«Astana Qazaqstan Team» командасының көшбасшысы, британиялық шабандоз Марк Кавендиш «Тур де Франстың» 8 кезеңінде мәреге 60 шақырым қалғанда қақтығысқа тап келіп, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды. Оны жедел жәрдем көлігі алып кетті.
Сондай-ақ шабандоздың қандай жарақат алғаны белгілі болды.
«Марк Кавендиштің оң жақ бұғана сүйегі сынды. Сонымен қатар, сынық салдарынан акромиоклавикулярлық буындағы остеосинтез бұранда (ол 2017 жылғы Тур де Франс жарысындағы апаттан кейін қойылған) босап қалды», — деп хабарлайды команданың баспасөз қызметі.
Осыдан бір күн бұрын жарыстың жетінші кезеңінде Марк Кавендиш 2-орынға ие болған еді.
Луис Леон Санчес. Фото — astana-qazaqstan.com
Кавендиштен бөлек «Астананың» тағы бір шабандозы 4-кезеңде жарақат алып, жарысты мерзімінен бұрын аяқтаған. Луис Леон Санчестің сол жақ мықын сүйегі сынды. Осылайша Франциядағы велокөпкүндікте «Астана» сапынан Алексей Луценко, Евгений Федоров (екеуі де Қазақстан), Джанни Москон (Италия), Давид Де Ла Круз (Испания), Кейс Бол (Голландия), Харольд Техада (Колумбия) сынды 6 шабандоз қалды. .






