Қарапайым тұрмыстық эксперимент ресми инфляция көрсеткіштерін тағы да растады. Қазақстан азаматы 2024 жылдың басында супермаркеттен азық—түлік сатып алып, түбіртегін сақтап, араға бір жыл салып, дәл сол өнімдерді қайта сатып алған. Нәтижесінде, азық—түлік себетінің құны 21%—ға қымбаттағаны анықталды. Бұл дерек әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілікті таңғалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Азық—түлік инфляциясы расталды
Бағаның ең үлкен өсімі халық жиі тұтынатын негізгі азық-түліктерден байқалды:
Пияз – 74 теңгеден 144 теңгеге дейін (өсім – шамамен екі есе);
«Цесна» ұны – 803 теңгеден 1067 теңгеге дейін;
Тауық филесі – 2589 теңгеден 2693 теңгеге дейін;
«Макфа» қарақұмық жармасы – 765 теңгеден 799 теңгеге дейін;
Күріш – 1155 теңгеден 1199 теңгеге дейін.
Бір қарағанда, кей өнімдердің қымбаттағааны аса қатты байқалмауы мүмкін. Алайда күнделікті шығындарға келгенде мұндай өсім айтарлықтай ауыртпалық салатыны сөзсіз.
Бағасы өзгермеген өнімдер де бар
Азық-түлік бағасы жаппай қымбаттағанымен, кейбір тауарлар бағасын тұрақты сақтап қалған:
«Макфа» макароны – 447 теңгеден 445 теңгеге дейін аздап арзандаған;
Қияр – 995 теңгеден 989 теңгеге төмендеген.
+7023 теңге
2024 жылы азық-түлік себетінің жалпы құны 33 249 теңге болса, 2025 жылы дәл сол өнімдер үшін 40 272 теңге төлеуге тура келген. Яғни, бір жылда баға 7023 теңгеге, яғни 21%-ға өскен.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл деректерге ерекше назар аударып, соңғы жылдардағы азық-түлік бағасының бақылаусыз қымбаттауына алаңдаушылық білдірді. Көпшілік билік тарапынан нақты шаралар қабылдануы керектігін айтып, пікір қалдырды.
Коллаж: Ulysmedia.kz