізеді, – дейді сенатор Сұлтан Мырзабекұлы.
Сенаторлар облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаеваның бастауымен іссапарын облыстық көпсалалы ауруханадан бастады. Аурухананың бас дәрігері Асқар Садықов медициналық нысанның бүгінгі жай-күйін, жеткен жетістігін баяндап берді. Дегенмен де, сырты сәулетті, айналасы әдемі, іші мұнтаздай нысанның да түйіні тарқамаған түйткілдері бар екен. Әсіресе, облыстық аурухана жылу, ыстық-суық су, тағы да басқа коммуналдық шығындарды өтей алмай отырғанын алға тартып, қаржы мәселесіндегі қиындықтарды шешіп беруін халық қалаулыларынан өтінді. Депутаттар бұл мәселені заңды тұрғыда қарастырып, оң шешімін табуға қолғабыс ететінін білдірді.
Келесі кезекте сенаторлар облыстағы бірден-бір жоғары оқу орны саналатын І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне барды. Университеттің ректоры Ермек Бөрібаев білім шаңырағының соңғы жаңалықтарымен таныстырған соң І. Жансүгіров шығармашылығын зерттеумен айналысатын орталыққа, журналистика және ақпарат мамандығын оқитын студенттерге арналған студияға, нанотехнологиялық зертханасына бас сұғып, заманауи құрылғылармен жабдықталған білім беру мүмкіндігін бағамдады. Сондай-ақ, білім шаңырағының жиынжайында педагог-ғалымдармен кездесіп, ұстаздар қауымының сұрақтарына жауап берді.
Келесі кезекте сенаторлар Талдықорған қаласындағы жүзу бассейніне бас сұқты. «Әу бастағы жоспар бойынша 570 орынға есептелген олимпиадалық жүзу бассейні халықаралық стандарттарға сәйкес келеді» деп ойлап жүруші едік. Сөйтсек, оның да кем-кетігі бар екен. Нысанға жауапты басшылардың баяндауынша, бассейн жыл бойы түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар өткізуге, сол сияқты азаматтарды саламатты өмір салтына бейімдеуге, балаларды жүзуге үйретуге арналған. Қысқасы, болашақта су спортының орталығы болуына мүмкіндігі мол. Бірақ онда жүзу спортының жаңа түрлерін енгізіп, сол бойынша спортшыларды даярлауға бассейннің кейбір құрылғылары өлшемге сай жасалмаған. Басқа тұстарында да ақаулар баршылық. Оны заманға сай қалпына келтіруге тағы да қаржы керек. Бұл сұрақтарды да сенаторлар санасына іліп алды.
Соңында облыстық аурухана ұжымының жұмыс барысын көрді.
Білікті дәрігерлері мол, заманауи қондырғылармен толықтай жабдықталған нысанның жарты ғасыр бұрынғы жоспармен салынған ғимараты қызмет сапасын жақсартуға кедергі келтіріп жатқаны анық. Алдын ала болжам бойынша облыстық аурухананы толық күрделі жөндеуден өткізу үшін 20 млрд. теңгеге жуық қаражат керек. Бұл қаржыны жергілікті бюджеттің қоржыны көтере алмайды. Ал оны республикалық бюджет есебінен шешу үшін сенаторлардың көмегі қажет.
– Іргетасы 1974 жылы қаланып, 1976 жылы қолданысқа берілген емдеу мекемесінің ғимаратына содан бері бірде-бір рет жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Облыстағы қолданылу мерзімі бойынша ескі нысанның бірі саналады. 2021 жылдан бастап облыстық және қалалық әкімдік пен әр деңгейдегі мәслихаттардың қолдауымен нысанды күрделі жөндеуден өткізуге қатысты жобалық-сметалық құжатын жасау жұмысы басталған. Биыл толықтай бітеді деген ойдамыз. Бірақ күрделі жөндеу жұмысына кететін қаржы мәселесін шешу ғана қалып тұр, – дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Анарбек Моңғолхан.
Нысандарды аралап, ондағы жетістіктерге жоғары бағасын берген сенаторлар шешімін күткен мәселелердің түйінін тарқату үшін қолдан келетін көмектерін көрсетуге уәде берді.
Қажет АНДАС