Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы құрылыс жөніндегі салалық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиында кәсіпкерлер өздерін мазалаған мәселелерді талқылап, құрылысшылар одағының өткен жылы атқарған жұмыстарының есебін тыңдады. Талқылауға себеп болған басты мәселенің бірі – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 2025 жылғы 14 тамыздағы №322 бұйрығын іске асыруға байланысты қиындықтар болды. Осы нормативтік-құқықтық акт өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, ретке келтіру және техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға қойылатын рұқсат беру талаптарын регламенттейді.
Кәсіпкерлердің пікірінше, қолданыстағы талаптарды сақтаған жағдайда кәсіпорындардың бір бөлігі өз қызметін жалғастыруда белгілі бір қиындықтарға тап болуы мүмкін. Осыған байланысты олар бұл өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау және оларға қызмет көрсету жөніндегі жұмыстардың орындалу қарқынына әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық білдірді. Сонымен бірге кәсіпкерлер әкімшілік кедергілерді жою бойынша өз көзқарастарымен бөлісті. Айтылған ұсыныстар құрылыс жөніндегі кеңестің хаттамасында көрініс тапты.
Бизнес-қоғамдастық бұйрықты қолдану тәртібін түсіндіру, өтпелі кезеңді ұзарту, жекелеген талаптарды түзету, сондай-ақ, құжаттар берудің баламалы тетіктерін қамтамасыз ету шараларын ұсынды. Құрылысшылар одағының қызметі туралы оның өкілі Жамбыл Ахметбеков баяндады. Айтуынша, бүгінгі таңда құрылысшылар одағының құрамына 1650-ден аса компания және республиканың барлық аймағынан 500 мыңға жуық маман кіреді. Өткен жылы құрылысшылар одағы 50-ге жуық іс-шара өткізіп, 145 кеңес өткізген. Құрылысшылар одағының отырыстарында қаралған 620-дан аса өтініш уәкілетті органдарға жіберіліп, 9 жүйелі мәселе шешілген. Ынтымақтастық туралы 4 меморандумға қол қойылып, 2 баспасөз конференциясы өткізілген.
– Құрылыс саласының және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сарапшыларымен бірлесе атқарылған жұмыстарының нәтижесінде жобалық құжаттаманы түзету кезінде мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның актісі алынып тасталды, «EcoQolday» жүйесі аясында қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу шығындарын субсидиялау қамтамасыз етілді, – деді Жамбыл Ахметбеков.
Сондай-ақ, ол сәтті бастамаларға назар аудара отырып, үлестік құрылыс саласында қылмыстық жауапкершілікті енгізу туралы ұсыныстың алынып тасталғанын және талшықты-оптикалық желілерді міндетті түрде төсеу туралы талап етілгенін айтты. Соңында кәсіпкерлер көкейтесті сауалдарына жауап алып, нормативтік талаптарды жетілдіруге және саланың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстар әзірленді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





