Ала жаздай тіршілік қамымен шаруа басында жүрген қарапайым халық қыстың қаталдығын да естен шығармауы керек. Алдағы қара күздің соңы қақаған аязға ұласса қатты отынға деген қажеттілік артады. Сондықтан тамылжыған тамызда арқаны кеңге салмай, қарапайым жұрттың қамданғаны жөн.
Осыған орай жылыту маусымына дайындық жұмысы бойынша, Көксу өңіріндегі жауапты мамандармен пікірлестік. Олардың айтуынша ауданның қатты отынға қажеттілігі 29295 тоннаны құраса, қазіргі таңда өңір тұрғындары 8579 тонна көмірмен қамтылған екен. Алдағы жылыту маусымына аудан халқының 29,1 % -ы ғана дайын дейді.
Аудандағы қатты отын қоймаларында бүгінгі күнге 3975 тонна қатты отын бар. 8 жарым мың тоннаның 1128 тоннасы халықтың өткен жылдан қалған қатты отын қоры.
Осы жылдың сәуір айынан тамызға дейін өңірге 7866 тонна көмір жеткізілген.
Қою бұлтын бүркіп келіп қара жерді тоңға орайтын күздің суығы мен қыстың аязына да аз қалғанын, соған қарамастан аудан тұрғындарының 29,1% ғана қатты отынмен қамтылғанын ескерсек, өңір азаматтарына жедел қам қылу керегін байқаймыз. Бұл орайда уәж айтқан аудан мамандары: «Тұрғындардың көбі оқу жылы басталған соң көмірмен қамтамасыз етілетінін хабарлап отыр. Себебі, бір отбасыда мектепке баратын 3-4 оқушы болғандықтан қазіргі таңда мектеп құралдарын түгендеу үстінде», – дейді. Оған қоса, аудан тұрғындарына қатты отын тапшылығы дүрбелең тудырмас үшін бүгінгі күннен бастап дайындықты бастау керектігі жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізіп, жылыту маусымына дайындық өз деңгейінде екенін атап өтті.
Арда БИ





