Бүгінде заманауи дамыған ең жақсы жоғары оқу орнында білім алып, нарықтағы сұранысқа лайықты мамандықтың иегері болу әрбір жастың арманы. Қазіргі қазақ жастарының, әсіресе, ауыл балаларының білім мен ғылымды игеруге құлшынысы өте зор. Оны біздің Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінде оқитын білімгерлерден байқауға болады. Мұнда оқитын жастардың басым бөлігі – туған жердің тынысын, ғажайып ауылдың табиғатын жастайынан көріп, біліп өскен ауылдың түлектері. Сол себептен, кіндік қаны тамған ауылға адал қызмет етуді таңдайтындары анық.
Қазақстанда 6293 ауылдық елді мекен бар. Ел халқының 7,7 миллионы немесе 40 пайыздан астамы осы жерлерде тұрады. Ауыл халқы жас жағынан қала тұрғындарына қарағанда едәуір жас. Мысалы, 2022 жылдың басында ауылда 65 жастан асқандар үлесі – жалпы халықтың 7,5 пайызын, қалада 8,6 пайызын құрады. Яғни, ауылдық жерлерде жастардың саны басым. Бірақ, оларды ауылға тұрақтандыру, жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі әлі де күрделі.
Бұл тығырықтан шығудың басты жолы – агроөнеркәсіп саласын жүйелі дамыту, елді мекендердегі инфрақұрылым жүйелерін заманауи талаптарға сай жаңғырту. Тұрғындарды таза ауызсу, жарық, газбен қамту, жол қатынасын реттеу, мектептер мен ауруханалар, спорт алаңдарын салу, қолжетімді байланыс пен интернет желісін дамыту сияқты мәселелердің мемлекет назарында тұруы заңдылық.
Мемлекет басшысы өзінің кезекті Жолдауында «Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін көтеру үшін елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды қолға алуды тапсырамын. Ал, жоғары оқу орындары осы мамандарды сапалы даярлауына жауап беруге міндетті» дегені бәрімізге мәлім.
Ауыл шаруашылығын көтеру үшін осы салаға мамандар даярлау, соның ішінде бәсекеге қабілетті, инновациялық технологияларды толық меңгерген жаңа буын кадрларды оқытып, тәрбиелеуіміз қажет. Бұл бағытта елімізде ең алғашқы ашылған жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің алар орны ерекше. Құрылғаннан бергі 93 жылда 150 мыңнан астам білікті маман даярлап, саланың дамуына қомақты үлес қосып келеді. Соның ішінде 25 Социалистік Еңбек Ері, 70-тен аса Парламент депутаты, көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, ғылым мен агроөндіріс кешенінің басшылары, 12 мыңдай академик, доктор және ғылым кандидаты, басқа да мамандар ел игілігі үшін абыройлы қызмет етіп келеді. Мен де сол түлектердің бірімін. Осы уақытқа дейін жасаған еңбегім, жеткен жетістіктерім осы университетте алған білімім мен тәжірибемнің арқасы деп білемін.
Университетімізде қазіргі таңда 6 факультет, әр факультеттің өзіндік бағыттарына сәйкес білім беру бағдарламалары бар және білім алушылар әлемдік стандарттарға сай (бакалавриат, магистратура және докторантура) үш деңгейде дайындықтан өтеді.
Олар: Агробиология, Технология және биоресурстар, Инженерлік-техникалық, Ветеринария, Су, жер және орман ресурстары, Бизнес және құқық факультеті.
Университеттің негізгі мақтанышы – оның түлектері. Олардың көпшілігі ірі шаруашылық, өндіріс орындарын ұйымдастыру және басқару ісінде, облыстық және республикалық дәрежеде, алыс және жақын шетелдерде түрлі қызметтер атқаруда. Бүгінде ҚР Президент әкімшілігінде, Үкімет пен Парламентте, министрліктер мен комитеттерде, ғылыми-зерттеу институттарында, өңірлік жер, су, орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінде ел игілігін еселеуге үлес қосып жүрген әріптестеріміз жеткілікті.
Біздің университет білім беру саласындағы кадр дайындаушы жоғары оқу орны ғана емес, сонымен қатар, агроөнеркәсіп саласын дамыту мақсатында өзекті ғылыми жобаларды орындап, оның нәтижесін өндіріске енгізу, ғылыми жетістіктерді, инновацияларды құру және дамытудағы көшбасшы орталық болып саналады. Бір ғана мысал, университет ғалымдарының қатысуымен «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығы базасында дақылдардың 15 түрі бойынша 100-ден астам жоғары өнімді сорты отырғызылып, жергілікті климаттық жағдайға беймделді.
Қазір көптеген ауылшаруашылық өнімдерінің тұқымын, көшетін шетелден аламыз. Шындығына келсек, Қазақстан осы өнімдермен өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына ықпал ету үшін, үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздестіру, тарту және енгізу мақсатында АҚШ, Нидерланды, Италия, Қытай, Ресей сияқты елдермен нақты ғылыми жобалар шеңберінде ашылған 4 ғылыми-зерттеу институты, 8 инновациялық орталық, 49 заманауи зерттеу зертханасы, 18 халықаралық зерттеу орталығын біріктірген Агротехникалық Хаб жұмыс істейді.
Агрохабта ең сәтті жүзеге асырылған жобалардың бірі – «UAV GROUP». Жас ғалымдар ұшқышсыз басқарылатын, бортында арнайы сенсорлары бар аппараттардың көмегімен жерді қашықтықтан зондтау әдісін енгізді. Зерттеу нәтижесінде алқаптардың интерактивті карталары жасалынды. Бұл технологиялар фермерлерге тыңайтқыштарды, гербицидтерді қолдануды оңтайландыруға көмектеседі, дақылдардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Корнелл университетімен бірге 2019 жылы ашылған «Өсімдіктерді микроклоналды көбейту» зертханасында 3 миллион данаға дейін бактериалдық күйікке және басқа да ауруларға төзімді жаңа көшеттер алынады.
Сондай-ақ, қазіргі заманғы ең озық 75 трактор, комбайн және басқа да ауыл шаруашылығы техникасымен толықтырылған Қазақстан-Беларус агроинженерлік-инновациялық орталығы, 14 зерттеу лабораториясын қамтитын Халықаралық Су хабы университет ғалымдарына халық- аралық, ұлттық ғылыми жобаларды орындауға және олардың нәтижелерін өндіріске енгізуге мүмкіндік берді.
Жыл сайын университеттің 700-ден астам студенті шаруашылықтарда 7 айға дейін тәжірибенің барлық түрінен өтеді, бұл оларға инновациялық технологияларды – «шикізаттан дайын өнімге дейін» толық меңгеруге мүмкіндік береді.
ҚазҰАЗУ осы қалыптасқан өзіндік ғылыми мектебін, заманауи технологиялық әзірлемелері мен кадрлар даярлаудың озық жүйесін қалыптастыруды одан ары дамытатын болады.
Сонымен қатар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары шет мемлекеттердің озық жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтіп, өз білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алып отыр. Мәселен, қазіргі уақытта АҚШ, Нидерланды, Словакия аграрлық университеттерінде бірнеше докторант, Стамбул және Шығыс Финляндия университеттерінде ветеринария факультетінің 25 студенті білім алуда.
Университет ұстаздармен қатар АҚШ, Қытай, Польша, Ресей және басқа шетелдердің үздік ғалымдары да келіп (немесе онлайн форматта) дәріс береді.
Бүгінде жүйелі жұмыстар нәтижесінде университет 9 ұлттық және халықаралық рейтингте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Қазіргі уақытта QS рейтингісінде әлемдегі ең үздік 5 мың университеттің арасында 481-ші орынды, QS Азия аймақтық рейтинг бойынша ТОП 200 үздік университеттер қатарында 162-ші, Орталық Азия университеттері арасында 5-ші орынды иеленді.
Мақсат – 2024 жылға қарай QS-400 рейтингі бар әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университеті атану. Ол үшін білім-ғылыми инфрақұрылымдарды кеңейту, көшбасшылық қасиеттерді, стратегиялық бастамалар мен инновацияларды ынталандыруға бағытталған тиімді менеджментті дамыту – басты назарымызда болмақ.
Адам баласы тек білім-ғылым арқылы ғана дүниені таниды, табиғаттың құпия сырларын ашады, техниканы өрістетеді, қоғамды ілгері бастырады. Болашағын айқындап, келешекке бағыт белгілейді.
Осы орайда, Алматыда жоғары білім алғысы келетін ұл-қыздарымыз аз емес. Бұл ретте, мектепті үздік бітірушілер, пәндік олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздары, талантты балалар университетімізге жеңілдікпен қабылданатынын айтқым келеді. Оқу орнында білім алушылар үшін барлық жағдай жасалған. Жастарды жан-жақты кемелденген тұлға етіп тәрбиелеу бағытында Олжас Сүлейменов атындағы орталық, «Таза планета» ғылыми-танымдық орталығы, Студенттердің өзін-өзі басқару ұйымы, «Зиялы қазақ» студенттік дебат клубы, «Аялы алақан» қайырымдылық ұйымы, «Жайдарман» көңілділер мен тапқырлар клубы, А. Жұбанов атындағы оркестр, «Алтын дән» вокалды-аспапты ансамблі, спорттық үйірмелер тұрақты жұмыс істейді. 10 студенттік үй әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсетеді.
Әрине, оқу диплом алумен аяқталмайды. Ол өмір бойы жалғасатын, толыға беретін асыл қазына. Тек өз ісінің нағыз маманы ғана ЖОО-да алған білімін, тәлім-тәрбиесінің нәтижесін өмірде, нақты істерде қолдана алады. Аграрлық университеттің барлық түлектері осыны жақсы түсінеді деп ойлаймын. Олардың өз ауылдарына барып, алдыңғы қатарлы маман ретінде елге қызмет қылуын бәріміз қалаймыз.
Әрине, ол үшін жастарды ауылдық жерлерде тұрақтандыру мәселелерін мемлекеттік деңгейде қарастыруды, алыс аймақтарда әлеуметтік, мәдени шараларды ұйымдастыруды, спортпен айналысу мен жастардың рухани өсуін тұтас қоғам болып бірлесе ойластырғанымыз жөн.
Бұл абыройлы міндетті жүзеге асырудың түпкі мәні – еліміздің ауыл шаруашылығын жаңа биіктерге көтеру.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің
басқарма төрағасы-ректоры,
ҚР ҰҒА академигі





