Самал Сауатқызы. І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің екі шет тілі мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын өзі білім алған Талапты орта мектебінен бастады. Қазір ауыл балаларына ағылшын тілінен сабақ береді.
– 11 жыл білім алған алтын ұя мектебімдегі ұлағатты ұстаздарыммен әріптес болу мен үшін үлкен бақыт. 1 қыркүйекте алғашқы қоңырау үнін тағы бір мәрте естідім. Бұл сыңғырлаған күміс үн маған балалық шақтың қоңырауындай емес, үлкен әрі жауапкершілігі мол оқу жылының басталғанын сезіндірді. Өзім білім алып, қанат қаққан мектебімде мұғалім болу – ұлағатты ұстаздарымнан жылулық, мейірімділік сезіну дер едім. Мен оқушыларға «апай» болсам да ұстаздарым үшін әлі де «оқушы Самал» екенімді сезінемін, – дейді жас ұстаз.
Оқушыларының әлемдік тілді үйреніп, еркін сөйлеп, еліміздің атын шығарғанын армандайтын мұғалім «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Әбу насыр әл-Фараби бабасының нақыл сөзін басты ұстаным еткен. Жас маман ұлттық құндылықтарды оқушы бойына сіңіру қажеттігін жиі айтады. «Шет тілінен сабақ бергендіктен, қанша жерден ағылшын тілін насихаттасам да, қазақ тіліне деген құрметті бірінші дәріптеймін. Біздің өскелең ұрпақ ең бірінші ана тілін еркін меңгергендері жөн. Себебі, қазақтай текті халықтың ұлағатты ұрпағы таза ана тілінде сөйлеуге міндетті», – дейді жас ұстаз.
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!– деп жетпеген жеңісіне, орындай алмаған арманына, артында қалған жастардың жететініне нық сенім білдірген Мағжан Жұмабаевтың сенімін сөзбен емес, іспен көрсетуге талпынған жас маманның әр ісіне «Сәттілік!» тілейміз.
Еңлік КЕНЕБАЙ





