«Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі тиіс. Әсіресе ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыра түсуіміз қажет. Осы кәсіп иелері тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана қоғамымыз шынымен жаңарды деп айта аламыз», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осындай еңбек адамының бірі – Кербұлақ ауданының тұрғыны Айсұлу Орманбекова. Тамақ өнеркәсібінде тәжірибесі мол кейіпкер бала кезінен аспаздық өнерге қызығушылық танытқан. Бұл іске құмарлығы анасының арқасында ояныпты. Ол бастапқыда тамақ дайындаудағы әдіс-тәсілдерді байқай жүріп аспаздық өнердің қыр-сырына қанықты. Мектеп бітірген соң әртүрлі салат, сорпа, тағам және ұннан жасалатын тәтті өнімдер дайындауды үйренді. Бұл – үлкен өмірге дайындық іспеттес еді.
Бүгінде Айсұлу 4 баланың анасы, 6 немересінің әжесі. Ұл-қыз өсіріп, саналы тәрбие беруге көп күш жұмсады. Үй шаруасында отырса да отбасын қуантып, түрлі тағам әзірлеуден еш жалыққан емес. Оның кәсіби еңбек жолы Сарыөзек ауылының «Жібек жолы» дүкенінде бастау алған. Онда 9 жыл кассир болып жұмыс істеді. Ал қазір «Dastarhan» нан-тоқаш өнімдері мен жартылай фабрикат шығаратын жеке кәсіпорында 2013 жылдан бастап әкімші қызметін атқарады. Онда тұтынушылардың тапсырысымен бауырсақ, шелпек, тоқаш, тұшпара, самса, чебурек сияқты тағамдар дайындайды.
Айсұлу Молдаханқызы теориялық білімін істің игілігіне қолдану үшін үнемі біліктілігін арттырып отырады. Осы мақсатта Астана, Шымкент, Тараз қалаларында өткен шеберлік сабақтарына қатысып, шыңдалып қайтты.
Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Кербұлақ ауданы





