Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, ҚР АШҒА академигі Виктор ӘБДІЛДАЕВ 80 жасқа толып отыр. Виктор Сұлтанұлы Кербұлақ ауданы Көксу ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтын бітіріп, Қарағанды облысы Ульянов ауданындағы «Бабаев » ұжымшар бөлімшесінде агроном болып еңбек жолын бастады.
1967–1968 жылдары республикалық картоп және көкөніс өсіру тәжірибе стансысының картоп тұқым шаруашылығы бөлімінің лаборанты болып жұмысқа орналасты. Бір жылдан соң әскер қатарына шақырылып, Кеңес Армиясында қызмет етті. Виктор Сұлтанұлы көп оқып, көп ізденді. Соның арқасында қызметте сатылап өсті. Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ картоп тұқым шаруашылығы бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, ҚазККШҒЗИ аспиранты, кейіннен селекция және тұқым шаруашылығы мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, ҚазККШҒЗИ-дің аға ғылыми қызметкері атанды.
Алматы және Жамбыл облыстарында да еңбек етіп, өзін жақсы қырынан таныта білді. Бас агроном картоп, басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде талай биікті бағындырды. Басшылық қызметтер де атқарған. ҚР АШМ көкөніс-бақша дақылдарын өндіру және интенсификация бөлімінің жетекшісі, кейіннен тұқым шаруашылығы және картоп биотехнологиясының бөлімін басқарды. «Оңтүстік-Шығыс Қазақстан жағдайындағы картоптың вируссыз тұқым шаруашылығы» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Шағын түйнектерді өсірудің далалық технологиясын ойлап тапты. Бес жылға есептелген картоп тұқымы бойынша алғашқы жобаны мемлекеттік тілде жазды.
Виктор Сұлтанұлының басшылығымен Қазақстан картоптарының тұқым шаруашылығы жүйесі әзірленіп, картоп және бақшалық көкөніс дақылдарының бірегей және элиталық тұқымдарын өндіруші мәртебесін алу үшін алғаш рет құжаттар топтамасы ресімделді. Өндіріске инновациялық технологияларды енгізудің бастамашысы да бола білді. Оның қызметі жайында «Қарасай ауданының азаматтары» кітабында жарық көрді. Сондай-ақ, оның әртүрлі отандық және шетелдік журналдарда жүзден аса ғылыми еңбектері жарияланып, үш кітап, алты ұсыныстың авторы атанды.
2005 – 2011жылдары ҚазККШҒЗИ-дің картоп тұқым шаруашылығы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері болса, бүгінгі таңда ол «ҚазККШҒЗИ» ЖШС «Қайнар» аймақтық филиалының ғылыми кеңесшісі қызметін атқарады.
Айгүл Байбосынова
Қайнар ауылы,
Қарасай ауданы





