Талдықорған политехникалық колледжінде мектеп оқушылары арасында «Worldskills Juniors ZHETYSU» атты аймақтық жарыс өтті.
Аталмыш колледждің мұрындық болуымен өткен сайыстың мақсаты – балалардың ІТ технологияны меңгеруге деген қызығушылығын арттыру.
Шараның ашылу салтанатында Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің директоры Еркат Мұқажанов, қалалық білім бөлімінің басшысы Роза Барманова сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Дода «Графикалық дизайн», «Веб технология», «Заттар интернеті», «Бейнемонтаж», «Фотосурет», «Прототиптеу» және «Бизнеске арналған ІТ шешімдер» сынды 7 бағыт бойынша өрбіді. Оқушылар баннер, сайт, бизнеске арналған фильмдерден қысқаметражды трейлер дайындау сынды түрлі сайыстарға түсіп, өзара мықтыны анықтады. Жеңімпаз атану үшін оқушылар барын салды.
Сайыс қорытындысы бойынша Ақерке Ақынқызы «Бейнемонтаж», Евгений Дикун «Графикалық дизайн», Санжар Абдурахманов «Веб технологиялар» бағытында топ жарды. Ал Арыстанбек Бабаш «Заттар интернеті», Данил Аверин «Прототиптеу», Әмірлан Әлмұханбет «Бизнес үшін IT шешімдер», Азамат Қабытай «Фотосурет» бағыты бойынша жеңімпаз атанды.
Айдар ҚАЛИЕВ,
Алматы облысы





