Халық игілігі үшін күйіну, қарекет ету азаматтық іс. Еткен еңбегім елім үшін дейтін ерлер бүгінде некен-саяқ. Ұрпақ қамын ұлағатты жандар ғана ойлайды. Елдің егемендігіне сүбелі үлес қосуды борышым деп таныған тұлғадан асқан қадірлі кім бар?!
Ұрпақтың қара танып, сауатын ашуына үлес қосып жүрген жандардың бірі – Әнуар Қабдолдаұлы. Ол «Тәуелсіздік әліппесі» атты балаларға арналған әліпбиді жаңаша форматта жасап шығып, қазіргі уақытта соны насихаттаумен айналысып жүр. Айтуынша, бұл нұсқаны жасауға 8 жылын сарып етіпті. Оның ісін республикадағы белгілі педагогтар қолдап, әліпбиге оң көзқарас танытқанын айтады.
Автордың «Тәуелсіздік әліппесін» шығарудағы басты мақсаты мектепке дейінгі бүлдіршіндердің тәуелсіздік құндылықтарынан тәлім алып өсуіне жол ашу. Сонмен қатар, олардың таным қабілеттерінің кеңеюіне септігін тигізеді деген сенімде.
Аталған әліппенің тұсаукесері Талдықорғандағы №42 балабақшада ұйымдастырылды. Шараға шаһардағы балабақша қызметкерлері қатысып, салтанатты жиынның куәгері болды. Жиында облыстық оқу-әдістемелік дамыту орталығының мектепке дейінгі мекеме бөлімінің әдіскері Мақпал Асқарқызы сөз алып, лебізін білдірді.
Айта кетейік, әліпбиде 29 әріп көрсетілген. Ол жерден қазақы нақыштағы бейнелерді аңғаруға болады. Бүлдіршіндердің тез түйсінуі үшін ондағы суреттер айрықша қанық бояулармен әрленген.
Шара барысында балабақша шәкірттері концерттік қойылым қойды. Ән шырқап, би биледі. Жаңа әліпбидегі әріптерді хормен әуендете шырқап, жиынға қатысушыларға көтеріңкі көңілкүй сыйлады.
М. ОРАЛБЕКҰЛЫ





