Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі мен қалалық әкімдіктің мамандары бірлесіп, Сарқан қаласында орналасқан шағын және орта бизнес нысандарының маңдайша жазулары мен жарнамалардағы, яғни сыртқы көрнекіліктегі мемлекеттік тілдің дұрыс жазылуын көзімізбен көрдік. Шара аясында азық-түлік дүкендері, қоғамдық тамақтану орындары мен техникалық жөндеу орталығы және көлік жуу орындары сынды нысандар қамтылды.
Рейд жүргізу кезінде кейбір шағын және орта бизнес нысандарының иелеріне жарнамалар мен маңдайша жазуларынан анықталған кемшіліктер және де заңбұзушылықтар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ретке келтіру жөнінде ескерту жасалып, кемшіліктерді түзетуге бір ай уақыт берілді.
– Барлық шағын және орта бизнес нысандарының иелеріне көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды орналастыру тәртібін қатаң сақтау керек екенін еске саламыз, – деді аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Ақмарал Садықова.
Арнайы шара аясында бірқатар нысанды аралау барысында сіңіп қалған құлдық сананың күштілігіне таңдана, арлана отырып ұлтым деген ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлының: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деген сөзі есіме түсті. Тәуелсіз ел атанғалы қазақ тілінің көсегесін көгертеміз деп қаншама қыруар қаржы бөлінді, әдістемелік оқулықтар шығарылды, тіл оқыту орталықтары ашылды, жыл сайын қаншама арнайы іс-шара өткізіледі. Бәрібір жастарымыз шұбарлап сөйлейді. Тағы да Ахметше айтқанда «Талап – жоқ, үміт – мол бір халықпыз».
П. ЖЕҢІСХАН
Сарқан ауданы





