ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы көбімізді алаңдатқан мәселелердің шешімін көрсеткендей жазылыпты.
«Шын жақсыда жаттық жоқ» деген ұстанымға берік бабаларымыз аңсаған асыл арманның бүгінгі күні көрініс табуын бәріміз қалаймыз. Әсіресе, ата-баба тарихын асқақтату ақ патшаның қысымын неше ғасыр көрген, кеңестік қызыл империяның бодандығын 70 жыл басынан өткерген еліміз үшін өте керек-ақ. Дегенмен Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері әшейінде құнары мен байлығын айтып, үзеңгімізді үзердей шірендіретін қазақ тілінің өз тұғырына қона алмай келе жатқаны қынжылтатын. Өйткені, осыдан 29 жыл бұрын өз алдымызға ел атанып, Қазақстан Республикасының Туы мен Гербін асқақтатып, Гимнін шырқағанда Жаратқан Алла Тағаланың жәрдемімен жеткен жетістігімізге жанарға жас алып қуанғанбыз.
Алайда мемлекеттік тілдің өз елімізде өгейдің күйін кешіп келе жатқаны бүгінгі күннің шындығы. Осыны жақсы білген Қасым-Жомарт Кемелұлы мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақ-станның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады», – деп ана тілімізді білу тек қазақ халқы үшін ғана емес, осы елде тұратын барлық қазақстандықтарға керек екенін қадап айтыпты. «Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді», – деп тіліміздің мәртебесін көтеруге үн тастап отыр. Ендігі жерде осы үндеуді іліп әкетіп, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңітуіміз керек.
«Ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал». Тарихқа зер салсақ, даласындай дарқан пейілімен басына тағдыр талайы түсіп, туған топырағынан ауа көшіп келген көптеген этнос өкілдеріне құшағын ашып, бауырына басқан ұлт. Жақсылықтың өтеуі – жақсылық болуы керек. Ендеше мемлекеттік тілді білу осы елде тұратын барлық ұлтқа ортақ міндет. Шынында қашанғы мемлекеттік тілді кеңінен қолдану аясын тарылта береміз? Неге өзгелерге жалтақтаймыз? Біздің жанашыр ниетімізді басқаша ұғынатындардың ойланатын уақыты жетті. Кезінде орыс тілін білуді мәжбүрлеген кеңестік идеологияның қырсыз саясатын қолданып отырған жоқпыз. Ешкімді қинап жатпағанымыз айдан анық. Қазақ тілі Қазақстан Республикасына ғана керектігін ұмытпаған жөн.
Сондықтан Мемлекет басшысының бастамалы мақаласы көңілімізден шыққанын айтуды міндет санадық.
Аян Айтжанов,
қоғам қайраткері




