Жетісу өңірінің Бренд-комитеті «Бір ауыл – бір өнім» жобасының үздіктерін анықтады. Ақтық сынға жолдама алғандар Астанада бақ сынайды. Бұл кәсіпкерлер үшін өнімін халықаралық нарықта Қазақстанның брендіне айналдыруға үлкен мүмкіндік.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы биыл жыл басында іске қосылды. Мақсаты – ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау, бизнес-идеяларды дамыту және табиғи өнім өндіру, ауылдағы жұмыссыздықты азайту. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы басқарушы директорының міндетін атқарушы Сания Наурызбаеваның айтуынша, негізгі шарт – жергілікті шикізаттың барынша көп болуы. Брендтік-комитет пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алдағы міндеті – тауар өндірушілерге өндірісті кеңейтуге, қажетті құжаттар мен сертификаттар алуға, тауарларды әлемдік нарықта Қазақстанның брендіне айналдыруға көмектесу.
– Біз ұйымдастырған көрмеге 40 адам қатысты. Өнімдерге сұранысты, олардың сапасы мен таныстырылымын бағалау үшін «Бір ауыл – бір өнім» жобасына әлеуетті қатысушыларды іріктеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Олар 10 үздікті анықтады. Алдағы уақытта 16 адамнан тұратын брендтік-комитет құрылып, жергілікті халықтың кең ауқымы ғана емес, туристер де ерікті түрде ала алатын шағын өнімдерді шығаруға ден қоямыз, – дейді Сания Наурызбаева.
Бұл жобаға қыз-келіншектер де өтініш білдіруде. Олар табиғи косметикалық және кірсабындар, құрттың алуан түрлері, дайын салаттар, саз балшықтан және гипстен жасалған кәдесыйлар, киізден жасалған ұлттық бояудағы киім-кешек пен тұрмыстық бұйымдарды ұсынды.
Ақсу өңірінен келген сабын жасаушы Нұржанет Ердәулет өз өнімдерін өндіруде бие сүті мен майын, табиғи шөптер мен бояуларды пайдаланады. Бүкіл әлем бүгінде күнделікті өнімдердің экологиялық тазалығын жоғары бағалайтындықтан оның өнімдерін сатып алғысы келетіндер көп болды. Ол көрмеде қытайлық сауда компаниясымен 6000 дана косметикалық сабынға келісімшарт жасап үлгерді. Табиғи майлар мен емдік шөптердің хош иісті сығындыларын Сарқан өңірінің сабын жасаушысы Юлия Фисюкова пайдаланады.
– Өнімнің сапасы жоғары болуы үшін біз барлық зерттеулерден өттік. Қажетті сертификаттар алдық. Сатып алушылар мен туристер сабынның түсін, сауда эмблемасын көре алатындай қаптама таңдалды, – дейді Юлия.
Ал Алмагүл Мұратбек қазір Ескелді ауданы, Қаратал ауылында тұрады. Ол табиғи зефир өндірісі бойынша бизнес құру үшін Алматыдан үлкен бақшасы бар ауылдық үйге көшіп келген. Кәсіпкер дәрумендер мен минералдарға бай өнім қант, бояғыштар мен консерванттар қолданылатын тәттілерге, мармеладқа және сағызға қарағанда әлдеқайда жақсы деп санайды. Өйткені балалар тәттілерді жақсы көреді. Ал олардың ағзасына пайдалы, табиғи өнім қажет. Көрмеге қойылған өнімдердің барлығы табиғи жергілікті шикізаттан жасалған.
Өнімдерді талқылау мен дәм тату қорытындысы бойынша брендтік комиссия финалға 3 қатысушы ғана емес, 3 топ бойынша шығуы керек деген қорытындыға келді. Өйткені кейбір іскер әйелдердің өнімдері бірдей. Олардың әрі қарай оқуы да сол бағытта болады.
Айдар НАЗАРҰЛЫ





